«АЖ» поштасына Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы автобекет басында асфальттың болмауынан жолдың ми балшыққа айналып жатқаны жөнінде бейнежазба келіп түсті.
– Қаламызға келгенде ең бірінші көзге түсетіні – біздің автобекет. Мұнда бірде-бір асфальт төселген жер жоқ. Аяқ басар құрғақ жер таппайсың. Ең болмағанда, бекет басында әжетхана да жоқ, - дейді тұрғындар. – Келген қонақтардан ұят, биліктің бұлай немқұрайлы қарауы бізге, құлсарылықтар үшін қорлық.
Автобекет те, оған іргелес аумақ та жекенің иелігінде екен. Бұл автобекетті «БатысТехИнвест» ЖШС 2019 жылдан бері жалға алып отырған көрінеді.
- Осы жылдың сәуір айында асфальт төседік. Алайда барлық маршрут осы жерден өтетіндіктен жолымыз тағы бүлінді, - дейді автобекетті жалға беріп отырған «Теңізавтокөлік» ЖШС директоры Қасиет ҚАЛДАШОВ. - 2024 жылы автобекет басындағы жолды қайтадан асфальттап, қалыпқа келтіреміз деп отырмыз.
Айтпақшы, автобекет арқылы ауылдарға 6, ал қала басына 12 бағытта маршрут жүретін көрінеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба