Киев қажет деп тапса, Эстония өз елінде тұрып жатқан украин азаматтарын мобилизациялауға көмектесуге дайын. Бұл жөнінде Азаттық радиосы Эстония ішкі істер министрі Лаури Ляэнеметске сілтеме жасап мәлімдеді. Оның сөзінен Postimees сайты үзінді келтіреді.
Министрдің сөзінше, Эстонияда әскер жасындағы шамамен 7500 украин азаматы тұрады, бірақ барлығы мобилизациялауға жатады деп айтуға келмейді. Оның сөзінше, елде баяғыдан бері тұрып келе жатқан украин азаматтары әскерге шақырылмайды, тек Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін осы елге келіп, ықтиярхат алғандар әскерге әкетілуі мүмкін.
"Бұл азаматтардың қайда тұрып жатқаны жөнінде бізде ақпарат бар. Оларды Украинаға жеткізуге көмектесуге дайынбыз" деді министр.
Ол екі ел арасында тиісті келісім жасалуға тиіс деді.
Қазір Эстония заңы бойынша шетел азаматы өз елінде қылмыстық жауапкершілікке тартылып, іздеу салынса ғана Таллинн оны еліне қайтара алады. Оның айтуынша, әзірге Украина Таллиннен елдегі украин азаматтарын мобилизациялауға көмектесуді сұрамаған.
Украинада кейінгі кездері майдандағы жағдайға байланысты мобилизация қажеттігі айтылып келеді. Украина әскер жасындағы ер адамдарға шетелге шығуға ресми түрде тыйым салған. Ал қазір шетелде әскерге шақыруға жарамды көп украин азаматы тұрып жатыр.
21 желтоқсанда Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров барлық азаматтарды Украина қарулы күштері қатарына қосылуға шақырған. Бір күн бұрын Умеров әскери комиссариатқа келу қажеттігі жөнінде хабарламаларды электронды түрде жіберу жағын қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, тиісті шешім қабылданса, мұндай хабарламалар шетелдегі украин азаматтарына да жіберіледі.
Жуырда ЕО саммитіне аккредитациямен келген "24 арнаның" тілшісі, украиналық тележүргізуші Алексей Печий Брюссельден Украинаға қайтпайтынын мәлімдеген. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында "оңай емес шешім" қабылдағанын жеткізіп, өзін сол үшін айыптайтындар табылатынын, алайда Батыс Еуропада Украинаның мүддесін қорғайтынын жеткізген. Алексей Печий жұмыс істейтін холдинг тілшінің әрекетін айыптады. Печийді сонымен бірге көп журналист мен әлеуметтік желі қолданушылары да кінәлап сөкті.