Бірнеше жылдан бері X-Factor телемузыкалық жобасы Қазақстанға талантты орындаушыларды танытып келеді. 2023 жылы оныншы мерейтойлық маусымда 18 жастағы жерлесіміз Сұлу КӨБЕЙСІН жобаның финалына жолдама алды. Тәлімгері - қазақстандық танымал әнші Дильназ АХМАДИЕВА.
Финалға қызу дайындалып жүрген Сұлумен «АЖ» тілшісі тілдескен еді.
– Жобаға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз?
– Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің 2 курс студентімін. Эстрадалық вокал бөлімінде оқимын. Бала кезімнен музыкаға әуес болдым, жобаға кастинг өтетінін білген соң өзімді сынап көрейін деп ұйғардым. Іріктеу сынында өте күрделі «Толғау» әнін таңдап, қазылар алқасының үшеуінен де «иә» деген баға алдым. Осылайша жаттығу лагеріне екінші кезеңге өтіп, кейін Дильназ Ахмадиеваның командасына түстім.
- Финалға дайындық қалай жүріп жатыр, қандай ән орындайсыз?
- Жартылай финалда мені финалға әкелген «Killing Me Softly» әнін орындадым. Толқыдым, бірақ өзімді қолға алдым. Ал 30 желтоқсанда бізді қорытынды концерт күтіп тұр, оған жеткеніме өте қуаныштымын. Біздің командадан Ұлпан Жұмабек пен Марал Мұхтаров та финалға өтті. Финалда барлығы 9 қатысушы бар, әр тәлімгердің командасында үш қатысушыдан бар. Қазір қызу дайындалып жатырмыз, турбо режимінде деп айтам. Біз күн сайын вокал, хореографиямен айналысамыз, репетиция жасаймыз. Нақты қандай әнді айтатыным жерлестерім атыраулықтар үшін тосын сый болсын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, финалға өткен барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, сондай-ақ қолдау көрсеткен жақындарыма және туыстарыма, сүйікті қалам Атырауыма шексіз алғысымды білдіргім келеді!
Сұлудың анасы Гүлзат ЖҰМАШЕВАМЕН де сұхбаттасқан едік.
- Ол финалға өткен күні жұбайым екеуміз залда отырып, қызымызбен бірге толқыған сәттерді бастан өткердік. Бұл зор еңбек, көп жұмыс атқарылды. Сұлудың осы жолдан сүрінбей өтіп, ақтық сынға абыроймен шыққанына өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға және байқау барысында бізді қолдаған барша жандарға алғысымды білдіремін.
«АЖ» редакциясы Сұлу Көбейсінге X-Factor жобасында жеңіске жетіп, бас жүлде 5 миллион теңгені ұтып алуына тілектестік білдіреді. Біз Атырау өңірінің барша тұрғынын жерлесімізге бірауыздан дауыс беруге шақырамыз, өйткені енді бәрі де тек телекөрермендердің берген дауысына байланысты болмақ. Қорытынды концерттер 30 желтоқсаннан бастап, әр сенбі сайын Еуразия бірінші арнасында сағат 18:00-де (Атырау уақытымен) болады.
Болашақта талантты жандарға бай Атырау өңірінің абыройын асқақтатып, эстрада жұлдыздарының қатарынан орын алуы мүмкін бұл қыздың жобадан кетуіне жол бермейік. Сұлу Көбейсінге арналған пікірлер мен лайктарды мына жерде қалдыруға болады https://www.instagram.com/reel/C1Mq75zsDCS/?igsh=MTc4MmM1YmI2Ng==
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді Г.Жұмашева ұсынды