Абай орталығында Атырау қаласының дамуына сүбелі үлес қосқан түрлі сала үздіктерін марапаттауға арналған «Жыл үздігі - 2023» дәстүрлі шарасы өтті.
Үздіктер 19 бағыт бойынша анықталған. Атап айтқанда, «Жылдың мемлекеттік қызметкері» номинациясын Атырау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Айнұр Өтеғалиева алса,
«Мәдениет қызметкері» - Қазақ соқырлар қоғамы клубының меңгерушісі Сая Жасақбаева;
«Жыл мұғалімі» - №41 Ә.Кекілбайұлы атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Нұршаханова;
«Жыл спортшысы» - Бітімге тарту бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кирилл Литвинов;
«Жылдың үздік құтқарушысы» - Атырау қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Бақтыбек Төлегенов;
«Жылдың құқық қорғаушысы» - Атырау қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполла;
«Жыл дәрігері» - Атырау теміржол ауруханасының оториноларинголог дәрігері Александр Тян;
«Жыл құрылысшысы» - «Модернстрой-Атырау» ЖШС-нің бас директоры Идрис Гаджибеков;
«Әлеуметтік саланың жыл қызметкері» - Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Агайнаш Капенова;
«Жылдың үздік әскери қызметкері» - Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің аға сержанты Серік Ербулеков;
«Жыл журналисі» - «Прикаспийская коммуна» газетінің арнайы тілшісі Тимур Қазиев;
«Ауылшаруашылығы саласының қызметкері» - «Анашым» жеке шаруа қожалығының басшысы Әсемғали Қуанышева;
«Коммуналдық саланың жыл қызметкері» - Қалалық тұрғын үй-комуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тұрғындармен қарым-қатынасты үйлестіру және тұрғын үй инспекциясы секторының бас маманы Гүлжамал Жолдасова;
«Жылдың үздік пәтер иелері кооперативі» - «Авангард» жеке кәсіпкері төрағасы Иван Кабидуллин;
«Жылдың үздік аудиторы» - Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Жалғас Букаев;
«Жылдың үздік қаламгері» - Ақын,жазушы, әдеби аудармашы, публицист Бекет Қарашин;
«Жыл депутаты» - Атырау қалалық Мәслихатының депутаты Айжан Сәрсембаева;
«Жыл кәсіпкері» - жеке кәсіпкер Ардақ Битурин;
«Үздік тазалық қызметкері» - «Арнаулы автокөлік базасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бригадирі Альвий Брекешов иеленді.
Ал «Жыл адамы-2023» марапаты «Mugalim Development & Scholarship Group» жобасының құрылтайшысы Данияр ДЕМЕСИНОВКЕ табысталды. Ол Қазақстанның 50 жас кәсіпкер қатарына кірген.
«Mugalim Development & Scholarship Group» жобасы- қоғамда айтарлықтай орны бар халықтық жобаға айналды. Жобаның іргесі 2018 жылы қаланды. Жобаның негізгі мақсаты - заманауи білімді ұстаздарды даярлау. Жобаның оқыту жүйесі республикалық мұғалім білім беру бағдарламасы аясында жүргізіледі. Қазіргі таңда 120 студент Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде педагогикалық саласында оқып, «Mugalim Development & Scholarship Group» жобасында білім алуда.
Шараны ұйымдастыруға қанша бөлінді
Халық арасында жыл қорытындысы бойынша үздік болғандарға қомақты қаражат ұсынса да артық етпейді деген пікірлер жылда айтылып жүр. Алайда «АЖ» сауалына бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Құралай ҚҰМАРОВА аталған шарада номинаттарға қаржылай сыйақы беру қарастырылмағанын айтты.
Ал, мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, шараны ұйымдастыруға 13 млн аса қаржы бөлінген.
«Жыл адамы-2023» концертін өткізу үшін сахнада эстрада жұлдыздарының ән айтуына 2 млн теңге бөлінген. Тапсырыс беруші Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы. Конкурста жеңімпаз атанған «NIET» жеке кәсіпкері шараны ұйымдастыру міндетін өз мойнына алған. Бұл мақсаттарға бюджеттен 3 миллион 159 мың теңге бөлінді.
Сахналық дыбыс күшейткіш құралдарымен қамтамасыз етуге 1 млн 112 000 теңге бөлініп, оны жеке кәсіпкер "АЛИШЕР" біркөзден ұтқан. Осы жеке кәсіпкер сахналық жарық беру құралдарымен де қамтамасыз еткен. Оған 2 млн 670 мың теңге бөлінген.
Бұдан бөлек, сахнамен қамтамасыз етуге 2 млн 713 мың теңге бөлінген. Оны "Baiterek-G" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біркөзден ұтып алған. Бұл қаржыға сахнаны дайындау, монтаждау жұмыстары кіреді.
«Жыл адамдары – 2023» номинанттарын марапаттауға арналған жазуы бар 19 мүсіншені дайындауды "Әдемі-Ай plus" ЖШС конкурс арқылы ұтқан. Бір мүсіншенің құны 39 мың теңгені құрайды.
«Жыл адамдары – 2023» номинанттарын марапаттау үшін жиегінде барқыты бар ленталарды дайындауды «Муханбетов» ЖК конкурс арқылы ұтқан. Ленталарды дайындау құны 661 мың тенге.
Қалалық мәдениет бөлімі шараны ұйымдастыру қызмет түрлерінің ашық конкурссыз бір көзден таңдалуына ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 39-бабының 46-тармақшасы негіз болғанын түсіндірді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ