Аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ Жылыой ауданына жұмыс сапары барысында Құлсары қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлерден пәтер алған тұрғындармен кездесті.
Әкім аудан орталығындағы жаңа тұрғын үй алабына барып, үйлердің сапасымен танысты. Инфрақұрылым - ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы, аулаішілік асфальтталған жол және көлік тұрағы толығымен дайын.
– Бұл тұрғын үй кешені құрылысының сапасы мен мерзіміне қатысты сұрақтардың көп болуына байланысты жағдаймен жеке танысуды жөн көрдім. Жылыой ауданына жұмыс сапарымның бірінде тұрғындар құрылыстың ұзақ уақытқа созылғанына наразылық білдірген болатын, содан кейін құрылысты тезірек аяқтау үшін тиісті шаралар қолға алынды, – деді Серік Шапкенов.
Тұрғын үй алабын аралаған С.Шапкенов аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВҚА пәтер иелері кооперативін құруды және тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, бейнебақылау камераларының санын көбейтуді тапсырды.
Жаңа тұрғын үйлер «Атырау» ықшам ауданында орналасқан. Мұнда көп балалы отбасылар (кезекте тұрған) және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар пәтер алды. Олардың қатарында көп балалы ана Құралай ҚОРАЗОВА да бар. Үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алған ол кезегін бес жыл күткенін айтты. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы - шамамен 6,5 мың шаршы метр. Екі, үш бөлмелі пәтерлер 225 көпбалалы отбасыға, бір бөлмелі пәтерлер - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 балаға берілді. Сондай-ақ, жаңа үйлерден I және II топтағы мүгедектер (13 пәтер), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (13 пәтер), зейнеткерлер (13 пәтер), созылмалы аурулары бар азаматтар (13 пәтер), толық емес отбасылар (13 пәтер), Ұлы Отан соғысының бір ардагері және әлемнің ыстық нүктелеріндегі жауынгерлік іс-қимылдардың екі ардагері тұрғын үй алды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА