Атырау, 27 қыркүйек 02:59
 ашықВ Атырау +16
$ 478.54
€ 533.76
₽ 5.17

2024 жылы экономикалық өсім 10%-ға жетіп, бюджет тапшылығы жойылуы мүмкін - сарапшы

630 просмотра

Сурет: facebook.com/o.khudaibergenov

Экономист Олжас Құдайбергенов Kazinform
 тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан экономикасының қазіргі жай-күйін сипаттап, биылғы елдің экономикалық даму деңгейіне сараптама жасады. Сонымен қатар 2024 жылға жасаған болжамымен бөлісті. Мұнан бөлек, сұхбат барысында инфляция деңгейіне, тұрғын үй-коммнуалдық шаруашылық саласындағы тарифтердің өзгеруіне, елдің сыртқы қарызына қатысты мәселелер талқыланды. 

— Олжас Әбдумәлікұлы, Қазақстан экономикасының қазіргі жай-күйін қалай сипаттар едіңіз? 

— Қазақстан сыртқы күрделі үш фактор жағдайында аман қалуға тырысып отыр. Біріншіден, бұл – деглобализация, «өзіңдікі-өзгенікі» ұстанымымен сауда қарым-қатынасын бөлісу. Екінші, бұл – геосаясаттағы шиеленістің ушығуы, санкциялық соғыстар және логистикалық тізбектің бұзылуы. Бұл ел экономикасына айтарлықтай зиянын тигізеді. Үшіншіден, бұл – инвесторлардың дамушы елдерге инвестция салу тәбетінің күрт төмендеуі, пайыздық мөлшерлеменің өсімі және дамыған елдер экономикасындағы өсім қарқынының баяулауы. 

Ішкі факторларға қатысты айтар болсақ, онда бағаның өсімін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылысының қатты тозуын және жоғарыда аталған сыртқы факторлардың салдарынан инвестиция ағынының әлсіреуін көріп отырмыз. Сондықтан, экономика жалпы барлық сыртқы факторға бейімделу жағдайында тұр. 

— 2023 жылғы ел экономикасының даму қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз. 

— Ресми мәліметке сәйкес, осы жылдың 10 айында экономика 4,9 пайызға өсті. Бұл энергия тұтыну көлемінің 3 пайызға артуымен де жанама түрде расталады. Яғни, шынайы өсім 2-3 пайыз шегінде ғана. Салыстырмалы түрде айтқанда жаман көрсеткіш емес. Алайда, бізде шешімін таппаған көптеген проблема бар – Жылу электр орталықтарының және жалпы коммуналдық инфрақұрылымның қатты тозуы. Ауыл шаруашылығында да проблема жетерлік. Биыл субсидияның кеш бөлуіне байланысты фермелеріміз үшін өте ауыр жыл болды. Мұнан бөлек, баға өсімі де азаматтардың әл-ауқатына да салмақ салып тұр. 

— Қазақстан экономикасының келер жылғы дамуына болжамыңызды білгіміз келеді...

— Ел бірінші кезекте жылдар бойы шешімін таппай қордаланған проблемаларды шешу үшін жылдам дами алады, дамуы да қажет. Дұрыс ебін тапқан жағдайда экономиканың өсім қарқыны 10 пайызға жетіп, бюджет тапшылығы жойылуы мүмкін. Жалпы, Қазақстанда сыртқы сауда профициті бюджет профицитімен толықтырылатындай экономикалық таңғажайыпты қайталауға барлық жағдай бар.

Бәрі Үкімет деңгейінде қабылданатын шешімдер сызбасының қалай өзгеретініне байланысты. Әзірше барлық ведомство (министрліктер мен әкімдіктер) бюрократиядан зардап шегіп отыр және біртұтас ағза ретінде жұмыс істемейді. Соның салдарынан экономикалық өсім әлеуеті жүзеге аспай отыр. Егер бұл проблеманы шешпесе, онда 2024 жыл биылғы жылдағыдай өтеді. Ал егер өзгерсе, онда өсім қарқыны еселеп, тіпті үш есеге дейін артады. 

— Сіздің ойыңызша, 2024 жылы еліміздегі инфляция қандай деңгейде болады? 

— 2024 жыл әлемдік экономика үшін барынша турбулентті болады деп күтіледі. Сондықтан инфляция қарқыны кейінгі 3 жылдағы деңгейде сақталады деп ойлаймын.

— Келесі жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтер қалай өзгеруі мүмкін? 

— Нысандарға байланысты 15-30 пайыз шегінде өсім болып қалатын шығар. Көптеген нысанды жаңғырту туралы шешім қабылданады деп күтемін. Сондықтан жаңғыртылатын нысандарға 7-10 жылға арналған ұзақмерзімді тарифтер берілуі ықтимал. 

— Шетелдік инвестиция тарту Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының жаңа элементіне айналды. Бұл бағытта нендей іс-шаралар қабылданып жатыр?

— 4 желтоқсанда Президент Жарлығы қабылданды. Оған сәйкес, Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің құрамы мен өкілеттілігі артты. Өйткені, биыл инвестиция ағыны құлдырап кетті. Ендігі уақытта инвестицияны қалпына келтіруге басымдық беріледі. Әрине, мемлекет үшін басымдыққа ие сектор өңдеу өнеркәсібі мен коммуналдық сектор екені сөзсіз.

— Кейінгі жылдары елімізде негізгі капиталға салынған иевестицияның өсім қарқыны қандай?

— Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 15 трлн теңгеден асып түссе, биыл шамамен 17 трлн теңге болады деп күтіледі. Жалпы, динамика жақсы. Негізінен ішкі инвесторлар есебінен екенін де көріп отырмыз. Сол себепті сыртқы инвесторларды тартуға тырысқан кезде ішкі инвесторлар үшін де жағдай жасау қажет.

— Бүгінде қоғамда Ұлттық қор қаражатын жұмсауға шектеу қою мәселесі жан-жақты талқыға түсіп жатыр. Сіздің ойыңызша бұл қаншалықты жүзеге асырылуы мүмкін?

— Бұл жыл сайын талқыланатын мәселе әрі елге қамқорлық таныту тұрғысында Ұлттық қор қаражатын кәдеге жаратуды шектеуге тырысатын қандай да бір пиар-дәстүрге ұқсап барады. Ал іс жүзінде қаражат жұмсалатын мәселенің мәніне, жобаның маңыздылығына қараған жөн. 

— Бүгінде республикалық бюджеттің кірістің қандай көлемі Ұлттық қордан алынатын трасферт есебінен қалыптасады? Қаражат негізінен қайда жұмсалады? 

— Оның көлемі шамамен 3-4 трлн теңгені құрайды. Қаражат негізінен әлеуметтік шығыстарға (мектептер, ауруханалар, жолдар және т.б.) жұмсалады. 

— Еліміз үшін сыртқы займ да қосымша инвестиция ағыны екені белгілі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сыртқы қарыз көлемі қанша және Қазақстан кімдерге қарыз?

— Сыртқы қарыз 161 млрд доллар, оның 91 млрд долларын фирмааралық қарыз құрайды. Сондықтан да сыни цифр – бұл 70 млрд доллар. Жалпы, бұл сома салыстырмалы түрде айтқанда ірі елдердің арасында бірдей бөлінген және қандай бір елге мол қарызымыз жоқ. Бұл ретте аталған 70 млрд долларды еліміз оңай төлей алады. Өйткені, сыртқы саудадан үнемі валюта түсіп жатыр. Сонымен қатар өткен жылдарға қарағанда қазіргі уақытта сыртқы қарыз төмендейді немесе өзгеріссіз қалады. Ал өткен жылдары қарыз үнемі әрі жедел өскен болатын. Негізінен бұл займдар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға алынған. 

— Мемлекет үшін сыртқы қарыздың қай деңгейі оңтайлы?

— Әр елдер әртүрлі белгілейді – 20-дан 60 пайызға дейін. Жалпы, егер 60 пайыздан артық болмаса, онда сыртқы сауда сальдосы оң болған кезде оған шыдауға болады. Егер теріс болса, онда тіпті 20 пайыз болған күннің өзінде де жаман. 

21 желтоқсан 2023, 14:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.