«Ретропарк» ішінде орналасқан екі қатарлы ғимараттың бірі атыраулық суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Камила ЖАПАЛОВАҒА сенімгерлік басқаруға берілді. Жақында осы ғимаратта суретшінің «Batikkami» арт галереясының ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге атыраулық 7 суретшінің еліміздің тәуелсіздігі мен дәстүрлі мәдениетін сипаттайтын туындылары қойылған. Салтанатты ашылу рәсіміне қаланың өнер сүйер көрермендері, белгілі қоғам қайраткерлері, билік пен сала өкілдері қатысты.
- Арт-галереяның ашылуы тек суретшілер мен қолөнершілерге ғана емес, қарапайым көрермендер мен рухани дүниені терең түсіне білетін элиталы қоғам үшін де пайдалы болмақ. Өнер ошағы қазақтың қолөнерін насихаттау, суретшілерді біріктіру, талантты жастарды қолдау үшін құрылды, - дейді Камила Жапалова.
Болашақта ол «BatiKKami» Арт-галереясын қазақтың дәстүрлі өнерін, салт-дәстүрін дәріптейтін мәдени орталық ретінде жұртшылыққа танытуға, онда өнерсүйгіш жастарды қалыптастырып, олардың болашағына жол ашуға, облыс тұрғындардың қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған шараларды өткізу орнына айналдыруды көздеп отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ