Кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийдің аяқталуына байланысты Атырауда кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен кездесуі өтті. Кездесуді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.
Мораторийдің осы жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын білесіздер. Ал кәсіпкерлердің алдағы тексерулерге қатысты «Тексеру көбейе ме? Келеңсіздікке ұрынып қалмай, өзімізді қорғау үшін нені білуіміз керек?» деген секілді орынды сауалдары бар.
Кәсіпкер Ләззат ДОСМАҒАМБЕТОВА мемлекеттік органдар бизнесмендермен кездесу өткізіп, жаңа өзгерістерді ұдайы түсіндіріп отыруы керек деген жалпы пікір білдірді.
Палата директоры Нұрлан СҮЙІНБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл кездесудің мақсаты, шын мәнінде, кәсіпкерлік субъектілеріне тексерудің қалай жүргізілетінін түсіндіру. Атап айтқанда, олар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігіне, салық салудың қыр-сырына және мемлекеттік органдар назар аударуы мүмкін басқа да аспектілерге қатысты болады.
– Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау. Сондықтан олардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында осы жиын ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардан тікелей өз сұрақтарына жауап ала алады, - деді Сүйінбаев.
Кездесуге ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің, ТЖ ведомствосының, экология, полиция, мемлекеттік кірістер департаменттерінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылаудың аумақтық инспекциясының өкілдері шақырылды. Олар қандай жағдайда тексеру жүргізілетінін, кәсіпкерлік субъектілеріне қандай талап қойылатыны туралы айтып, кәсіпкерлерден түскен сұрақтарға жауап берді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы ұсынған суреттер