18 желтоқсан күні 15 шақты адам Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы аудан әкімшілігі ғимаратына қарсы орналасқан алаңда наразылық танытып, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жердегі пәтерлерінен шықпауға бекінді. Наразы топтың мәлімдеуінше, орнына мемлекеттен берілетін қаржы жарытымсыз, баспана сатып алуға жетпейтін көрінеді.
Қаланың қақ ортасында 50 жылдары салынған ескі, тозығы жеткен үйлерді сүріп тастау мәселесі бұрыннан айтылып жүр. Ескі үйлердің орнына Арбат салу үшін Жылыой ауданы әкімдігі учаскелерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды ұйғарған. Бұл жоспарлы жұмысты жүзеге асыру үшін Махамбет даңғылында орналасқан №41, 43 көп қатарлы үйдегі 2 тұрғын үй мен 6 коммерциялық нысан бұзылады.
Болашақ арбаттың орнына «Столичная оценочная компания KZ» ЖШС пәтерлер мен нысандардың құнын бағалады. Тұрғындардың пікірінше, көшіру үшін ұсынылған соманың күлкілі болғаны сонша, кейіннен бұл қаражатқа отбасылардың ешқайсысы баспана сатып ала алмайды.
- Осы жылдың сәуірінде учаскелерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВТЫҢ қаулысы шықты. Бірақ бұл қаулы дер кезінде сол учаскелерде отырған пәтер иелеріне таныстырылған жоқ. Біз өзіміз сырттай естіп, аудандық ТКШ бөліміне бардық, жиналыс болды. Рас үйлер тозды, оларды күрейтін кез келді. Бірақ бізге ұсынып отырған жарытусыз қаржыны естігелі күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық, - дейді жиналған көпшілік.
- Менің бес балам бар. Өзім, жолдасым да жұмыссыз. Пәтерімді 8,4 млн теңгеге бағалапты. Ондай қаржыға Атырау өңірінен баспананы қайдан табамыз? Осы әңгіме шыққалы Құлсарыдан үй іздеп қарағанмын, ықшамаудандағы 5-қабаттағы жөндеусіз тұрған 2 бөлмелі пәтерді 9-10 млн теңгеге ала алады екенмін. Отбасындағы жеті жан ол екі бөлмеге қалай сиямыз. Қалған 2 миллион ақшаны қайдан аламын, несие алуым керек пе? Онсыз да банкке қарызымыз бар, - дейді №41 үй тұрғыны Айжан ЕРДЕНҚЫЗЫ.
- Бізге аудандық ТКШ бөлімі басшысы Саян БАСЕЛОВ бұл мәселе шешілді, бізді бәрібір көшіреміз дейді. Ал көшетін жер жоқ. Бірақ олардың соманы көбейтетін жоспары жоқ, бюджеттен тек бағалаушы компанияның есептегені бөлінген. Менің үш бөлмелі пәтерім 8 млн 400 мың теңгеге бағаланған. Осы әңгіме шыққалы Құлсарыда үй күрт қымбаттап кетті. Ондай бағаға баспана ала алмаймыз. Енді әкімшілік келіспеген жағдайда сотқа беруге кеңес беруде. Ал адвокат әрқайсысымыздан 500 мың теңге сұрап отыр. Өз құқығымызды қорғау үшін ондай ақшаны қайдан аламыз? Бар сұрайтынымыз, бізге нарықтық бағамен қаржы берсін. Біздің наразы болу себебіміз осы, - дейді Г. НИҒМАТУЛЛИНА.
«АЖ» тілшісі Құлсары қаласындағы пәтердің соңғы бағаларымен танысқан болатын. Мәселен, 1974 жылы салынған 2 бөлмелі пәтер 8 млн 500 мың теңге; 2001 жылы салынған 65 шаршы метрлік 2 бөлмелі үй 11 млн теңге; 2 бөлмелі 5-қатардағы пәтер 7 млн 500 мың теңге; 1997 жылы салынған 3 бөлмелі 5-қабаттағы пәтер 10 млн 900 мың теңге; 1990 жылы салынған 1 бөлмелі 1-ші қабаттағы пәтер 6 млн 700 мың теңге.
Айтпақшы, төмен бағада, жөндеуді қажет етіп тұрған пәтерлер де бар.
Ал тұрғындарға 2024 жылдың 23 мамырына дейін үйлерін босатуы тиіс деген хабарлама келген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА