Атырау қаласының №2 сотында алаяқтық және лауазымды адамға пара беруге айдап салу (ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы, 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігі), лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану (ҚК-нің 361-бабы 2-1 бөлігі, 361-бабы 2-1 бөлігі, 361-бабы 2-1 бөлігі) фактісі бойынша жедел уәкіл А.А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Атырау облыстық соты.
Сотпен анықталғаны, А.А. құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, 2021-2023 жылдар аралығында өз лауазымдық өкілеттігін өзіне пайда және артықшылық алу мақсатында, қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, азаматшалар Н.Б. және Л.А.-дан әркез ақша қаражаттарын қарыз есебінде алып, олардың құқығы мен заңды мүддесіне елеулі зиян келтірген.
Бұдан басқа, 2021 жылғы 7 желтоқсанда А.А. заңсыз есірткі затын сатумен айналысқан азаматша Н.Н.-ға қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесуге уәде беріп, оны алдап, лауазымды тұлғаға пара беруге айдап салған.
Сотталушының кінәсі куәлардің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен және басқа іс құжаттарымен өз дәлелін тапты.
Сонымен қатар, айыптау тарапымен А.А. ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігімен, яғни 2021 жылғы 06 желтоқсанда күдікті ретінде ұсталған Я.И.-ге қатысты жеке тінту тергеу әрекетін жүргізу кезінде соңғысынан алынған ұялы телефоны мен әмиянын кері қайтармай, өзі иемденіп алып, өз лауазымдық өкілеттігін өзіне пайда және артықшылық алу мақсатында, қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланғаны үшін айыпталған. Бұл айып сот тергеуінде өз дәлелін таппаған.
Сотпен жаза тағайындау барысында жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның асырауында төрт жас баласының болуы, жәбірленушілерге мүліктік залалдың толық өтелуі, ауырлататын мән-жай ретінде қабылдаған антты бұзуы танылды.
Сот сотталушы А.А.-ны ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен, 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 2-бөлігімен, 361-бабы 2-1 бабымен кінәлі деп таныды.
Оған белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен, ҚК-тің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, полиция капитаны арнайы атағынан айырылды.
Бұдан басқа А.А. жәбірленуші Я.И. эпизодына қатысты ҚК-нің 361-бабы 2-1 бөлігімен тағылған айып бойынша оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты кінәсіз деп танылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.