Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель көшбасшылар Украина және Молдовамен Еуропалық Одаққа мүшелік туралы келіссөздерді бастау және Грузияға үміткер мәртебесін беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Украина президенті Владимир Зеленский Брюссельдегі саммитте қабылданған шешімді өз елі мен Еуропаның "жеңісі" деп атады.
"Бұл Украинаның, бүкіл Еуропаның жеңісі. Мотивация беретін, шабыттандыратын және күш беретін жеңіс", - деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) жазбасында.
Молдова президенті Майя Санду да X әлеуметтік желісіндегі жазбасында бұл шешімнің бүкіл елге қуаныш әкелгенін хабарлады.
"Бүгін Молдова ЕуроОдаққаа кіру туралы келіссөздерге рұқсат алу арқылы тарихтың жаңа бетін ашады. Бүгін біз Еуропаның ыстық құшағын сезініп отырмыз. Қолдауыңыз бен осеніміңіз үшін рақмет", - деп жазды ол.
Украина мен Молдова 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін ЕО-ға құрамына енуге өтініш білдірді. Екі ел де өткен жылдың маусым айында үміткер мәртебесін алған болатын.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеода Киевтің ЕуроОдаққа кіру жөніндегі келіссөздерге дайын еместігін мәлімдеді.
"Венгрия өз ұстанымын өзгертпейді. Алайда ЕуроОдаққа мүше 26 ел Украинамен келіссөз бастауды талап етіп отыр. Нәтижесінде, Венгрия 26 мемлекет өз жолымен жүре алады деп шешіп, бұл шешімнен аулақ болғанын айтты", - деді ол.
Грузияның жеңісі
Еуроодақ мүшелігіне үміткер мәртебесін алу мәселесі Грузияда соңғы бір жарым жылдан бері қызу талқыланып жатыр. Жақында жүргізілген сауалнама ел халқының 80 пайызға жуығы еуропалық жолды қолдайтынын көрсетті.
Алайда, өткен жазда Грузияның Украина мен Молдовадан айырмашылығы, бұл мәртебені алған жоқ.
Премьер-министр Ираклий Гарибашвили азаматтарды құттықтап, ЕО шешімі бүкіл Грузия мен оның халқының жеңісі екенін айтты.
"Үкімет халықпен бірге. Бұл халық үшін алған лайықты мәртебе. Біз күресіп, жеңіске жеттік", - деді ол.
Брюссельдегі ЕуроОдақ саммитінде не болды
14 желтоқсанда Брюссельде болған ЕуроОдақтың 27 елінің саммитінің басты тақырыбы Украина болды. Олар Ресей агрессиясына қарсы тұрған елге қатысты бірқатар шешімдерді бірауыздан қабылдады:
Одақ бюджетіне 2027 жылға дейін есептелген түзетулерді бекітіп, Киевке 50 миллиард еуроға жуық экономикалық көмекті енгізу;
Сондай-ақ Украинаға әскери көмек көрсету үшін бюджетке 20 миллиард қосу;
Украинаға Еуропалық Одаққа кіру туралы келіссөздерге шақыру жіберу.
Көптеген ел бұл шешімдерді қолдады. Алайда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан өз ұстанымында қалды.
"Украина келіссөздерді бастаудың алғышарттарын орындаған жоқ. Будапешт Киевке көмек көрсетуден бас тартады", - деді ол.
Саммиттің басында Украина президенті Владимир Зеленский бейнебайланыс арқылы Еуропалық Одақ көшбасшыларына үндеу жолдады.
"Сіздерден Еуропадағы халыққа және олардың сеніміне опасыздық жасамауларыңызды сұрймын. Еуропаға ешкім сенбесе, ЕуроОдақтың аман қалуына не көмектеседі? Еуропа жеңіске жетуі керек, келісімдер құрметтеліп, айтылған сөздердің маңызы болуы шарт", - деді Зеленский.