14 желтоқсан күні сағат 14.00 шамасында Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы аудандық әкімшілік ғимаратының алдына әбден ашынған елу шақты көп балалы ана жиналып, үш жыл бұрын салынған үйден баспана беруді талап етті.
Еске салсақ, осы жылдың 20 қыркүйегінде көп балалы ана аудандық әкімшілік ғимаратының алдына жиналып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына Үндеу жолдаған болатын. Үндеуде сақалды құрылысқа айналған баспананың жыры бітпей тұрғанын, бұған дейін аудандық әкімшілік үй кілті беріледі деп алдаусыратып келгенін, қыс болса таяп қалғаны жөнінде жазған еді.
Одан бері табандатқан үш айға жуық уақыт өтіп, әйелдер қайтадан әкімдік ғимаратының алдына жиналды. Бұл жолы кезекті уәдені емес, оның орындалуын талап етті. Оларға аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ емес, оның орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА шықты. Әбден төзімі таусылып, ашынған көпшілік әкім орынбасарының «әкім іште жоқ, Атырауға кетіп қалған» дегеніне, әкім келмейінше ол жерден кетпейтіндерін мәлімдеді. «Енді үйді бермесеңдер, басып кіруімізге тура келіп тұр, жалдамалы пәтерден қуып жатыр», «үйдегі шиеттей балаларды аясаңдар нетті», «енді ана мен баланың өлімі керек пе», «әкім халықтың алдына келсін» деген аналардың жанайқайына орынбасары тұщымды жауап бере алмады.
- Мен алты баламмен қуықтай бөлмені жалдап тұрамын. Үй өте ескі, құлайын деп тұр. Астында қалып қоямыз ба деп күнде қорқып жатамыз. Басқа пәтер жалдауға мүмкіндігім жоқ. Оның үстіне үйдің суығынан балалар ауырып жатыр, ескі жалғыз пеш қыздыра алмай тұр, - дейді Насипа ДОСАНАЛИЕВА.
- Әкімнің өтірік әңгімесіне тойдық. Өтірік уәде береді. Берген уәдесін орындамайды, - дейді екіншісі.
- Үйдің анау-мынау кем-кетігін өзіміз жасап аламыз, ай сайын отбасылық бюджеттің қомақты бөлігі үй жалдауға кетеді. Осы жерде жиналғандардың бәрі көп балалы ана. Бұл баспананы күте-күте шаршадық. Көктем деді, одан жаз деді. Қақаған қыста әлі жүрміз әркімнің есігін сағалап. Қаражанов жұмыс жасай алмайды екен, орнынан кетсін, - дейді тағы бір көп балалы ана.
Естеріңізге салсақ, 2020 жылы 100 пәтерлік үш ғимаратты пайдалануға беру жоспарланған болатын. Оларды салуға бюджеттен 8 миллиард 354 миллион теңге бөлінді.
Мердігер «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС құрылыс жұмысының ұзақ уақытқа созылуын өршіп тұрған пандемия салдарының нәтижесінде тоқтатылғанын айтады. Қазіргі уақытта аудандық құрылыс бөлімі (жұмысқа тапсырыс беруші) мен ЖШС арасында сот ісі жүріп жатыр. Тапсырыс беруші құрылысты мерзімінде аяқтамағандықтан келісімшартты біржақты бұзған, сонымен қатар үйлерді пайдалануға беруге мүмкін болмайтын бірқатар кемшіліктердің бар екені де белгілі болды.
Аудандық құрылыс бөлімі мердігердің үстінен 2023 жылдың 28 ақпанында Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотына арыз берді. Сот мердігерді жосықсыз деп тану жөнінде талапты қанағаттанырмай, 31 млн 632 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндіруге шешім етті. Құрылыс бөлімі осы жылы 18 қыркүйекте апелляциялық шағыммен тағы да арызданды.
«АЖ» ақпараты бойынша, үйді 225 көп балалы ана, 15 жетім бала, 60 осал топ мүшелері күтіп жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА