Атырау облысының әкімшілігі ресми түрде облыс бойынша 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы статусына ие 5 адам бар екенін мәлімдеді. Оларға Алматы қаласының прокуратурасы 35 жылдан соң саяси қуғын-сүргіннің құрбаны туралы анықтама берген. «АЖ» тілшісі сол оқиғаның бел ортасында болғандармен тілдескен еді.
Сарғожа
Сарғожа НҰРҒАЛИ 1960 жылдың 15 шілдесінде Қызылқоға ауданы Көздіғара ауылдық округінде (бүгінде аудан орталығы Миялы ауылында тұрады. - авт.) малшы ауылда дүниеге келген. Әке-шешесі өмір бойы колхоздың малын баққан. 1967-1977 жылдары ауылдағы Жаңашаруа орта мектебін жақсы деген бағаға бітірген. Челябинск қаласында әскери борышын өтеп келген соң арманы орындалып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Оны бітірген соң сол институттың механика факультетіне оқуға түседі. 1986 жылы 5-ші курста оқып жүргенде тарихта мәңгі қалған әйгілі желтоқсан оқиғасына қатысады. Сарғожа да басқа студенттер сияқты алаңға шыққан еді. Сол қиын күндерді Сарғожа былайша еске алды:
- Желтоқсанның 17-де көп жастармен бірге алаңнан табылдық. 18 желтоқсан күні алаңға кіре алмадық, әскер қоршап тұрды. Солдаттар артымыздан өрт сөндіргіш машинадан су шашып, соққыға жығып, жастарды автобусқа тиеп, бөліп әкетіп жатты. Қоршап алған солдаттар дубинкамен ұрып құлатып жатыр. Мен қатты соққыдан үйілген адамдар денесінің астында қалып қойыппын. Есімді жиып тұра бергенімде тағы да соққығы жығылдым. Үсті-басымыздың көретін түрі қалмады, қан-қанбыз. Автобусқа малша тиеп, қала сыртына қарай алып шықты. Бір қалтарыста қасымдағы жігіт «қашайық» деді. Автобус аялдағанда есікті итеріп, қашып шықтық.
Қашып-пысып, құрылысы бітпеген үйдің ішіне тығылып отырдық. Түнімен жүріп, әбден сілеміз қатып шаршап жатақханаға келіп құладық.
Сарғожаның жатақханасы Сәтпаев көшесінің бойында болғандықтан алаң да көрініп тұратын.
- Солдаттар ғана жүр, алаңда адам жоқ, тым-тырыс. 22 желтоқсан күні институтта жиналыс болып, 190 студентті оқудан шығару жөнінде бұйрық келді. Сол кезден бастап «алаңға не үшін бардың?», «ұйымдастушы кім?» деген сұрақпен тергеуге алды.
Ректордың бұйрығымен оқудан шықтым, ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алды. Ендігі тағдырларыңды прокуатура шешеді деді. Сол күні жатақханадан шығарып жіберді. Сол қиын күнде ауылдан ағам келді. 1,5 ай тергеуден кейін маған ауылға баруға рұқсат етілді. Үйге бір ғана түнегеннен кейін мені шалғайдағы шопанның ауылына апарып тастады. Ешқайда шығуға, көпшілік жерге баруға тиым салды. Сол жылдың 22 наурызында прокуратурадан ақталғаным жөнінде қағаз келіп, күзге дейін мал бағып, қайтадан оқуға қабылданып, 1988 бітіріп шықтым, - дейді ол сол күнде еске ала отырып Сарғожа.
Сарғожа толық ақталу үшін Алматы қаласының прокуратурасына арыз түсірген. 2021 жылдың 13 қазанында «...С. Нұрғали 1986 жылы 25 қазанда Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтынан шығарылған. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын–сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңының 10 бабы негізінде Сарғожа Нұрғали саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып табылады» деген ресми анықтама келеді.
Айгүл
Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылының тумасы Айгүл МҰҚАНОВА да желтоқсан оқиғасын көзбен көрген, басынан өткерген куәгердің бірі. 1984 жылы Айгүл мектепті үздік бітірісімен арман қуып, мақсатына жету үшін Алматыға аттанған. Жолы болып, Алматыдағы шет тілдер институтының француз, неміс тілі факультетінің студенті атанды. 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде институттың 3-ші курсында оқитын. Сол күндерді А.Мұқанова бізге былайша әңгімелеп берді:
- 16-шы желтоқсан күні, яғни сәрсенбіде ойымызда дым жоқ, группа болып екінші сабақтан кейін донор ретінде қан тапсырып, асханадан тамақтандық. Кейін жатақханамызға келіп демалып жатқанда көшеге шығып кеткен қыздар алаңда жастардың жиналып, Д.Қонаевтың орнынан түсіп үкімет басына өзге ұлттың келуіне қарсылық білдіріп жатқанын айтып келді. Төменге түссек, деканның орынбасары алдымыздан шығып: «Алаңға бармаңдар. Олардың шығуы дұрыс емес» деді.
Сағат кешкі 18.00 шамасында алаңға бардық. Бүкіл жастар осында. Қыс қаһарына мініп, аяз қысып тұр. Күн өте суық, жер қар. Ауа райының қаталдығы жастардың бойындағы патриоттық күшті баспақ түгілі қайраттандыра түскендей. Қараңғыда екі прожектор жарқылдап тұр. Өрт машинасының шлангысымен су шашқан онысы жерде жатыр, жер көк мұз. Ортаға бір әйел шығып: «Жастар аянбаңдар, кетпеңдер! Біз өз тәуелсіздігімізді қорғауымыз керек!» деп үн қатты.
Біз біраз тұрып, кейін жатақханаға қайтып келдік. Группадағы 12 қыз жиналып ақылдасып, ертең алаңға қайта барамыз деп шештік. Таңғы 7-де тұрып, бәріміз жиналып алаңға бардық. Бір кезде автобустар келді, іші толған солдат. Сол жерде біз де қарсылығымызды білдіріп, «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. Қолында дубинка, бастарында каскасы бар солдаттар бізді ұра бастады, қашып «Океан» дүкеніне тығылдық. Мен сол қашумен жатақханаға келдім. Бізді бір апта бойы алдымызда солдат, артымызда солдат сабаққа апарып алып келіп жүрді. 21 желтоқсанда тергеу басталып, түсініктеме жаздыртты. Мұғалімдердің де бізге деген көзқарасы өзгеріп, қысымшылық көрсетті. Біздің группадағы қыздарға, түгел комсолдан шығармаса да, қатаң сөгіс берді.
Айгүл Мұқанованың оқушыларға дәріс беріп, ұстаздық еткеніне де 30 жылдан асты. Бүгінде ол Қосшағыл ауылындағы орта мектептің директоры. Отбасылы, үш баласы бар. Желтоқсан оқиғасы кезінде қысымшылық көріп, зардап шеккен группаның қыздары адвокат жалдап, өздерін ақтап алуға жұмыстанған. Желтоқсаншы, адвокат Ләззат ЖАҚАШЕВА өткен жылы Айүлдің және өзімен группалас қыздардың толық ақталып шығуына жәрдемдескен. Алматы прокуратурасынан кейін сотқа беру арқылы қуғын-сүргін құрбаны деген анықтама алды.
Ляззат ҚАРАЖАНОВА
Фото автордан