Бүгін 13 желтоқсанда Атырау облысында қайта жаңартудан өтіп, кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры іс іске қосылды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының су ресурстарын басқару бойынша әлеуметтік жобаларының бірі саналатын «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры Маңғыстау мен Атырау облысы халқының шамамен үштен бірін ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев, «Магистральды Суағызғысы» ЖШС бас директоры Берік Салпек және мердігер компаниялардың өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейне байланыс арқылы сала мамандарын магистральдық су құбырының іске қосылуымен құттықтап, бұл ел үшін маңызды шара екенін атап өтті.
- Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып отыр. Жоба еліміздің батыс өңірінің әлеуметтік экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы үлкен. «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту жобасы белгіленген мерзімінен 1 жылға ерте аяқталып жатқанын айтып өткім келеді, деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Жиында баяндама жасаған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қазіргі таңда ҚазМұнайГаз президенттің тапсырмасымен Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын сумен қамтамасыз ету үшін үш ірі жобаны іске асырып жатқандығын мәлімдеді.
Бүгінгі «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры қайта жаңғыртудан кейін су өткізу қуатын тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін арттырады. Құбыр арқылы келген Еділ суы халықты, өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етеді. Қайта құру жұмысы су құбырының 177 шақырымына жүргізілді. Магистральды су құбыры – қазір Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының, сондай-ақ Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін орталықтандырылған жалғыз су көзі болып отыр, - деді М.Мырзағалиев.
Мырзағалиевтің атуынша Астрахань-Маңғышлақ магистральды су құбыры 1988 жылы пайдалануға берілген. Құбырдың 87 пайыз тозығы жетуіне байланысты су жеткізуде қиындықтар туындады. Жаз мезгілінде су тапшылығы тәулігіне 35 мың текше метрге жейін жетеді. Әсіресе, жазда кейбір аймақтарда тұтынушыларға су көлемі қажетті деңгейден төмен беріліп жүрді. «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта құру және кеңейту жобасын пайдалануға берумен бұл мәселе ішінара шешілетін болады.
- Бұл магистралды су құбыры 35 жыл бұрын өндірістік қуатына қосылған еді. Содан бері су құбыры күніне 110 текше метр су беріп келеді. Бүгін қайта жаңғыртудан соң тағы 60 текше метрге артты. Құбыр Маңғышлаққа дейін толықтай жаңартудан өткен кезде су өткізу көлемі күніне 260 мың текше метрге дейін артады деп жоспарланған. Бүгінде халықтың, өндірістік орындардың саны көбейіп, суға сұраныс артуы себепті жобаны Маңғышлаққа дейін толық жаңарту қажеттігі туындап тұр, дейді сала ардагері Хамит Кабылов.
Айта кетейік, «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту, I кезең» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталған еді. Жобаның құны 112 млрд теңгені құрады.
Инфрақұрылымдық жобаны «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басшылығымен «Магистральды суағызғысы» ЖШС («ҚазТрансОйл» АҚ қатысу үлесі 100%) жүзеге асырды.
ҚМГ былтыр Маңғыстау облысының Қаражанбас кен орнында тест режимінде қабат суын тұщыту зауытын іске қосқанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар ҚМГ Маңғыстау облысының Кендірлі кентінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауытын салу жобасымен айналысады. Жоба аясында су тұщыту зауытынан Жаңаөзен қаласына ұзындығы 105 шақырым болатын магистральды су құбырын тарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта зауытты жобалау жұмыстары жүргізілуде, инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық, батиметриялық іздестіру жұмыстары, зертханалық және камералық жұмыстар атқарылды. Болашақта бұл тұщыту зауыты Астрахань-Маңғышлақ су жүйесіне түсетін жүктемені азайтады деп күтілуде.
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаевтың сөзінше, қазіргі таңда ҚазТрансОйл мен магистралды су ағызғы арасында жобаны жалғастыруға жоспар жасақталып жатыр.
- Бұл жерде бәрі қаржыландыруға тіреледі. Әлеуметтік жоба болған соң басты мәселе тариф болғалы тұр. Бұл мәселені үкіметпен бірлесіп шешетін боламыз, деді Талғат Құрманбаев.