12 желтоқсан күні Құрманғазы ауданы Еңбекші ауылдық округінің Жұмекен ауылында Даулешовтердің үйі аяқ астынан түгі қалмай өртеніп кетті. Бір отбасы желтоқсанның суығында жеті баласымен далада қалды.
Оқиға таңертеңгілік уақытта болған. Құдай сақтап, өрт болған күні үйде ешкім болмаған.
- Екі-үш күннен бері жылу қазаны біресе жанып, біресе өшіп қалып тұрды. Үй суып кеткесін қайынсіңлімнің үйіне барып жатуға тура келді. Таңертең сағат 8.30-да үйдің жанып жатқанын бір көрдік, - дейді Айнұр ДАУЛЕШОВА.
Өрт сөндірушілер қолдарынан келгенше өшірген. Оларға ауыл адамдары көмекке келді. Алайда қатты желдің салдарынан лаулай жанып, бірден шатыры өртеніп, қалған бөлмелер өрт құшағында қалған. Өрт сөндірілгенде көп балалы отбасының үйі мен мүлкінен ештеңе қалып жарымаған.
- Жолдасым үй-жайдың малын бағады, қазір жұмыссыз, өзім математика пәнінің мұғалімі едім. Бұрын Егінқұдықта бастауыш мектепте мұғалім болдым. Бірақ елдімекендегі оқушы санының аздығына байланысты мектеп жабылып қалды. Содан Жұмекен ауылына көшіп келіп, шағын үй сатып алдық. Кейін қаражатымызға сай бөлмелер қосып, үйімізді үлкейттік.
...Үй өртенгенде асып-сасып жүріп құжаттарымызды ғана алып қалдық. Ал қалған мүлкіміз, киім-кешек түгел өрт құшағында кетті, - дейді Айнұр мұңайып.
Баланың үлкені Х. Досмұхамедов атындағы университеттің екінші курсында ақылы бөлімде, ал бес баласы мектепте оқиды. Ең кішкентай сәбиі - 11 айлық.
- Даулешовтер отбасындағы бұл жағдайға байланысты әкімшілік тарапынан біржолғы көмек беріледі. Мектепте оқитын балаларына оқу құралдары мен киім-кешек алып бергелі отырмыз. Ол отбасына басқа ауылдан жалдамалы баспана ұсынғанбыз, бірақ олар осы ауылда туыстарының отбасымен бірге тұруға келісіпті. Ал Жұмекен ауылында жалдайтын баспана табылмай тұр, - дейді Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат ХАМЗИН.
Даулешовтер отбасы жерлестерінен көмек күтеді. Жәрдемдесуге тілек білдірушілер отбасыға кез келген мөлшерде қаржылай көмектесе алады. Каспий 8 (702) 5623281, Айнұр Д.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА