Келесі жылға арналған облыстық бюджеттің бекітілген көлемі - трансферттердің түсімдерін есепке алмағанда 613,7 млрд теңге. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті VI сессиясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА мәлімдеді.
2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндамасында ол өңірдің экономикалық жағдайы мен тұрғындардың жалақысы туралы айтты.
Оның айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында орташа айлық жалақы 593 864 теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 116,5 пайызға өскен. 2023 жылдың 2 тоқсанында жан басына шаққандағы ақшалай табыс 337 861 теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,2 пайызға көп.
Бұдан басқа, А.Әжіғалиеваның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 555,5 млрд теңгені құраған.
- Республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы – 14,1%. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі – 9 563,5 мың теңге. Сонымен қатар өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 67 223 бірлікті құрады. Бұл өткен жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 111,2%-ға артты, - деді А.Әжіғалиева.
Мәслихат отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ елді мекендердегі жасыл екпелерді күтіп-баптаудың, қорғаудың, абаттандырудың қағидасына енгізілген өзгерістерге байланысты құрылыс қалдықтарын және ірі габаритті қалдықтарды қоқыс контейнеріне төгуге заңмен тыйым салынатынын айтты.
- Енді тұрғындарға ірі габаритті қалдықтарды, яғни биіктігі, ені немесе ұзындығы 0,5 метрден асатын, өзінің тұтыну қасиетін жоғалтқан заттарды (жиһаз, тұрмыстық техника, сантехника және басқа да ірі), өндіріс және тұтыну қалдықтарын қоқыс контейнеріне емес, тікелей қоқыс полигонына апарып, төгу міндеттеледі. Әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттарды ғимараттарға, дуалдарға, қалалық жолаушылар көліктері аялдамаларына, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және ілуге жол берілмейді, - деді А.Кенжебеков.
Сессия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ сала басшыларына бөлінген бюджетті игеру керектігін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
- Сондай-ақ бюджет қаражатының игерілмеу мәселесі де бар. Оны уақытылы әрі сапалы игерілуін қамтамасыз ету керекпіз. Халық бізден нәтижені ғана күтеді. Бөлінген қаражат сапалы игерілуі керек. Ал уақытында игерсек, келер жылы басқа жобаларға қаржы бөлініп, оң динамика білінуші еді. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, - деп сөзін түйіндеді М.Мурзиев.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА