10 желтоқсанда су тазарту қондырғыларының сорғыларын шәуіштен тазартқан сүңгуірлер ертеңіне жұлдыз болып оянды. Сүңгуірлер өздерін қаһарман санамайды. Оның үстіне, олар өздеріне қызығушылықтың артқанына қысылыңқырап қалды.
Жігіттермен сөйлесу үшін алдымен олардың тікелей басшысы – «Гидротехническая компания» ЖШС директоры Юрий ГРОХОТОВТЫҢ қолдауына жүгіну керек болды. Бригадада темірдей тәртіп, басшылардың рұқсатынсыз ешқандай сұхбат болмайды. Компания Өскемен қаласында орналасқан, бригададағы жігіттердің бәрі осы қаланың тумасы.
Сол жексенбі күні сүңгуір маманы 39 жастағы Сергей САЛУЯН, сүңгуірлерді түсіру бастығы 36 жастағы Николай ЧЕРЕПАНОВ және 5-ші разрядты сүңгуір 22 жастағы Владислав АКЕНТЬЕВ қала әкімшілігі мен профильді ведомстволардың жіті назарында суық желдің өтінде жұмыс істеді.
Тізімдегі соңғы сүңгуір мұздай суға түсіп, Жайықтағы мұзды жарып, жас қала тұрғындарының да жүрегін жаулап алды. Ұжымда жергілікті жүргізуші Владимир ПОГОДАЕВ та жұмыс істейді.
Белгілі болғандай, сүңгуірлер үшін жексенбідегі су жинағышта жасаған жұмыстары олардың тәжірибесіндегі қиын жұмыс емес екен.
«Бізге 45 метрге дейінгі тереңдікке түсіп, ештеңе көрінбейтін жерде, суық температурада, тар жерде жұмыс істеуге тура келген кездер де болды, - дейді Николай. - Жалпы, мен қала тұрғындары мен журналистердің бізге неге сонша қызығушылық танытқанын түсінбедім, бұл біздің әдеттегі жұмысымыз ғой».
Айтпақшы, көпшілік Владислав тоңып қалмады ма, өйткені ол 2 сағаттан астам уақыт суда болды ғой деп алаңдаушылық білдірді.
«Мен неопреннен жасалған құрғақ сүңгуір костюмін кидім, - дейді Влад, - Тоңған жоқпын, ол осындай жұмыс үшін арнайы жасалған. Оның үстіне белсенді қозғалдым. Сол күні балық қорғау торларындағы мұзды шаю үшін сығылған ауамен жұмыс жасадым. Бір түскенде бәрі үйлесті. Бәрі барынша қауіпсіз болды, өйткені біз команда болып жұмыс істейміз: мен, қажет болған жағдайда ауыстыра қоятын бір сүңгуір, сонымен қатар сақтандырушы сүңгуір бар. Бәріміз өзімізді жақсы сезінеміз, алаңдаушылық білдіргендеріңізге рахмет».
Топтағы ең тәжірибелі Сергей Салуян тереңдікте сүңгуірлер түрлі жұмыстар атқаратынын айтты: олар балық қорғау торларын тазартып қана қоймай, тереңдікте дәнекерлеу, гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын тексеру және бағалау және т. б. жұмыстар жасайды. Айта кетейік, жігіттер құтқарушы емес, олардың жұмысы судағы құрылыстарды жөндеуге және қызмет көрсетуге бағытталған. Бірнеше күннен кейін бригада Өскеменге үйлеріне кетеді, олардың орнына басқалары келеді.
Ю.Грохотовтың айтуынша, сүңгуірлердің жалақысы суға сүңгу саны мен тереңдігіне байланысты. Осы мақсатта арнайы әзірленген еңбекақы нормалары жасалған.
Сүңгуірлердің өздері лайықты жалақы алатынын растады. Айтпақшы, «Атырау Су арнасында» жұмыс істеген сүңгуірлерге, басшысының айтуынша, ай соңында сыйақы беріледі.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Автор түсірген және «Гидротехническая компания» ЖШС ұсынған суреттер