Атырау, 26 қараша 06:31
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атыраудағы мектептің ерлер дәретханасына бейнебақылау жүйесі орнатылған

1 082 просмотра

Камераның орнатылуына оқушылардың бірінің ата-анасы наразы болды: ол мұның қаншалықты заңды екенін сұрап, «АЖ» редакциясына хабарласқан еді.

Атырау қалалық білім беру бөлімі біздің сауалымызға жауап бермеуді жөн көріп, оны тікелей оқу орнының директоры Болатбай НҰРҚАЛИЕВҚА жолдады. Бейнекамера мүліктің бүлінуі мен буллингтің алдын алу үшін орнатылғаны белгілі болды.

Камера жеке кабиналарды көрсетпейді

«Ерлер дәретханасына орнатылған бейнебақылау камерасы балаларды қорғау және қауіпсіздік құралы болып табылады («Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығы, 83, 89, 90-тармақтар).

Бейнежазбалар басшы әрі балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлға ретінде мектеп директорына ғана қолжетімді. Бұл дәретхана камерасына жеке кабиналар көрінбейді, тек орынжайдың жалпы көрінісін көрсетеді, осылайша ешкімнің құқығы бұзылмайды.

Орынжайда бірнеше рет мектеп мүлкінің бүлінгені анықталды (жеке унитаз қолданылатын кабиналардың есіктері қираған, әйнектер сынған), бірақ мұғалімдердің тәртіп бұзушыларды анықтауға мүмкіндігі жоқ (мұғалімдер үзіліс және сабақ кезінде кезекшілікте болады), буллингтің және басқа да қарама-қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында комиссия мектептің қамқоршылық кеңесімен бірлесіп, камера орнату туралы шешім қабылдады».

Айтпақшы, мектеп дәретханаларына бейнебақылау орнату мәселесі биыл қазан айынан бері айтылып келеді. ҚР оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ оқушыларды дәретханада зорлаған деп ата-аналар мәлімдегеннен кейін мектеп дәретханаларына бейнебақылау камераларын орнату бастамасы жөнінде айтқан еді.

«Дәретханаға камера орнату буллинг мәселесіне әсер еткенімен, оны кешенді түрде шешкен дұрыс. Біз қазір осымен жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, дәретханаға камера орнату мамандармен және сарапшылармен кеңесуді қажет етеді. Өйткені бұл адам құқығына қолсұғушылық мәселесі және бұл мәселені міндетті түрде көтеру керек. Біз бәріне байыппен қарап, бұл ұсынысты мұқият зерделейміз», - деді министр.

Ал министрлік бұл мәселені зерделегенше, Атыраудағы №12 мектеп мәселені шешіп қойған. Бір жағынан бейнебақылау жүйесі арқылы болса да балаларға қауіпсіз жағдай жасап, унитазды сындыруды тоқтатуға тырысып жатқан білім беру мекемесінің директорын түсінуге болады. Екінші жағынан, мектеп дәретханасына қамқоршылық кеңестің рұқсатымен камера орнатылса да, этикалық мәселе туындайды. Оның үстіне, мектеп оқушылары болып табылатын ел азаматтарына олардың жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа кепілдік берген Қазақстан Республикасының Конституциясы деген құжат бар.

Жомарт ӘМІРХАНОВ

9 желтоқсан 2023, 18:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.