Дина БАЙТЕМІРОВАНЫҢ сабақтарының біріне барғанымда, балалар алақандарын уқалап, «қызып» жатыр екен. Содан кейін олар жұпқа бөлінді. Біреулері жарық өткізбейтін қара бетперде киіп, екіншілері оларға түрлі-түсті қағаздардың парағын, суреттері бар кәртішкелерді көрсетті. «Соқырлар» түстерді және кәртішкеде бейнеленген суреттерді жүз пайыз дәл айтып берді. Менің аңырып қалған түріме Дина: «Бұл ешқандай шалдуарлық та, әлдебір ерекше қабілет те емес – бұл қаласа, кез келген адамның қолынан келетін нәрсе» деді.
Дина Байтемірова туралы біз бір жылдан астам бұрын жазған едік («АЖ» №11, 15.03.12 ж., «Ақыл – дария, ой - теңіз» жарияланымын қараңыз). Бұрын ағылшын тілінің мұғалімі болған ол нашар есте сақтау қабілетіне не істеуге болады деген мәселені зерттеуге төрт жылын жұмсаған. Ақпараттар легін ақтарып, Мәскеуден шапшаң оқу және есте сақтау қабілетін дамыту орталығынан дәріс алған. Содан соң Атыраудан «баламалы көру» әдісімен ішкі түйсік пен ақпарат оқуды дамыту жөніндегі балалар мен ересектерге арналған өз курстарын ашты.
– Менің алғашқы шәкірттерім балалар болды, өйткені оларда үйрену процесі ересектерге қарағанда анағұрлым тезірек жүреді. Мұны қарапайым түсіндіруге болады: ересектер таптаурын шеңберінде қалған, әр нәрсеге шүбәланған көзбен қарайды және бұлай болуы мүмкін екеніне де, өз күшіне де, қабілетіне де сенбейді, - дейді Д. Байтемірова.
Баламалы көру, яғни, жұмулы көзбен көре алу – ғылыми қауымдастықта көп жылдан бері дауға түсіп келе жатқан мәселе. Біреулері бұл әдістің шынымен де жұмыс істейтіндігімен, адамның «үшінші көзі» бар екенімен келіссе, екіншілері мұны алдамшылық әрекет деп есептейді.
СЕНСЕҢ ДЕ, СЕНБЕСЕҢ ДЕ СОЛ
Жүз рет естігенше, бір рет көрген жақсы дейді ғой. Балалардың сабақта қолданатын бетперделері тығыз қара пластиктен жасалған, іші бетке анағұрлым тығыз жабысып тұру үшін қара поролонмен жиектелген екен. Мұндай бетперделерде қараңғы түнектен өзге ештеңе көрінбейді.
Алғашқы болып Әсем өз қабілетін көрсетті. Бетперде киген ол түрлі-түсті қағаздардың түсін дәл атады. Ернар анағұрлым қиын тапсырманы орындады. Оның алдына түрлі-түсті пластик стакан араластырылып қойылып, одан бірдей түсті бес стаканды алып тастауды өтінді. Ернар орындап шықты. Ал содан кейін Байтемірованың шәкірттері көздері байлаулы күйде өздерінің оқу қабілеттерін көрсетті. Шынымды айтсам, қатты таң қалдым. Жаттанды мәтінді оқып отырған шығар деген ой мүлдем жоғалды, оның алдына қалың кітаптың кездейсоқ парағы ашылған еді.
Жұмулы көзбен көре білуге үйренуге балалардың бір жарым ай уақыты кеткен дегенге сену қиын.
Түстерді, картиналарды, мәтіндерді айырып таныған кезде балалардың басқа жаққа қарайтындарын байқадым.
– Демек, бұл олардың «үшінші көзі» сол қараған жақтарында орналасқан деген сөз, – деп есептейді оқытушысы.
Үшінші көз, елестетіп көру... Әлдебір сиқыр секілді. Бұл машықтар балаларға қандай практикалық пайда әкеледі деген сұрақ туындады. Олардың өздері бірауыздан: «Бәлкім, өскенде экстрасенс болғымыз келетін шығар?» деп қалжыңдады.
Оқытушының пікірі өзгешелеу екен:
– Ең алдымен өзімізге, өз қабілетімізге, өз күшімізге сенуді үйренеміз. Ең маңызды сәт: ішкі түйсік күшті дамиды. Бұл біреуге беріліп, біреуге берілмей қалған нәрсе емес. Ішкі түйсік біздің бәрімізге берілген. Тек біреулерде көбірек, кейбірінде нашар дамыған. Ал енді біреулер ішкі дауысына мән бермей, әрекет еткенді, пайымдағанды жөн көреді. Бұл жағдайда, әрине, әңгіме балалардың бақылау жұмыстары кезінде оқулықтардың жабық мұқабалары арқылы қажетті формулалар мен теоремаларды оқи алатындығы туралы болып отырған жоқ. Алған дағдыларын олар күнделікті өмірде пайдалана алады. Ішкі түйсік белгілі бір проблеманың нақты шешімін табуға көмектеседі, белгілі бір жағдайда қандай әрекет еткен жақсы екенін ойына салады.
Осы жерде Дәурен өзін ішкі түйсігі құтқарған жайды есіне алды:
– Мен жаттығудан лық толған автобуспен келе жатқан едім. Арқамда ұялы телефоным, үйдің кілті, ақшам салынған жолдорбам бар болатын. Кенет әлдебір қауіпті сездім. Артыма бұрылып қарасам, қалта ұрысы жолдорбамды түртініп жатыр екен. Айналадағылар бір-бірін итермелеп тұрғандықтан, мұны денеммен сезбеппін. Ал бұл жерде әлдебір түйсік іске қосылып кетті. Мен сол кезде кондуктор тұрған есікке жақындап келіп, өз аялдамама дейін жайбарақат жеттім. Егер сол кезде ұялы телефонымды ұрлаған болса, мен қатты ренжіген болар едім.
ӨЗ ТҮЙСІГІҢДІ СЫНА
Дина Байтемірова біздің әрқайсымыз өз ішкі түйсігімізді өзімізге қажетті деңгейге дейін дамытуға қабілетті екендігіне сенімді:
– Қарапайым жаттығудан бастауға болады. Мәселен, қарапайым ойын картасын алып, картаны суретін төмен қаратып суырып, мұның не карта екенін болжауға болады. Бәрі бірден бола қоймайды, бірақ 36 картаның ең болмаса біреуін «тапсаңыз» - мұның кездейсоқ еместігін біліңіз. Жаттығулар неғұрлым жиі болған сайын, өзіңізге деген сенім күштірек болып, таңдалған картаны айырып табатын боласыз.
Таңдалған парақтың түсін «көру» мақсатында түрлі-түсті қағаздың парақтарын көздің жұмулы күйінде сұрыптау жақсы жаттығу боп табылады. Бір мәрте пайдаланатын пластик стаканмен де осылай жасауға болады. Жиі тәжірибе жасаған сайын, нәтиже нақтырақ болады.
Егер сіз осы жаттығуларды сәбиіңізбен жасайтын болсаңыз, онда балаларымыздың – біздің ойымыз бен сөздеріміздің бейнесі екенін ұмытпаңыздар. Үй тапсырмасын орындау кезінде аналарының баласына: «Топас!» деп ашулана айқайлайтынын немесе «өмірге бейімің жоқ қандай икемсіз, жалтақ едің» деп, ата-аналардың зығырдандары қайнайтынын жиі естуге болады. Сонда қалай? Демек, балаңыз сіздің пікіріңізді ақтап шығады. Өз балаңызды ақылды деп танып, оның қолынан бәрі келетініне сенген жөн. Сонда нәтиже көп күттірмейді.
Тамара СУХОМЛИНОВА