Бұл салаға салынған инвестиция көлемі – 4,3 млрд теңге. Ал ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы 5,9 млрд теңгеге өсіп, 123,4 млрд теңгені құрды. Нақты көлем индексі 1,8 пайызға артты. Оның ішінде: мал шаруашылығында – 70,1 млрд теңге, егін шаруашылығында –
50,9 млрд теңге. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Қазіргі кезде егін жинау жұмыстары толықтай аяқталып, 199 919 тонна өнім алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 105,4 пайыз немесе 10 359 тоннаға артты. Ауыл шаруашылық субъектілерін қолдау мақсатында субсидиялау көлемі өсіп, 4,5 млрд теңге субсидия төленді
Биыл облыс көлемінде 224,5 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 267 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды, оның 223,3 мың гектары жайылым жерлер. Сонымен қатар 600 мың тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Су үнемдеу технологияларымен өсірілетін егістік алқаптарының ішінде жаңбырлатып суару көлемі
1 997 гектарға дейін ұлғайды, бұл мал азығы дақылдарын егу кезінде 1 гектар жерден 55 центнер өнім алуға мүмкіндік береді-деді С.Шәпкенов.
Биыл жергілікті бюджеттен 577,7 млн теңге бөлініп, облыстың ветеринариялық ұйымдарына 42 бірлік қызметтік автокөлік сатып алынды. Бұл облыстың эпизоотиялық жағдайын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Өңірде тауарлы балық өсіру және балық өңдеу көлемін арттыру мақсатында, Махамбет ауданында «А-Дана» шаруа қожалығымен қуаттылығы жылына 85 тонна тауарлы балық және 15 млн дана бекіре тұқымдас балық шабағын өсіретін жоба іске асырылуда. Аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылды.
Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында жылына 6 мың тонна балық өңдейтін және 1 100 тонна тауарлы балық өсіретін «СефКаспийФиш» ЖШС-не қарасты Шортанбай балық зауытын жаңарту жобасына жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді.