«Үміт-2023» көрме-байқауына «Босатылғаннан кейін» картинасы, шахмат-нарды, ас үй жиынтығы, көрпе-көпшік, сандық-қобдиша, тоқылған және тігіншілердің қолынан шыққан, ағаштан, гипстен, матадан жасалған және басқа да бұйымдар ұсынылды.
Қатысушылардың туындыларын Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Данияр БАЯТАНОВ төрағалық еткен қазылар алқасы сарапқа салды.
Әрбір туындының мазмұны ерекше. Онда жазасын өтеушілердің бостандықты аңсайтыны анық аңғарылады. Әсіресе, түрмеден шыққан күйеуін қарсылап тұрған балалы келіншек бейнеленген сурет көңілге мұң ұялатады.
– Байқау қатысушыларына қолөнермен айналысуға мүмкіндік берілді. Жаза басқан тағдыр иелері тырнақалды туындыларын жасауға 1,5-2 айдай уақыт жұмсады. №15 мекемеден 9 сотталған – 11 бұйыммен, №79 мекемеден 14 сотталған – 21 бұйыммен қатысты. Қазыларға үздігін таңдау қиындау болды. Көрмеге қойылған әр заттан бас бостандығынан айырылған жанның өкінішін, өнер арқылы ішкі жан-дүниесін көрсеткісі келгенін байқауға болады, – дейді ҚАЖД бас маманы Альбина ИСАХАТОВА.
Шара қорытындысы бойынша №15 мекемеде жазасын өтеуші О.Миссеровтың алып ағаш кемесі 1-орынға лайықты деп танылып, жеңімпаз қолөнер бұйымының республикалық байқауына жолдама алды. Сондай-ақ, №15 мекемеде жазасын өтеуші А.Расуловтың «Сандық жиынтығы» – 2-орынды иеленсе, №79 мекемеде жазасын өтеуші А.Жакулаева тіккен қазақ қызының ұлттық киіміне – 3-орын бұйырды.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берiледi. Ал, көздің жауын алатын бұйымдардың барлығы балалар үйлеріне қайырымдылыққа таратылады.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ҚАЖД парақшасынан алынды