Бұл адамдар тікелей мағынада ақшаны жерден алып жатыр: бірнеше жылдан бері Самал ықшамауданының тұрғындары таза алаңда жер қойнауын заңсыз игеру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын бақылауда, алайда бұл фактіні қандай ведомоствоға хабарлау керектігін табу оңайға соқпады.
ЖЕР – КАМАЗДАРҒА
Редакцияға Самал ықшам ауданының тұрғыны Еркін хабарласты:
– Өткен жылы осы жерден үй салып, көшіп алған едім. Содан бері бейіттер («Ноғай» бейіті) жақтан үнемі құм тиеген КамАЗ-дар шығатынын байқадым. Таң сәріден бастап кеш қарайғанша олар жақында салынған біздің ықшамауданның көшелерімен шаңды бұрқыратып, жол жабынын бүлдіріп, әрлі-берлі өтеді. Жақындап барып, олардан рұқсат құжаттары бар ма деп сұрадым. Ешкім ештеңе деп жауап бере алмады. КамАЗ-дар бірден жайма «пятактарға» барып, тегін келген материалды сатып, кері келеді. Мен түрлі инспекцияларға: ГАСК (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметі), «Запказнедраға» қоңырау шала бастадым. Ондағылар бұл олардың құзырында еместігін айтты. Қалалық әкімдік мені ГАСК-ке жіберді. Табиғат қорғау прокуратурасындағылар экология басқармасына хабарлауға кеңес берді. Ал ол жердегілер: топырақты шетке шығарып, тасымалдаумен кім айналысады, олардың жеке мәліметтері, көлік нөмірлері қандай... деп, мені сұрақтың астына ала бастады...
Еркін телефон қоңырауларынан жазбаша арызға көшкен кезде инстанцияларға сілтеу тоқтаған екен.
Табиғат қорғау прокуратурасы экология департаментіне жағдайды анықтауды тапсырыпты.
- Біздің инспекторлар арызда айтылған маңға барып, шынымен де жеке тұлғалардың топырақты заңсыз тасу фактісін анықтады, - деп ақпаратты растады Атырау облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бастығы Асфандияр НАСИЛОВ. – Сол жерде бірнеше жүк тиейтін үлкен машиналар мен жүк тиегіштер болды. Олардың қожайындарында рұқсат құжаттары болмады. Бейнетүсірілім бар, олардан түсініктемелер алынды. Барлық құжаттар табиғат қорғау прокуратурасына жіберілді.
Экологтарға осы тапсырманы берген Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы прокурорының көмекшісі Серік ЖАҢАБАЕВ құжаттар пакетін қарап, 13 мамырда сол күннің аяғына дейін экология департаментіне:
- Экологиялық кодекстің 218-бабының 1-бөлімінің талаптарын бұзу фактісі бойынша шешім қабылдау үшін, - ұйғарым жолдамақшы екен.
Жаңабаевтың айтуынша, заң бұзушыларға әкімшілік кодекс бойынша шаралар алынуы (дәлірек айтқанда, айыппұлдар салынуы) мүмкін. Заң бойынша ұйғарымның орындалуына бір ай уақыт беріледі.
- Бұл топырақты тасуды тоқтата ала ма?
- Біз, сонымен қатар, басқа да жергілікті органдарға, табиғат қорғау полициясы мен жер инспекциясына тапсырма жолдаймыз. Біз бірге әрекет етуге тиіспіз, - деді Жаңабаев.
ЕКПІНДІ ҚАРҚЫНМЕН
…Кезекті мамыр күндерінің бірінде ертемен алаңдағы қызған жұмысты көлік ішінен бақылап отырдық. Шаң-топырақты бұрқыратқан тиегіш жүк көліктерін бірінен соң бірін толтырып жатыр. Ал жұмысшылардың бет-әлпеттерінде өз қызметтерінің заңсыз екендігін сезінген белгі де болмады. Алайда фотокамера олардың бейқам тірліктерінің шырқын бұзғаны сөзсіз. Біз Еркіннің кеңесімен сол жерден тездетіп тайып тұрдық.
Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ әзірге заң бұзушыларға қандай шаралар қолданылатынын айта алмады.
- Құжаттарды қарау керек.
- Топырақтың беткі қабатын үнемі тасып шығарудың зияны қандай?
- Топырақ алынған маңды ескерсек, жердің құнарлы қабаты алынды деу екіталай. Алайда топырақтың беткі қабатын оңды-солсыз алу коррозияға, топырақтың азуына әкелуі мүмкін.
Қуановтың айтуынша, топырақтар мемлекет меншігіндегі жер қойнауына жатады. Оларды өндіру үшін, бұл жағдайда – облыстық әкімдікпен келісімшарт жасалуы тиіс. Сырт көзге стихиялы көрінгенімен, жақсы ұйымдасқан бизнесі бар қатысушылардың келісімшарттары жоқ.
- Сірә, тіпті айыппұлды қолдану да «сұрғылт» бизнестің осы түрін тоқтата қояр ма екен. Өйткені экологтардың келуі, ықшамаудан тұрғындарының растауынша, бұл тірлікті тек бірер сағатқа ғана тоқтатқан еді. Ертеңіне топырақ тасу қайта жалғасқан. Мұны тоқтату үшін не істеу керек?
- Біріккен рейдтік тексерулерді ұйымдастыру қажет.
- Оларды кімнің бастамасымен кімдер ұйымдастырады?
- Самалдықтар менің жеке қабылдауыма жазбаша арызбен келсін, шаралар алатын боламыз.
Бәлкім, салық салынбаған заңсыз табыс табу фактісі салық қызметкерлерін қызықтыруы тиіс шығар. Ал шаңды бизнестің екпінділері ауыр техникамен игеру алаңын кеңейте отырып, үнемі орын ауыстырып тұрады. Өйткені олар карьерлер қазбайды, беткі топырақ қабатын ғана алады. Орташа КамАЗ 7 текше топыраққа дейін сыйдырады. Яғни, тек бір жыл ішінде қала шеңберінде, самалдықтардың сөзіне сенер болсақ, он мыңдаған тонна топырақ заңсыз шығарылған. Қара базарда бір машина топырақ 4000 теңгедей тұрады. Сұраныс үнемі болады – топырақты аса ауқатты емес құрылыс салушылар ПГС ретінде құрылыс мұқтаждықтарына пайдаланады. Маусымға қарай ол тек көбейе бермек. Демек, ұсыныстар да болатын шығар?
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА,
Суреттерді түсірген автор