Жұмыскердегі №4 емхана дәрігерлерінен кейін бас көтерген №5 емхана жұмысшыларының наразылықтарының да себебі бар екен: жыл бойына қаражаттың болмауына байланысты дифференциялық төлем берілмеген.
«AЖ»-ның 5-ші емханаға қатысты сауалына 4-ші емхана бойынша бергендей жауап алдық:
«Басқарма басшысының бұйрығына сәйкес, №5 Атырау қалалық емханасының ұжымдық арызы бойынша тексеру жүргізілді. Комиссия құрамы қорытынды актпен таныстырып, мекеме қызметкерлерімен кездесу жасалды. Тексеру қорытындысымен анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруге және бұзушылыққа жол берген жауапты мамандарға тәртіптік шара алуға ұсыныстар берілді. Туындаған мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тексеру анықтамасы хатпен емханаға жолданды», - деп жауап берілген басқарма басшысы Қайсар АБДАЛИЕВТЫҢ қолы қойылған жауапхатта.
Қазіргі уақытта емхана басшысы өз еркімен жұмыстан босатылған. Ал басқарма кемшілік жіберген жауапты мамандарға қатысты тиісті шара алу туралы хат жолдаған. Тексеру қорытындысы Атырау облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, №5 Атырау қалалық емханада штат саны – 315 адам. Емханаға 8 дәрігер және 19 орта буын қызметкер жетіспейді. Мекеме балансында 123 компьютер бар екен. Жауапта оның 95 данасы жұмыс істеп тұр десе, 28-і жарамсыз делінген. Биыл 10 компьютерге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланған. Жыл аяғына дейін осы он компьютер демеушілікпен алынады деп жоспарланып отыр.
Мекеме қызметкерлеріне 2023 жылға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1 млрд 602 млн 494 мың 500 теңге теңге қаржы бөлінді.
Еске салайық, 8 қарашада №5 қалалық емхана басшылығына бір топ медицина қызметкері шағымданған еді. Хаттар президент әкімшілігіне, денсаулық сақтау министрлігіне, облыстық мәслихатқа, облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасына жолданған. Жыл бойына емхана қызметкерлерінің жалақысын, үстемеақысын көтермегені және еңбек жағдайын жақсартпағаны белгілі болды. Патронаттық қызмет, клиникалық диагностикалық бөлімше дәрігерлері, тіркеу бөлімінің қызметкерлері, учаскелік медбике, фельдшерлер жалақы және үстемеақының аздығына (бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қызметкерлеріне төленетін үстемеақылар, сараланған қосымша төлемдер және жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті (СКПН) туралы болып отыр) наразылығын білдірді.
Айнұр САПАРОВА