Атырау, 26 қараша 09:47
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

№5 емханадағы наразылық

881 просмотра

8 қарашада №5 қалалық емхана басшылығына бір топ медицина қызметкері шағымданды. Хаттар президент әкімшілігіне, денсаулық сақтау министрлігіне, облыстық мәслихатқа, облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасына жолданған. Жыл бойына емхана қызметкерлері жалақысын, үстемеақысын көтеруге және еңбек жағдайын жақсартуға қол жеткізе алмай келе жатқаны белгілі болды. Бұл да жақында жарияланған №4 қалалық емханадағы жағдайға ұқсас.

Қалалық емхананың медицина қызметкерлері де «АЖ» тілшісіне өз проблемасын жұртшылыққа жеткізуді сұрап жүгінді. Көпшілігі: барлық медбике, атап айтқанда патронаттық қызмет, клиникалық диагностикалық бөлімше дәрігерлері, тіркеу бөлімінің қызметкерлері, учаскелік медбике, фельдшер мен жүргізушілер ренішті болды. Олардың бәрі жалақы және үстемеақының аздығына (әңгіме бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қызметкерлеріне төленетін үстемеақылар, сараланған қосымша төлемдер және ЖБНЫК(жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонентін ) туралы болып отыр) көңілі толмай отыр. Арызға 48 қызметкер қол қойған, дегенмен емхана басшылығына шағымданғандар көп. 

№36 кабинетте хатқа қол қойылған күні ине шаншар жер болмады. Көбі арыздағы әрбір сөзбен келіскенімен, инициалдарын жазудан бас тартты. Себебі, басшылық тарапынан қысым бола ма деп қорқады: кешеден бері әкімшілік қызметкерлеріне назар аударып, әрқайсысын жеке профилактикалық әңгімеге шақырып жатыр екен. 

Бәріне бір компьютер 

Емхана қызметкерлері былай деді: 

- Бұл жерде 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Жалақыдан басқа бізге ЖБНЫК төленеді, бірақ өткен жылдармен салыстырғанда бұл төлемдер әлдеқайда азайды. Қазіргі уақытта бұл 20 мың теңге. Сыйақы мөлшері де азайды. Басқа емханадағы әріптестер 70-80 мың теңгеден алады.

...Еңбек жағдайына қатысты мәселені былтырдан бері көтеріп келеміз. Мысалы, бізде бүкіл патронаттық қызмет үшін бір компьютер берілген. Өткен қараша айында біз басшылыққа компьютерлерді қажетті мөлшерде сатып алу туралы ұсыныс бердік. Бізге тендер болатынын айтты, бірақ бір жыл өтті, жағдай өзгерген жоқ. Әзіліміз емес, бірақ біз пациенттердің деректерін базаға енгізу үшін кезекке тұрамыз!

...Ал дәлелді себеппен үлгермей, мәліметтерді базаға енгізбесек, таңертең бізден түсініктеме талап етіп, ЖБНЫК-дан 18 мың теңгені кесіп тастайды. Бұл әділетті ме? – дейді медбикелердің бірі.

-... Мұның қаншалықты жаман екенін түсіну үшін айтайын - бізге зарарсыздандыратын майлықтар да берілмейді. Бірақ, кейде комиссия келгенде береді, – дейді патронаттық қызметтің учаскелік фельдшері Гүлзада ӘДЕШЕВА.

Оның айтқанына басқа әріптестері де қосыла кетті. Айтуларынша, олар сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін ауысымсыз жұмыс істейді. Мейірбике қызметкерлерінің жалақысы санаты мен еңбек өтіліне байланысты 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. 

Басшылықтың өз қарамағындағыларға осылай немқұрайдылық танытуы оларды қынжылтып отыр.

Патронаж қызметінің медбикесі, 12 жылдық тәжірибесі бар Айсұлу СҮЛЕЙДІҢ айтуынша, ұжымның соңғы жиналысында президентке жолданған хатта жазылғанның бәрі тағы да айтылды. 

- Сол кезде бізге барлық ақша басшылықтың оқуына жұмсалғандықтан қосымша үстемеақы төлей алмайтындарын айтты, - дейді А.Сүлей. 

Медицина қызметкерлері қазіргі директордың емхананы басқаруға басқарушылық білімі жеткіліксіз деген пікір білдірді. Оның үстіне, емдеу мекемесінде тамыр-таныстық орын алған: есепшінің күйеуі мен ұлы осы мекемеде күзетші болып жұмыс істейді екен.

Емхана директоры Бақтылы АХМЕТОВА «АЖ» тілшісін кабинетінде қабылдады, емхананың заңгері де сол жерде болды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жағдайды тексеру үшін комиссия құрылып жатыр, ол алдағы тексеру нәтижесіне сілтеп, болып жатқан жағдайға түсінік беруден бас тартты. 

Еске салсақ, Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық прокуратурамен келісе отырып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен №4 қалалық емхананың директорын ұстады. Бұл туралы облыстық Антикор басшысы Ерұлан СЕРІКҚАЛИЕВ Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады. 

24 қазанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.  

Айнұр САПАРОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

10 қараша 2023, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.