
Павлодар облысында полицейлер мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше ай ішінде қылмыстық топ жергілікті тұрғындардан 40-қа жуық ұсақ мал ұрлаған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Павлодар облысының полиция департаменті мәлімдегендей, күдіктілер Екібастұз өңірінде жүйелі түрде мал ұрлығымен айналысқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстық топтың болжамды мүшелерін анықтады. Олардың барлығы облыс тұрғындары болып шыққан.
«Тінту кезінде төрт бас ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған басқа да заттар тәркіленді», — деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Төрт күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар ұрланған 40-қа жуық малдың әзірге тек төртеуі ғана тәркіленгені хабарланды. Қалған малдың қайда екені жарияланған ақпаратта нақтыланбаған.
Қазір тергеушілер ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.
Ішкі істер министрлігі ауыл тұрғындары үшін мал көбіне негізгі табыс көзі екенін еске салды. Сондықтан мал ұрлығы отбасыларға айтарлықтай материалдық шығын келтіреді.
В Атырау +2.9