Атырау, 27 шілде 05:05
 ашықВ Атырау +25
$ 474.83
€ 515.38
₽ 5.50

№4 емхананың дәрігерлері әділдікке қол жеткізді

461 просмотра

freepik.com

Жұмыскердегі №4 қалалық емхана қызметкерлерінің шағымы расталды. Дәрігерлердің ұжымдық арызы бойынша жүргізілген тексеру жұмысы жалақы мен қосымша ақының төлемі бойынша бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Бұл туралы Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының «АЖ» тілшісінің ресми сауалына берген жауабынан белгілі болды.   

«Басқарма басшысының бұйрығына сәйкес тексеру жүргізілді. Комиссия құрамы мекеме қызметкерлерімен кездесу жасады. Анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруге және бұзушылыққа жол берген жауапты мамандарға тәртіптік шара алуға ұсыныстар берілді. Туындаған мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді», -  делінген басқарма басшысы Қайсар АБДАЛИЕВТЫҢ қолы тұрған жауапхатта.

Жауапта нақты қандай заңбұзушылықтар екені ашып көрсетілмеген. Дегенмен, «АЖ» емхана қызметкерлерімен бірнеше аптадан бері байланыста: қызметкерлер жұмыс көлеміне, мамандардың жетіспеушілігіне, жалақының аздығына және қосымша ақылардың төленбейтініне шағымданғаны белгілі. Жан басына шаққандағы нормативтің ынталандыру компоненті (СКПН), сыйақы уақытылы төленбейтініне де арызданған.

Енді сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының жүргізілуіне байланысты заңбұзушылықтарды реттеу директордың міндетін уақытша атқарушы Г.Ю. ДЖУМАНИЕЗОВҚА жүктелген.

Еске салсақ, 29 қазан күні Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген №4 қалалық емхана директорын ұстағанын хабарлады.

24 қазанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Атап өтетіні, биыл 2023 жыл үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1 млрд 476 млн 549 мың 600 теңге қаржы бөлінген.  

Айнұр САПАРОВА

6 желтоқсан 2023, 12:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 700 672 70 30 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.