Әлеуметтік желіде Жұмыскер ауылында орналасқан №4 қалалық емхана қызметкерлерінің өздерінің бас дәрігеріне қатысты шағымдарын айтқан видео таралды. Қызметкерлер басшыларының жұмыс көлеміне, мамандардың жетіспеушілігіне, жалақының аздығына және қосымша ақылардың төленбейтініне наразы.
Бәрі үшін бірі
- Мен бұрын екі участокты қарадым. Қазір біреуін қараймын. Бірнеше медбикенің орнында жүрмін. Жұмыс өте көп. Бірақ бір медбикенің жалақысын аламын - 248 мың теңге. Негізі үшеу емес, алты медбике болуы керек бізде.
Басқа да проблемалар бар. Мәселен, СКПН-ды (жан басына шаққандағы нормативтің ынталандыру компоненті - авт.) кешіктіріп береді. Мен медбике болып 13 жыл істеймін. Премия екі рет алған болармыз. Ал 1-емханадағы танысым 80 мың теңге СКПН, 120 мың теңге премия алған өткенде. Бұл бәріне бірдей бөлініп отыр ғой? Бізге неге ондай берілмейді? Бәрінің кредиті бар, балалары бар, пәтер жалдап жүргендер бар. Менің өзімнің бес балам бар. Тіпті қыркүйекте ақша таппай қиналдым балалардың сабағына. Қыркүйектің жалақысын 6 қазанда берді, - дейді медбике.
Емханада жалақының үнемі кешіктіріліп берілуіне байланысты маман да тұрақтамайды.
«Өлместің күнін көріп жүрмін»
Ал амбулаторияда еден жуушы болып істейтін әйел онсыз да мардымсыз жалақысын негізсіз қысқартқанына шағымданды:
- Менің жұмысымның жүктемесі өзгермесе де 2021 жылдан бастап 0,5 ставка жалақымды алып тастады. Таңғы алтыда жұмысқа келемін. Екі қабатты ғимаратты өзім жуамын. Әр таң сайын анализге тапсырылған сұйық, қою дәреттерді ыдысқа құйып, иісін иіскеп тұрамын. Білесіз бе, бұл да жағымды жұмыс емес, бірақ біреу мұны істеуі керек және сәйкесінше ол үшін ақы алуы керек қой. Емхана басшысы арызымды қарамай, кәсіподақ жетекшісіне жібереді. Бірақ одан нәтиже жоқ. Шынымды айтсам, жағдайым жоқ. Кейде емханада қонып қаламын. Екі асыраушымнан айрылдым. Пәтер жалдап тұрамын. Өлместің күнін көріп жүрмін.
«АЖ» облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен комментарий сұрады. Басқарма басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ былай жауап берді:
«№4 қалалық емханасына қарасты Жұмыскер дәрігерлік амбулаториясы қызметкерлерінің аталған емхана басшысына қатысты, қосымша ақы төлеу, т.б туралы жазған шағымы бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен "Senim" салалық кәсіптік одақ төрайымы барып қызметкерлермен кездесіп, шағымдарын тыңдады.
Денсаулық сақтау баскармасы басшысы өз кезегінде нақты шағым бойынша комиссия құрылып, қызметтік тексеріс жүргізілетінін және тексеріс нәтижесі туралы қызметкерлер ақпараттандырылатынын жеткізді. Кездесу кезінде аумақтық блогер Р.Баязиев қатысып, кездесу барысында ұялы телефонына таспалаған”.
Айнұр САПАРОВА
Блогер Р.Баязиевтің видеосы