Атырау, 27 желтоқсан 06:39
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Үлкен дода

2 664 просмотра

Мұнай өндіруді бастар алдында Қашаған жобасы тағы да республикалық және шетелдік БАҚ-тардың назар аударар нысанына айналды. Бұған жобадағы құрылымдық өзгерістер мен мерзімдерді кезекті жылжытулар туралы алып-қашпа сөздер себепші болды.

Атап айтсақ, NCOC (North Caspian Operating Company) корпорациясы мен оның агенттік NCPOC (NC Production Operations Company) компаниясының бірігуі туралы әңгімелер күшейіп тұр. Біздің ақпарат көздеріміз растағандай, бұл, ең алдымен, «Аджип ҚКО» агенттік компаниясының атына тіркелген барлық мүлікті («Болашақ» зауыты, теңіз аралдарындағы технологиялық қондырғылар, өндірістік базалар, қоймалар және т.б.) жоба операторы, Солтүстік Каспий бойынша Өнімдерді бөлу келісімінің (ӨБК) жеті қатысушысының мүдделерін қорғайтын NCOC-қа тапсыруымен байланысты шыққан. Осындай алпауыт үлкен мүлікті барлық процедуралық рәсімдерін сақтай отырып, тапсыру - өте қиын, ұзақ және шығыны көп үдеріс. Біздің ақпарат көздеріміздің хабарлауынша, осылардың барлығынан құтылу үшін NCOC пен Аджип ҚКО-ны қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Осы қайта ұйымдастыру барысында NCOC Аджиптің мүлігін символикалық $1 бағасына сатып алып, қалған барлық кезеңдерде өндірісті қолданумен айналысатын ҚМГ мен Шеллдің біріккен кәсіпорны – NCPOC-қа басқаруға береді.

NCOC әзірге бұл құрылымдық өзгерістер туралы әңгімелерге өз түсініктерін берген жоқ.

Ал Қашағанда мұнай өндіруді бастау кезеңі турасында NCOC баспасөз қызметі өндірістік нысандарды қосу «жыл ортасына» жоспарланып отырғанын, ал мұнай өндіру барлық нысандарды сынақтан өткізіп болғаннан кейін басталатынын хабарлады.

«Сол өндірістік нысандарды қауіпсіз іске қосу және оларды қабылдап-тапсырудың қауіпсіздік пен көптеген жылдар бойы сенімді өндірістік үдерістерді қамтамасыз ететін ең жоғары стандарттарға сәйкес болуы негізгі басымдықтарымыз болып қалуда, - делінген баспасөз хабарламасында. – «Қашаған» кенорнының өндірістік нысандарын қосу кезеңдермен жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың 25 ақпанында қосу-өңдеу бойынша жұмыстардың маңызды кезеңдерінің бірі жүзеге асырылды, атап айтсақ, «Болашақ» МжГДКҚ нысандарына табиғи газ беру жүргізілді».

Баспасөз хабарламасында жазылған келесі сөздер өздеріне назар аудартады: ««Қашаған» кенорнының D аралындағы теңіз өндірістік құрылғылары «Болашақ» МжГДКҚ жер үсті құрылғылары, А аралының құбыр желілері мен құрылғыларынан кейін қолданысқа енгізілетін ең соңғы құрылыс нысаны болады».

Яғни, NCOC осы хабарламасы арқылы алғашқы мұнайды астананың туған күні – 6 шілдеде беруді тапсырған қазақстандық тараптың талаптарын орындай алмайтынын түсіндіргісі келеді. Өйткені бұл уақытта тек өндірістік циклдерді қосу жұмыстары басталса (бітпеген жұмыстардың үлкен көлемін есепке алсақ, басталар ма екен?), осы үдерістің ең соңғы сатысы – мұнай алуға әлі ерте шығар. Осыған қарағанда, жобаны жүзеге асырудан болатын экологиялық апат қауіптілігінің үлкендігі соншалық, консорциум үлкен қаржылық шығын көрсе де, барлығын ұқыпты істеуге дайын (естеріңізге салсақ, ӨБК-нің 2008 жылғы 31 қазанындағы қосымша келісімінде «егер коммерциялық мұнай өндіру 2013 жылғы 1 қазанға дейін басталмаса, консорциумның шығындары өтелмейді» деген тармақ қарастырылған).

Жоғарыда айтылғандарды, сондай-ақ, қазақстандық шенеуніктердің алғашқы қашағандық мұнайды президент туған күніне орайластырып алу ниеттерін көңілге түйсек, 6 шілдеде мұнай ысырмасын салтанатты ашу рәсіміне Теңізден Болашаққа 20 цистерна мұнай алдыратын болыпты деген аңыз әңгіме шындыққа ұласуы әбден мүмкін.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.