Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Сақтапберген ӘЛІПҚАЙЫРОВТЫҢ айтуынша, инспекция қызметкерлері облыс аумағынан киіктерді соңғы рет өткен жылдың қазан айында Азғыр маңынан көрген екен. Бұл кезінде үйір-үйір болып дала кезген Еділ-Жайық популяциясынан (28 мың бас) қалған бірлі-жарым киіктер еді.
2011 жылы осы топтың 12 мың киігі пастереллеза індетінен қырылып қалды. Өткен жылы белгісіз себептермен Батыс Қазақстан облысында тағы да төрт жүз бас опат болды. Үстірт популяциясына жататын киіктердің біздің облысымызға келуі соңғы жылдары тіркелген жоқ. Қазақстан заңнамалары бойынша киіктердің бөліктері мен дериваттарын тіршілік ету ортасынан алуға (өндіруге) және қолдануға 2020 жылға дейін тыйым салынған.
Айта кетсек, облыстық Ауғанстан ардагерлері одағының аң аулау шаруашылығында 70-ке тарта киік мекен етеді. Одақ төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ былай дейді:
- Бәрі де мұрағаттан мына жазбаларды оқығаннан басталды: 80-жылдары облыс аумағында қырғауыл өсіру жұмыстары жүргізілген екен. 1992 жылы Ресейден жүзге тарта қырғауыл әкеліп, өз шаруашылығымыз аумағына жібердік. Алайда олар жоғалып кетті. Кейіннен ресейлік әріптестеріміз бұл құстар жыртқыштардан тығылып, өз тамақтарын тауып жеу үшін тікенекті бұталар мен жабайы астық тұқымдастарын отырғызу керек деп ақылдарын айтты. Біз айтқандарын жасадық – жыл сайын бірнеше гектар жерге шеңгел, арша және жабайы сұлы отырғыздық. Содан кейін Ростов облысы Ақсай елді мекенінен мыңға жуық қырғауыл алып келдік. Соңынан Волгоградтан екі рет қораздарды әкелдік. Қазір біздің қырғауылдар теңіз жағалауы бойында ондаған шақырым жерлерге таралды.
Асылтек ИСПУСИНОВ: «Міне, осы маңда ақбөкендер жайылады».Осы жылдары ауған жауынгерлерінің аңшылық шаруашылығының дәнді өсімдіктер алқабында 20 ұрғашы және тоғыз мүйізді киік өсіріле бастады.
Мұндай дәл сандар қайдан алынды дейсіз бе? Қырғауыл-дарды санауға ыңғайлы болу үшін шаруашылықта түйелер кең қолданылды. Машинаның дауысы естілген бойда құстар бірден жоқ болып кетеді. Ал түйеге мініп алып, алыстан болса да, бинокльді қолдана отырып, санауға болады. Киіктерді санауға да осы тәсіл қолайлы болды.
- Біздің қорықшыларымыз – жергілікті, Исатай ауданының тұрғындары. Олар біздің осы бір сиреп қалған киік үйірін құртқысы келетін браконьерлерді жек көреді. Қорықшылардан суыт хабар келген бойда менің «ауғандықтарым» айтылған жерге лезде жетіп, астарлап айтқанда, қаруларын өз бастарына сындырады, - дейді А.Испусинов.
1993-1995 жылдар аралығында қыс аязды да қарлы болды. «Ауғандықтар» дала алқабындағы қалың түскен қарды трактормен тазалап, ақбөкендер үшін шөп әкеліп, шашты. Содан бері киіктер Ауғанстан ардагерлері одағының шаруашылығын мекен етеді. Қазір мұнда 50 ұрғашы және 20 еркек киік бар.
Қорықшы Файзолла.Шаруашылық қорықшысы Файзолланың айтуынша, олардың міндеттемелеріне киіктерді тек браконьерлерден ғана емес, сондай-ақ қасқырлардан да қорғау кіреді. Көкжалдарды қару мен қақпан қолдану арқылы жойып отыр екен. Ертегілердей емес, шынайы өмірде қасқырлар түлкіге қарағанда қу болады. Ол өлексеге бірден ұмтылмай, түлкі мен қарсақтың ауыз тиюіне жол береді. Содан кейін ғана оларды қуып жіберіп, тамақтануға өзі кіріседі. Қақпанға көбіне түлкі түсетіні осыдан екен.
Осыдан бірер күн бұрын біз Асылтекке аңшылық шаруашылыққа барып, сүйікті жануарларын көріп қайтуды өтінген едік. Біз киіктердің төлдеу кезеңіне тап болдық.
- Төлдеу кезінде және жас бөкендер аяқтарына нық тұрғанша аналық киіктер үйірден бөлініп, көрінер көзден жасырынып жүреді. Бұл кезеңде олар өте сақ және шошығыш болып келеді, - деп Асылтек маған биноклін берді. Біз тасаланып отырған жерден екі шақырымдай жерде бір сары нәрсе көрінді. Ол қозғалып, көз алдымыздан тез жоғалып кетті.
- Бұл елес емес, тірі киік, - деп күлді Асылтек. - Ақбөкенге бұл жер ұнаған екен, біз оған жағдай жасауды шештік. Санкт-Петербургтен Канада күрішінің тұқымын сатып алдық, енді отырғызу жұмыстарына кірісеміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ