Ажырасу – тек ересектер үшін ғана емес, алдымен балалар үшін ауыр жағдай. Неке бұзу процесі кезінде бала кіммен қалады, екінші ата-анасымен қарым-қатынас жасау тәртібі қалай болады деген сұрақтар туындайды. Неке және отбасы туралы заңнамадағы соңғы өзгерістер бойынша ажырасқаннан кейін балалармен қарым-қатынас жасаудың құқықтық аспектілері туралы адвокат Гүлсім САБЫРОВАМЕН әңгімелескен едік.
АЛДЫМЕН ҚАМҚОРЛЫҚОРГАНЫ,СОДАН СОҢСОТ
- Әдетте ажырасқаннан кейін бала анасымен бірге қалады. Бірақ редакцияға хабарласқан әкелердің (ажырасқандар) тәжірибесі көрсетіп отырғандай, олар бұл сот тәжірибесін түбегейлі дұрыс емес деп есептейді.
-Иә, баланың әке-шешесін бөле алмайтынын, ол үшін әке мен ана біртұтас екенін, екеуін де жақсы көретінін әйелдер түсіне бермейді. Бала «қаласам, баланы көрсетемін, қаламасам, көрсетпеймін» деген принцип бойынша әрекет ететін бұрынғы зайыбының бопсалау қаруына жиі айналып жатады, оның әкесімен араласуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайлар ер адамды сотқа жүгінуге мәжбүрлейді. Осыдан он жыл бұрын ажырасқаннан кейін ер адам үйінен кетіп, баланы анасына қалдырып, оған ерікті түрде материалдық көмек көрсетуге және демалыс күндері келіп тұруға («жексенбілік әке») келісетін. Енді жағдай өзгерді. Соңғы жылдары ер адамдар баланы тәрбиелеуге жиі ниет білдіріп, осы құқық үшін сот арқылы күресетін болған.
2012 жылдың 18 қаңтарында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс заңды күшіне енді. Соған сәйкес, ерлі-зайыптылар өз балаларына қатысты тең құқықтар мен міндеттерге ие. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың бірі онымен араласуға, оның тәрбиесіне атсалысуға құқылы. Неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған баланың тұратын жері туралы дау-дамай болған жағдайда бұл дауды сот шешеді. Алайда бұл екінші ата-ананы баласымен араласу құқығынан айырмайды және оны асырап бағуға қатысу міндетінен босатпайды. Бөлек тұратын ата-анасының кәмелетке толмаған баласымен қарым-қатынас жасау тәртібін белгілеу процедурасына өзгерістер енгізілді. Дау туындаған жағдайда ол алдымен қамқоршылық және қорғаншылық органдарына хабарласуы тиіс. Егер осы орган белгілеген тәртіп көңілінен шықпаса ғана, ол сотқа жүгінуге құқылы.
- Баласымен заңды қарым-қатынас жасай алмаған ата-ана өз құқығын қалай қорғайды?
- Кодекстің 73-бабына сәйкес, егер мұндай араласу баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығына, оның адамгершiлiк жағынан дамуына зиян келтiрмесе, баласы өзімен бiрге тұратын ата-ана баланың екiншi ата-анасымен араласуына кедергi жасамауы тиiс. Ата-аналары бөлек тұратын кезде баланың тұрғылықты жерi мен заңды мекенжайы ата-аналарының келiсiмiмен белгiленедi. Келiсiм болмаған кезде ата-аналардың арасындағы дауды баланың мүдделерiн негiзге алып және оның пiкiрiн ескере отырып, қорғаншылық немесе қамқоршылық органның қатысуымен сот шешедi. Бұл ретте сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-iнiлерi (қарындастары) мен апа-сiңлiлерiне үйiрлiгiн, баланың жасын, ата-аналардың адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (ата-аналар қызметiнiң түрiн, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды) ескередi.
Ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртібі туралы сот шешiмi орындалмаған жағдайда, кiнәлi ата-ана ҚР заңдарында көзделген жауаптылықта болады. Сот шешiмi қасақана орындалмаған кезде баласынан бөлек тұратын ата-ананың талап етуi бойынша сот баланың мүдделерiн негiзге алып және баланың пiкiрiн ескере отырып, баланы оған беру туралы шешiм шығара алады.
Бұдан басқа, баласынан бөлек тұратын ата-ананың білім беру ұйымдарынан, медициналық және басқа да ұйымдардан өз баласы туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ата-ана тарапынан баланың өмiрi мен денсаулығына қатер болған жағдайда ғана ақпарат беруден бас тартылуы мүмкiн. Ақпарат беруден бас тартуға сот тәртiбiмен дау айтылуы мүмкiн.
ӘЖЕСІ НЕМЕРЕСІН КӨРГІСІ КЕЛЕДІ
- Қарым-қатынас жасау уақытын сот қалай белгілейді? Көбінесе әкелері белгіленген уақыттың балаларымен толыққанды араласуына жетпейтіндігіне шағымданып жатады.
- Қарым-қатынас жасауға бөлінген уақыт мөлшері баланың жасы мен денсаулық жағдайына, ата-аналардың мекен-жайының қашықтығына, ата-ананың тұру жағдайына, баланың осы ата-анаға үйірлігін және т.б. көптеген факторларға байланысты болады.
Сот процесі барысында оған қамқоршылық және қорғаншылық органдары белсенді қатысады. Оларға баласынан бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынасты қалай жасау керектігіне қатысты пікірді қалыптастыру міндеті жүктеледі. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары бұл отбасындағы жағдайдың қандай екенін, ата-аналардың қайсысына баланың үйірсек екенін анықтаулары тиіс. Осы байламды, сонымен қатар, жасалған кестенің сәби мүддесіне толық сай келетіндігі туралы ішкі пікірін негізге ала отырып, судья өз шешімін шығарады.
Қалыптасқан сот тәжірибесіне сәйкес, үш жасқа толмаған сәби, әдетте, анасымен бірге тұрады. Қамқоршылық органы да, сот та баланың бөлек тұратын әкесімен араласу тәртібін қарау кезінде олар көрсеткен жасқа жеткенше мұндай қарым-қатынас жасауды мөлшермен шектейді (мәселен, қонуға алып кетуге рұқсат бермейді). Бұл баланың емшек еметін кезеңде болуына, физикалық және психологиялық тұрғыда анасына тәуелді әрі үйір болатындығымен байланысты. Сондықтан мұндай жаста баланы анасынан ұзақ уақытқа ажырату оның физикалық және психикалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін.
- Қандай жағдайларда сот баламен қарым-қатынас жасауға рұқсат етпеуі мүмкін?
- Егер баланың мүддесі соны талап етіп тұрса. Екінші ата-ананың қарым-қатынас жасауға кедергі келтіруіне дәлелді себептер анықталса, мұндай талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Мәселен, бөлек тұратын ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау кезінде заңсыз немесе лайықты емес әрекеттері (оған мас күйде келуі, екінші ата-анасына қарсы қоюы, әдепсіздік жасауға икемдеуі, балаға қатысты зорлық әрекеттер жасау, жазалаудың қатаң түрлерін қолдану, ата-аналық құқығын теріс пайдалану және т.б.).
- Әкесінен басқа баланы басқа туыстарымен, мәселен, екі жақтың ата-әжелерімен қарым-қатынас жасаудан да айыратын жағдайлар болады.
- Баламен қатынас жасау құқығына тек ата-аналар ғана емес, атасы, әжесі, аға-іні мен апа-сіңлі-қарындастары және басқа туыстары ие болады. Егер ата-аналар (немесе олардың біреуі) баланың туыстарымен араласуына рұқсат бермесе, онда олар алдымен қамқоршылық және қорғаншылық органдарына жүгінуге құқылы. Ал егер келісімге қол жетпесе, сотқа талап-арыз бере алады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА