Атырау, 25 қараша 18:34
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Халыққа су беріңдер!

3 789 просмотра

Доссор тұрғындары сегіз айдан бері ауыз су проблемасын көріп келеді. Су тапшылығы, әсіресе, «Энергетик» және 1-ші ауыл ықшам ауданында қатты байқалады.

- Ықшам ауданның жағдайы биліктің назарынан тыс қалған. Әкімдікке шағымданғанымызға сегіз айдан астам уақыт өтті, бірақ судың қашан болатынын айтпай отыр, - дейді ықшам аудан тұрғындары Серік ҚАЗМАҒАМБЕТОВ, Зинеден САДЫҚОВ.

Былтырғы қазаннан сенделіске түскен бірнеше үй бүгінде бірігіп құдық қазып, оған суды автоцистерналар арқылы құйдыртып алып отыр. 

- Үш тонна су екі мың теңге тұрады. Бұл баға күн ыссыда көтеріліп кетеді. Сонда қалай күнелтпекпіз? Ал дүкеннен баклажкалап су сатып алуға зейнетақымыз жетпейді, - дейді Рахиля ГИБАДУЛЛИНА (суретте).

«Энергетик» мөлтек ауданындағылар жыл сайын судың болмауынан жеміс ағаштарының құрып кеткеніне налыды.

Биыл доссорлықтар 130 түп  қара ағаш көшетін отырғызып, балаларға арнап ойын алаңын тұрғызды, саябақты қоршады.

- Бастапқыда автоцистерна арқылы ағаштарды суартқанымен, үнемі су сатып алу қиынға түсіп кетті. Оның үстіне, билік «ауыз суға жарымай отырып, ағашқа су сұрағандары несі?» деп өзімізді сынға алып отыр. Әне, еккен талымыз ылғал жетпей, құрғап тұр. Енді өлетін болды, - дейді шарасыздық танытқан тұрғындар. - Сумен қамтуды «Ысық-Майдан» ЖШС өз міндетіне алғанымен, жұмысын дұрыс атқара алмай отыр. Білікті маман, техникасы жоқ. ЖШС директоры қарасын көрсетпей қашып кетеді. Серіктестік биыл бізбен су жеткізу туралы келісімшартын жасасқан жоқ.

«Теміржолшы» ықшам ауданында 28 үй бар. Олар жиырма  жылдан бері суды тасымалдап ішіп отыр.

- Ескі құбыр жарамайды деп кесіп тастаған. Ықшам ауданнан 800 метр жерде туберкулез ауруханасы салынып біткенде бізге де ауыз су келетін болар деп үміттенгенбіз. Бірақ әкімдік «контактный» адамдар болғандықтан қауіпті дейді. Ал туберкулез ауруханасынан жаңа балабақшаға су құбырын тартуды бастап кетті. Бұл қалай болғаны? – деп аң-таң болды Қайрат ШАДЕНОВ, Орынбасар МЫРЗАҒАЛИЕВ.

- Қазан айында «Атырау Су Арнасы» КМК-на 199 мың теңге бережақ болып қалғаннан кейін су беруді олар тоқтатты.  Содан бері қарыздарды өтеп келгенімізбен, түгел өтеу мүмкін болмауда. Қалған қарызымыз - 105 мың теңгені құрап отыр. Ал оны қалай өтейтінімді білмеймін. Негізі96 тұрғын үйді сумен қамтуымыз керек, - дейді «Ысық-Майдан» ЖШС-нің директоры Нұрбиға СЕМБАЕВА.

- Су беру жұмысы қашан ретке келтіріледі?

- Мұны мен сізге айта алмаймын. Себебі тұрғындардың бәрі бірдей төлемақыны уақытында төлемейді. Ал бізде штатта бір кассир, үш жұмысшы қызмет етеді. Оларға еңбекақыны қалай төлеймін? Сенімгерлік басқаруға берілген бір автоцистернадан басқа техника атаулы жоқ, оның өзінің өтілі біткен, ескі. ЖШС бұдан әрі жұмыс жасауы үшін су алатын мекемелерді біздің қарамағымызға беру керек. Сонда ғана жұмыс жүреді. Егер олай болмаса, мен бұл жұмыстан бас тартамын.

Мақат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Полымбет ХАСАНОВ биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасының жұмысы жалғасатынын хабарлады.

- Доссордағы су құбырлары ескірген. Поселке бойынша 103 шақырым құбыр ауыстырылуы керек. Биыл осы жұмысқа 100 млн теңге бөлініп отыр. Бағдарлама жұмысы кезең-кезеңмен жүруі тиіс. Бұған «Теміржол» ықшам ауданы кіреді. Ал «Энергетик» және 1-ші ауыл ықшам аудандағы су көп кешікпей қалыпқа келетін болады, - дейді П. Хасанов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.