Атыраулық аспаз Бағдат ҚАДЫРОВ Түркияның Анталья қаласында өткен Гастрономиялық фестивальда 750 аспаздың арасынан жеңімпаз атанып, алтын және күміс медаль жеңіп алды.
Түркияда 15-18 қараша күндері ұйымдастырылған «Gastro Antalya» аспаздар фестиваліне 20-дан аса елден аспаздар қатысқан.
- Бұл жыл сайын дүстүрлі түрде өтетін аспаздар байқауы. Оған биыл Испания, Марокко, Иран, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді 20 елден аспаздар, кондитерлер, наубайшылар қатысты. Қазақстаннан шеф аспазшылар ассоциациясынан бірнеше аспаз барды. Бұл байқауға бірінші рет қатысуым, - дейді Бағдат.
Жарыс командалық және жеке аспаздар арасында номинациялар бойынша бағаланған. Байқаудың ашылуына Анталья қаласының мэрі қатысқан.
- Жеке сайыстың шартында бізге 45 минут уақыт берілді. Сол уақыт ішінде ештеңе әзірлеп әкелместен, сол жерден қазылардың алдында дайындап бердік. Мен Жерорта теңізінің сибас балығын пісіріп, дәмдеуіштермен әрлеп ұсындым. Менің тағамым жеке аспаздар арасында үздік деп танылды, - дейді Бағдат. - Ал екінші кезеңде қойдың етін пісіріп, екінші орын алдым.
Айта кетейік бұған дейін біз жерлесіміздің Алматыда Mega сауда ойын-сауық кешені ашылған кезде сибас балығынан президенттің түскі асын дайындап бергенін жазған едік.
- Бала кезгі арманым танымал әртіс болу еді. Бірақ 4-сыныпта оқып жүрген кезімде ит қауып алып, содан бері тұтығып сөйлей бастадым. Сол себептен актер мамандығына түсе алмадым. Бірақ менің танымал болсам, ел алдында жүрсем деген арманым орындалды, - дейді ол.
Бағдаттың анасы – мұғалім, әкесі – автослесарь. Өзінің жалғыз інісі Әлихан КАДЫРОВ актерлік оқып, бүгінде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында әртіс болып қызмет етеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді Б.Қадыров жолдады