Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Студенттер даңғылында орналасқан №2 студенттер жатақханасы мен жанындағы оқу ғимараты күреліп, орнына заманауи жатақхана салынады.
Еске салсақ, былтыр 1 ақпанда 1972 жылы салынған ескі жатақхана ғимаратының қабырғасында жарық пайда болып, студенттер шұғыл қауіпсіз жерге көшірілген еді. Кейін Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратты тексеріп, тұруға қауіпті деп таныды.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә ҚОЙШЫҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, қазір ескі жатақхананы бұзып, жаңасын салу бойынша жұмыстар басталды.
«Жатақхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу порталына қойылды. Қазір қаржыландыру көзін қарастырып жатырмыз. Ол инвестор тарту арқылы салына ма, бюджеттен қарала ма, әзірге белгісіз. Жоспар бойынша, бұзылған ғимараттардың орнына 2025 жылы 900 орындық бір жаңа жатақхана салынады», - деді Ләйлә Қойшығұлова.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
«АЖ» мұрағатынан алынған сурет