Газа секторына шабуыл 45 күннен бері үздіксіз жалғасуда.
Израиль үкіметінен үмітін үзген отбасылар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға хат жолдап, көмек сұрады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Израиль-Палестина қақтығысы тоқтар емес. Үкіметтен де, халықаралық ұйымдардан да үмітін үзген израильдік отбасылар қолына қалам алып, Түркия басшысына хат жолдады. 7 қазаннан бері Хамастың тұтқынында отырған жақындарынан еш хабар ала алмаған олар Ердоғаннан көмек сұрайды.
"Біз, сізден баршамызға азап пен қайғы-қасірет әкелген осы қақтығысқа араласуыңызды сұраймыз. Бала-шағамызбен, әйелдерімізбен, күйеулерімізбен, ата-аналарымызбен олар ұрланған сәттен бастап тілдесе алмадық", - делінген Израильдағы "Кепілдегілер мен хабарсыз кеткен отбасылар форумы" жолдаған хатта.
Сонымен қатар, хатта Ердоғанның аймақтағы ықпалды көшбасшы екеніне тоқтала отырып, кепілде отырғандарды босатуға көмектесуін сұрайды.
"Сізді Таяу Шығыста, мұсылман әлемінде және одан тыс жерлерде ықпалы бар ұлы державалардың бірінің көшбасшысы ретінде танимыз. Сондықтан, сіздің ықпалыңыз басым әрі сөзіңіз өтімді екеніне сенеміз. Осы орайда біз тұтқында отырған жақындарымыздың денсаулығына қатысты ақпарат алуға, медициналық қажеттіліктерін кідіріссіз қамтамасыз етуге және олардың дереу босатылуына көмектесуіңізді сұраймыз", - деп мәлімденген хатта.
Ал Ердоған Израильдік кепілге алынғандардың жазған хатына қатысты былай деді:
"Егер Израильдік отбасылар бізге хат жолдаса, өкінішке орай, олар өз үкіметінен үміттерін үзді деген сөз. 5 жасар баланы тұтқынға алған Израиль әкімшілігінен не күтуге болады? Израильдік отбасылардың маған жазған хатында бізден олардың туыстарын босатуға араласуымызды сұрады. Ал біз израильдіктердің де, палестиналықтардың да тұтқында болғанын қаламаймыз", - деп қосты Ердоған.
TRT Haber таратқан ақпаратқа сүйенсек, болжам бойынша Хамастың әскери қанаты Кассам бригадасында 200-ге жуық тұтқын бар.