Редакцияға Атырау қаласының тұрғыны, 83 жастағы зейнеткер Шәңгерей ӨМІРЗАҚОВ зейнетақы мәселесі мен зейнеткерлерге қандай жеңілдік жасалып жатыр деген сауалдарымен келді. 40 жыл еңбек өтілімен 2003 жылы зейнеткерлікке шыққан азамат зейнетақысының дұрыс есептелгеніне күмән келтіріп, «Зейнетақымның мөлшерін қайдан білуге болады және бұл мәселемен қайда баруым керек?» деген сауал қояды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы Құрманай ҚАЛИЕВА жауап береді:
– Ш.Өмірзақовқа 2003 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған. Еңбек өтілі 38 жыл 10 ай. Зейнетақы тағайындау үшін тапсырған құжаттары бойынша табысы (ұйымдар: №7 кәсіптік училище, «ТЕМП» ЖШС, «Шельф» АҚ) орта есеппен 5 153,68 теңге. Ш.Өмірзақовтың еңбек өтілі толық болғанымен, зейнетақы тағайындау кезінде ескерілетін табысы аз болды. Оған Үкімет қаулысына және Заң талаптарына сәйкес ең төменгі зейнетақы тағайындалған. Зейнетақы төлемдерінің жалпы мөлшері 96 397 теңге (55 830 теңгесі зейнетақы төлемі, 40 567 теңгесі базалық төлем).
- Зейнеткер төлемдердің есептелуі туралы ақпарат алу үшін қайда жүгіне алады?
– Департамент зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау қызметін көрсететін уәкілетті орган болғандықтан, зейнеткерлер зейнетақы төлемдерінің есептелуіне күмәнданған жағдайда, нақтылау үшін немесе тексерту үшін Департаментке хабарласа алады.
– Азаматтардың болашақ зейнетақысын көбейту үшін жалған құжат ұсынған деректер тіркелді ме?
- Зейнетақы, жәрдемақы алушылар зейнетақы төлемдерін көтеріңкі алу үшін еңбек өтіліне байланысты күмәнді құжаттарды (бұйрықтар, жұмыс орнынан және оқу орындарынан анықтамалар) ұсынған жағдайда департамент құжаттарды кері қайтарады. Өтініш берушіге құжаттардың қайтарылғаны туралы SMS хабарлама арқылы хабарлайды. Еңбек өтілі қажетті құжаттармен расталмаса, зейнетақы есептеу кезінде ол есепке алынбайды. Ал зейнетақы төлемін есептеу кезінде есепке алынатын табыс ақпараттық жүйе арқылы тексеріліп, жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналарының кірісімен салыстырылады. Бүгінде жалған құжат негізінде зейнетақы төлеу дерегі тіркелмеген.
Көбінесе зейнеткерлер жүгінеді
Ресми жауаптан кейін біз бас маман Қ.Қалиеваға қосымша сауалмен жүгіндік:
- Әлеуметтік төлемдерге қатысты түсініктеме алу үшін департаментке қай санаттағы азаматтар жиі жүгінеді?
– Мұндай сұрақтармен көбіне зейнеткерлер жүгінеді. Арыз бен сұрақтар түскен кезде түсініктеме береміз. Тиянақты жауап беру үшін өтініш берушінің қай мекемеде, қай жылдары жұмыс істегені туралы еңбек кітапшасы мен мұрағаттан анықтама сұратамыз. Әскери билеттегі ақпарат пен оқу орны туралы мәліметтер де есепке алынады. Мысалы, егер әйел бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққан болса, бұл уақыт та есептеледі. Бұрын зейнеткердің өзі жалақысы жоғары жұмыста істеген үш жылдық табысы туралы мәліметті әкелсе, қазір бұл табысы жоғары жұмыс істеген жылдарын автоматты түрде «білетін» арнайы бағдарлама арқылы есептеледі, - дейді К.Қалиева, - Зейнеткерлерге ғана арналған жеңілдіктерге келсек, республикалық бюджетте мұндай нормалар жоқ.
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлмира АТШЫБАЕВА заңда зейнеткерлерге бөлек жеңілдік қарастырылмағанын растады. Оның айтуынша, тұрғын үй көмегі түріндегі жеңілдіктер тек аз қамтылған отбасыларға беріледі. Бұған жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы отбасылар, жетім балалар кіреді. Жеңілдік коммуналдық төлемдер мен табысына қарай беріледі.
Тұрғын үй көмегі туралы мәлімет
Атырау қалалық мәслихатының 2015 жылғы 19 қарашадағы №308 «Атырау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешімі негізінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі тағайындалады. Тұрғын үй көмегінің мөлшері меншік иесі тұрып жатқан тұрғын үй аумағының әлеуметтік нормасы шегіндегі өтініш берілген айдың алдыңғы тоқсандағы коммуналдық қызметтердің түбіртек-шоттары және отбасына кіретін табыстың 3 пайызының айырмасы ретінде белгіленеді.
Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе электрондық үкіметке жүгіну қажет. Өтінішті тоқсанына бір рет веб-портал арқылы беруге болады, - деп нақтылады қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер.
Қажетті құжаттар тізімі:
1. Өтініш;
2. Жеке басын куәландыратын құжат;
3. Отбасының кірісін растайтын мәліметтер;
4. Тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған ай сайынғы коммуналдық шығындардың мөлшері және күрделі жөндеу жүргізу (терможаңғырту) келісімшартының төлем түбіртектері.
Бір орталық жеткіліксіз
Біз Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына зейнеткерлерге берілетін жеңілдіктер туралы сауалмен хабарласқан едік. Басқарманың бізге берген мәліметінше, Атырау облысында жалғыз басты қарттар мен 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған №4 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бүгінде орталық 109 адамға қызмет көрсетеді.
2 қазанда «Белсенді ұзақ өмір сүру» бастамасы аясында «Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жанынан Атырау қаласы, Балықшы, А.Байжігітова көшесі, 80А мекенжайында «Белсенді ұзақ өмір сүру және зейеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға үйде қызмет көрсету орталығы» КММ (436,1 ш.м) ашылды.
Мекемеде 32 қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында йога, дене шынықтыру мен спорттық ойындар жаттықтырушысы, музыкалық жетекші, қолөнер мұғалімі, заңгер, психолог, тіпті информатика мұғалімі бар. Алдағы уақытта осындай орталықты Алмагүл мен Нұрсая ықшамаудандарынан ашу жоспарланып отыр. Жазылу үшін орталыққа бару керек.
Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімдері, жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталықтары және ауылдық округ әкімдіктері арқылы үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Басқарма мамандарының айтуынша, қала және аудандарда әлеуметтік қызметкерлер жалғызбасты қарттардың үйлеріне барып, демалысына екі рет үйін тазалап, терезесін жуып, дәрісін алып келу секілді көмектерін көрсетеді.
Олардың сөзінше, 194 әлеуметтік қызметкер 616 жалғызбасты, мүгедектігі бар адамға және 276 мүгедектігі бар балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, қалалық, аудандық мәслихат шешімдеріне сәйкес, Республика күніне орай барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға бір рет – 7,5 АЕК мөлшерінде (2023 жылы – 25 875 теңге) әлеуметтік көмек көрсетілді.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА