Атырауда белгілі өлкетанушы, педагог Юрий Александрович Пастуховқа арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.
Атырауда, әсіресе, аға буын өкілдері арасында бұл ерекше тұлға туралы естімеген адам кемде-кем шығар. Ол 73 жыл ғұмырында облыс көлемінде ғана емес, одан тысқары жерлерде де көп еңбек сіңірді.
Дарынды адам барлық жағынан талантты болады деп бекер айтпаған ғой. Ғалым, ұстаз, фотограф, журналист, ақын, жазушы, бард, актер, халық театрының директоры Юрий Пастухов сегіз қырлы, бір сырлы ғажайып тұлға еді. Оның қызметінің, ізденістерінің, шығармашылығының әр бағыты жеке назар аударуға тұрарлық.
Юрий Александровичтің көп қырларының бірі – өлкетану. География пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүргенде, мектеп кабинетінде қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен жәй көне бұйымдардың көрмесін ұйымдастырып, оқушыларды қуантатын. Шәкірттерімен бірге облыстық, республикалық өлкетану байқауларының жүлдегерлері атанды.
Тағы бір сала – палеонтология – біздің өлке тарихындағы ең аз зерттелген кезең. Пастухов өмірінің бірнеше ондаған жылын осы ғылымға арнап, жүздеген оқушы мен студентке, соның ішінде маған да Ақтолағай және Ақкегершін бор тауларының ғажайып әлемін ашқан еді. Ал оның экспедициялар кезінде жинаған тарих қойнауында тасқа айналған өсімдіктер мен жануарлар коллекциясы шағын жеке мұражайға айналды, кейін оларды мемлекетке сыйға тартты. Сондықтан Жилгородокта орналасқан Қазақстандағы мезозой дәуіріндегі жалғыз палеонтологиялық мұражайдың қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Мұражайдың барлық жәдігерін Ю.А.Пастуховтың өзі жинаған, оның ішінде заманауи ғылым сәйкестендіре алмаған бірегей және сирек кездесетін түрлері бар.
«Юрий Александрович тек туризмді, өлкетануды, палеонтологияны дамытуға ғана емес, жалпы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосты және бұл шара оның шәкірттерінің еңбегі», - деп атап өтті Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әсия ҚЫСТАУБАЕВА. - Бұл мемориалдық тақтаны орнату туралы ұсынысты қарастырған тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясының бірде-бір мүшесі «Пастухов деген кім және ол не істеп еді?» деген сауал қоймағанын атап өткім келеді. Бірауыздан шешім қабылданды!».
Ескерткіш тақтаны орнатуға «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей КОРАБЛЕВ бастамашы болып, жобаны өз қаражатына жүзеге асырды.
«Юрий Александрович бүкіл ғұмырын балалармен жұмыс істеуге және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Біздің 20-шы мектепте география пәнінің мұғалімі болып жүргенде туған жеріме деген сүйіспеншілігімді оятқан да сол кісі еді. Бүгін ол кісіні еске алып отырмыз, бұл жерге келген жастардың көптігіне қарап, бұл естелік ұмытылмайтынына сенімдімін», - деді ол.
«Ол кісінің мұны көрмегені өкінішті-ақ. Сондықтан бүгін әрі қуанып, әрі мұңайып тұрмын», - деді салтанатты ашылудан кейін Пастуховтың жесірі Ольга Леонидовна.
Юрий Александрович үш жыл бұрын өмірден өтті. Ол нағыз азамат, патриот және жәй ғана жақсы адам еді.
Лев ГУЗИКОВ
«Былина» ЭМБ ұсынған суреттер