Атырау, 26 қараша 13:55
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Едіге САБУРОВ: «Табиғатта жаман ауа райы болмайды, ал жауын-шашынды жинау керек»

Сурет
1 241 просмотра

Ұзаққа созылатын нөсер жауын Атырау тұрғындарына қанша шығын әкеледі? Қала көшелерін басқан сумен күресу үшін салық төлеушілердің миллиондаған теңгесі жұмсалып жатыр екен.

Су басу – үйреншікті нәрсе

Естеріңізде болса, қазан айындағы соңғы нөсер екі күнге созылып, әдеттегіше, қалада ақырзаман орнады. Салдарын жоюға «Арнаулы автобазаның» су сорғыш техникасы жұмылдырылып, «Атырау облысы су арнасы» КМК көліктері көмектесіп, жеке кәсіпорындардың бірнеше вакуумы тартылды. Тіпті жағдайдың салмақтылығы сондай, қала әкіміне процесті бақылау үшін резеңке етік киіп, тобықтан келетін суды кешуіне тура келді.

Сол кездегі суды тартып шығаруға нақты қанша қаржы жұмсалғаны туралы «АЖ» тілшісінің сұрағына қала әкімінің орынбасары Ерболат ОМАРОВ: «суды шығару жалпы санитариялық тазалық жұмыстарына кіреді, биыл бюджеттен 2,090 млрд теңге бөлінді» деп жалтара жауап берді. Ал, гидрогеология ардагері Едіге САБУРОВ сіз бен біз бұл шығынды төлемес едік немесе тым болмаса бюджетке түсетін салмақты айтарлықтай азайта алар едік деген сенімде.

Балаусадағы тәжірибе жасаушы

Түсінікті болу үшін Едіге Сабурұлы «АЖ» тілшісін танысы Ербол АХПАНБЕТОВТІҢ Балауса ықшамауданында орналасқан үй іргесіндегі учаскесіне шақырды.

Бұл жасыл желекке оранған ықшамаудан емес, керісінше, оның тұрғындары өз учаскелерінде өсімдіктер өсіруге тырысқанымен, жантақтан басқа ештеңе шықпайды.

Бірақ Ерболдың шағын бағы бар. Ол жылдан жылға ағаштардың қалай өсетінін бақылап отырады. Бұрын оларды тұндырылған ауыз сумен суаратын - ол жерде суармалы су жоқ. YouTube-тегі блогерлердің бірінің кеңесімен өз учаскесінен жауын-шашынның әр тамшысын жинайтын су жинағыш орнатқан. Үй мен гараж бүкіл суды арнайы орындарға бағыттайтын науамен жабдықталған, содан кейін ол су жинағышқа құйылады.

Жазда ол осы сумен бақшасын суарып, техникалық қажеттіліктерге пайдаланады. Бұл бүкіл маусым бойы суару мәселесін түбегейлі шешті деп айта алмаймыз, бірақ жауын-шашын жауған сайын вакуумдарға тапсырыс беруге мәжбүр болатын ықшамауданның басқа тұрғындарынан айырмашылығы, әрбір жаңбыр тамшысы ол үшін игілікке айналған.

- Жерасты бассейнінің арқасында Ерболдың қанша тегін суы барын есептеп көрейік, - дейді Едіге аға.

Гидрогеолог калькуляторды алып, кез келген оқушының қолынан келетін қарапайым есепті шығарды: жаңбыр суын науалар арқылы жинайтын Ерболдың үйі мен гаражының шатырының ауданын орташа жылдық жауын-шашынға көбейтті. Шыққан санды текше метрге айналдырды. Бұл иесіне отбасылық бюджетке зиян келтірместен өз бақшасын суаруға мүмкіндік беретін едәуір цифр болып шықты.

- Кейде ыдысқа бүкіл жауын-шашын сыймайды, - деп мойындайды Ербол, - Бұл кішкентай, тек тәжірибе мақсатында жасағаным ғой. Егер мұны үлкейтсем ...

- Онда ол жерде су да көп болады, – деп оның сөзін аяқтады Едіге аға. - Менің түйгенім, қалада жиналған бүкіл жаңбыр суын іске, мысалы, көгаландыру үшін пайдалануға болады. Ол үшін Ерболдікі сияқты, бірақ үлкенірек, жерасты ыдыстарын салу керек. Мысалы, кез келген сауда орталығының шатырын алайық, одан қанша су алуға болатынын елестете аласыз ба?

...Шын мәнінде, адамзат орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне әлдеқашан көшкен. Ал ашық су көздерін бір кездері пайдаланды.

Шаруашылық қажеттіліктеріне жаңбыр мен еріген қар суларын да пайдаланды. Ғимараттардың жанына жауын-шашындарды сақтайтын ыдыстар қойылатын. Орташа қарқындылықта бір жаңбырдан жерге бірнеше миллиметр су жауады. Нәтижесінде мыңдаған текше метр ылғал қала ішінде қалады, оны су тапшы жерде пайдалануға болады. Жауын-шашыннан көшелер мен жертөлелер суға кетіп жатыр, ал ол Жайықтың аянышты күйін ескерсек, табиғи ресурстарды сақтауға көмектесер еді.

ТКШ жауабына сүйенсек, қаладағы су басатын проблемалы аймақтар – Сарықамыс ықшамауданы, Жиембет, Мясокомбинатская, С.Датов, Шолохов, Жамбыл, Қоскелдиев және Қаржауов көшелері. Осы құнды болып тұрған ылғалды текше метрлеп салық төлеушілердің ақшасы есебінен ағызып жібереді: қаланың сол жағалауынан Сарықамыс ықшамауданына, оң жағалаудан – элеватор ауданына тасымалданады.

- ...Бұл судың егістіктерді суару мен елді мекендерді көгалдандыру үшін пайдаланбай жатқаны қандай өкінішті, - дейді Е.Сабуров әкім орынбасары Омаровтың сөзіне қатысты пікірін білдіріп. – Жауын-шашын боп түсетін су – көктен жауған сый ғой. Мыңдаған вакуум оны қажетсіз қоқыс сияқты шығарып тастайды. Онсыз да жауын-шашынға бай емес өңіріміз үшін бұл ұтымды ма?

Мысалы, басқа елдерде экономикалық тұрғыдан тиімдірек тәжірибе бұрыннан қолданылып келеді: құрылысшылар құрылыс кезеңінде жаңбыр суын жинау үшін резервуарларды өздері жоспарлайды. Бұл коммерциялық нысан иелеріне де, жеке сектордағы үй иелеріне де қатысты. Бұл анағұрлым тиімдірек, өйткені учаскеде резервуар болса, олар суды шығарып тастау үшін ақша төлемейді. Ол жақта бұл мәселе біздегідей тұрғындардың есебінен емес, олардың есебінен жасалады.

Біздің елімізде су ұтымсыз пайдаланылады. Жаңбырдың ғана емес, жауған қардың да салдары қандай болатынын еске түсірейікші. Қарды да коммуналдық қызметтер қала сыртына тасымалдайды. Ал оны оқшауланған резервуарларда сақтап, маусым басталғанда еріген суды техникалық қажеттіліктерге, соның ішінде суаруға да пайдалануға болады. Кәсіп иелері Ербол секілді жауын-шашын жинайтын қымбат емес резервуарларды орнатып, кейін бұл суды пайдаланып, артығын сата алады.

Оның үстіне, ҚР Азаматтық кодексінің 189-бабының күшін әлі ешкім жойған жоқ. Меншiк иесi, мәселен, сол сауда орталығының қожайыны өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтеруге міндетті. Яғни, оның аумағынан суды сорып шығару, сондай-ақ қар тазалау салық төлеушілердің мойнына жүктелмеуі керек. Бұл үшін халық емес, ол төлеуі керек. Ең бастысы: бүкіл әлем климаттың өзгеруіне байланысты суды үнемдеуге тырысып жатқанда, ал су қорғауды қажет ететін ресурсқа айналған заманда, біз ол үшін қыруар ақша төлеп, оны қала сыртына төгіп, әлі де онымен күресіп жатырмыз.

...Ауа райына келсек: Атырауда бүгін тағы жаңбыр жауып жатыр.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Автор түсірген және «АЖ» мұрағатынан алынған суреттер

17 қараша 2023, 22:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.