Атырауда қаланың қақ ортасында тұратын тұрғын әлі күнге дейін көмір жағып, май шаммен отырады.
«Осылай өмір сүріп жатырмыз»
Салтанат МҰҚАШЕВ (Байтұрсынов көшесінде) 1953 жылы салынған ағаш үйде тұрады. Үйдің ішінде газ, су, тіпті жарық та жоқ.
Оның айтуынша, бұл үй әкесінен қалған. Бүгінде әке шешесі, бауырлары бәрі о дүниелік болған. Қазір қарындасымен бірге тұрады.
- Қарындасым көптен ауырады, сөйлемейді, жүрмейді. Мүгедектігі жөнінде әлеуметтік төлемақы да алмайды. Себебі оған тиісті құжаттарды жинақтап, тасып жүретін адам жоқ. Өзім де жұмыссызбын, үйде қарындасымды бағып отырмын, - дейді Салтанат.
Бүгінде қамыстан салынған үйдің қабырғалары сөгіліп, үй жерге отырып кеткен. Күн көзі түспеген бөлмелердің ішін ылғал басып, ауласы да қараусыз қалып, су алып кеткен. Жерасты суы болғандықтан оны тазалағанмен қайтадан орны суға тола береді.
Салтанаттың ас-тамағын ата қоныс көршісі пісіріп береді.
- Ішетін суды да бізден алып отыр. Алдымыз қыс. Осы жылы жаңбырдан үйлерінің төбесіне су кетті. Қыста қалай отыратынын білмеймін. Қайырымды жандар болса ауласына бір бөлмелі конструктор контейнер орнатып берсе, суы мен жарығын бізден алуға көмектесер едік, - дейді көршісі Марина.
Салтанаттың айтуынша, кезінде Иманғали Тасмағанбетов облыс әкімі болып тұрған кезде, ол өңір басшысы тұратын резиденцияның аула сыпырушысы болып қызмет еткен:
- Сол кезде маған жаңа үй әперу туралы ұсыныстар айтқан. Бірақ әке-шешем ата қоныстан көшкісі келмей, содан осы жерде өмір сүріп жатырмыз.
«Нақты уақыты белгісіз»
«АЖ» тілшісі Мұқашевтардың үйінің қай уақытта сүрілуге кететіні жөнінде қалалық әкімдіктен білген еді. Анықталғандай, ескі қала бойынша сүру жұмыстары бюджеттің бөлінуіне байланысты кезең кезеңмен жүзеге асып жатыр екен. Бірақ нақты қай уақытта сүрілетіні белгісіз. Алайда: «Үй мемлекет қажеттілігіне алынған жағдайда үй иелеріне үйдің қаржысы берілетін болады», деп нақтылады.
Өткен жұма күні атыраулық ерікті жастар қайырымдылық жасап, бұл отбасына жаңадан төсек көрпе, матрац, өзі мен қарындасына жылы киімдер табыстады. Сонымен қатар тұрғынның бұл жағдайың «Қаракет» қайырымдылық қорына жеткізуге атсалысты. Бүгінде мұнайлы астанада қауқарсыз күйде тұрып жатқан тұрғынға баспана алып беру үшін бүкіл ел болып қаржы жинауды бастап кеткен.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор