Атырау, 26 қараша 13:34
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау облысында көлікті міндетті сақтандыру құны 29%-ға төмендейді

1 088 просмотра

2024 жылдан бастап автокөлікті міндетті сақтандыру құны өзгереді, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Енді сақтандыру құнына көлік құралы тіркелген өңірдегі апаттылық деңгейі ықпал ететін болады. Өңірде апаттылық аз болған сайын сақтандыру компаниясы аздау төлем жасайды және тиісінше, сақтандыру тарифі де азырақ болуға тиіс.

Қазір сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін айқындау кезінде жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу стажы, автокөліктің типі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің апат жасау жағдайлары есепке алынады (жүргізушінің тәртібі үшін жеңілдіктер немесе үстемеақылар).

Автокөлікті сақтандыру құнын анықтаудың жаңа тәртібі өңірдегі апаттылық деңгейіне қарай оларға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы көлік құралы тіркелген өңірдің өлшемін түзетуді көздейді. Түзету коэффициенттері Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордағы автоматтандырылған есептеу арқылы жыл сайын айқындалатын болады. Бұл ретте барлық қолданыстағы өзге де өлшемшарттар, оның ішінде көлік жүргізу тарихы сақталады.

Ағымдағы жылғы қазанда Агенттік 2024 жылға арналған түзету коэффициенттерін бекітті, олар көлік құралы тіркелетін әрбір өңірге қолданылатын болады. Алдын ала болжам бойынша еліміздің 11 өңірінде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді  (мысалы, Алматы қ. 18%-ға, Атырау облысында 29%-ға), 7 өңірде сақтандыру құны артады (мысалы, Астана қ. 5%-ға, Шымкент қ. 9%-ға), Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгеріссіз қалады деп күтілуде.

Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10%-ға арттыруға немесе азайтуға құқылы.

Мұндай тәсіл автокөлікті сақтандырудың әділ құнын қамтамасыз етуге бағытталған және автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларын уақтылы жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

16 қараша 2023, 20:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.