Атырау, 26 қараша 13:58
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сантехниктер ереуілі: «Еңбек жағдайын өзгертуді талап етеміз!»

Сурет Бейнежазба
757 просмотра

ЖШС болып қайта құрылған бұрынғы «Бәйтерек алаңы» ПИК жұмысшылары екі жылға жуық уақыттан бері жалақыларын көтерте алмай, жалпы өз еңбек құқықтарын қорғай алмай келеді. 14 қарашада серіктестік қызметкерлері наразылық белгісі ретінде ереуіл жариялады. Сөйтіп өз талаптарының мазмұнын жария ету үшін «Ақ Жайық» газетінің редакциясына келді. 

«Шыдамымыз таусылды» 

Белгілі болғандай, мәселе өз қызметкерлерін үнемі балағаттайтын серіктестік басшысына да қатысты екен, олар еңбек келісімшартының жоқтығына және жұмыс жасауға жағдай жасалмағанына да шағымданды. 

Өткен жылы ЖШС қызметкерлері Атырау облыстық еңбек инспекциясына басшыларына шара қолдануды сұрап, ұжымдық хат жазған. Хатта жалақының кешігу деректері көрсетілген, оларға есеп айырысу парақтары берілмеген, үстеме жұмыс пен түнгі ауысым үшін төленбеген. 

Шағымданғандар, бұлар екі электрик – Жолдасқали ШУНАЙБАЕВ, Қайыр АҚБЕРДИЕВ және үш сантехник Асылхан ТҰҒЫРӘЛІ, Жасұлан ЖҰМАЛИЕВ және Андрей ДИКИН – іс жүзінде ЖШС-де жоғарыда айтылғандардан бөлек, проблеманың әлдеқайда көп екенін айтты. 

– Былтыр ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бәрінде көтерілгенімен, біздікі сол күйі қалды. Біз басшымызға жалақымызды көтеру туралы өтінішпен бірнеше рет жүгіндік, бірақ әр жолы ешбір дәлел келтірместен, бас тартады. Мардымсыз жалақымен күн көруден шаршадық: отбасымыз бар, несиеміз бар... Жүйкеміз де сыр берді, ақыры!... – дейді ЖШС-дегі бүкіл жұмысшының ішіндегі ең тәжірибесі мол Қ.Ақбердиев қынжылыспен. 

-...Басшымыз үнемі тіл тигізеді. Әр жұмыс күніміз әдепсіз балағат сөздермен басталады. Бізді ешкім тыңдамайды. Бізге берілген еңбек келісімшарттарында мөр де жоқ, қол да қойылмаған. Еңбек жағдайына келсек: арнайы киіміміз де, қорғаныс құралдары да жоқ, құрал-саймандарды өзіміз сатып аламыз, - деп толықтырды сантехник Ж.Жұмалиев. 

-...Ал сантехниктер метан көп жиналатын жерлерге, атап айтқанда, кәріз құдықтарына,  жертөлелерге түсуге мәжбүр, - деп қосты Ж.Шунайбаев. 

Айтуларынша, бірнеше жұмысшы мұндай жағдайға шыдай алмай, жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Зейнеткерлікке бір жыл қалғанда, шебер кетіп қалған, ал аула тазалаушылар жаппай жұмыстан шығып жатыр екен.

- Басқа ПИК қызметкерлері 150-180 мың теңгеден алады. ЖШС-де жұмысшы тапшы, қалғандары бүкіл 35 үйге қызмет көрсетуге үлгере бермейді, соның салдарынан шағымдар түседі. Бір жерден өрт шығады,  бір жерден су кетеді, подъездер лас - екі айда 50 шақты шағым түсті. Біз әбден шаршаймыз, демалыс жоқ, айына 130 мың теңгеге жуық ақша аламыз, түнгі ауысым мен үстеме жұмысқа ақша төлемейді. Адамдар мұндай қарқынға шыдай алмай, кетіп жатыр.

Түнгі ауысымда такси шақырып, жүргізушіге өз қалтамыздан төлейміз, – деп, бірінің сөзін бірі бөліп, реніштерін білдіре бастады.

 

«Мораторий тексеру жүргізуге мүмкіндік бермеді»

Біз «Бәйтерек алаңы» ЖШС директоры Клара ҚАЗИЕВАҒА хабарласып, осы жағдайға байланысты түсініктеме беруді сұрадық. Директор қызметкерлерінің балағат сөздерге қатысты шағымдарын жоққа шығарды. Ал жұмыстың көптігіне байланысты штатта 12 адам жұмыс істейтінін, қажет болған жағдайда қосымша сантехник, электрик немесе аула тазалаушы, т.б. жалдайтынын айтты.Оның айтуынша, олардың айлық жалақысы 130-150 мың теңге. 

– Біз шағын компаниямыз, қызметкерлердің жалақысын көбейту үшін ПИК қызметінің тарифін 45 теңгеден 60 теңгеге дейін көтеру керек. Ал 45 теңге - қалалық мәслихатта бекітілген тариф. 

– Дегенмен, қызметкерлеріңіз жалақыларының 130 мың теңгеден аспайтынын айтып отыр. 

– Әрине, олардың жалақысынан міндетті төлемдер ұсталады ғой. Түнгі ауысымда және демалыс күндеріндегі қосымша төлемдер төленіп жүр, ал еңбек келісімшарттарына барлық қажетті қолдар қойылып, мөрлер басылған, - дейді Қазиева. 

Ол шебердің жұмыстан кетуіне қатысты да түсініктеме берді. Оның айтуынша, «мастер денсаулығына байланысты жұмыстан кетті, өйткені ол көзіне операция жасатқан соң, жертөлеге түсе алмайтын болды». Ал қызмет көрсетілетін үйлердің саны туралы сұраққа жауап берген ол 35 үйдің 10-ын қала әкімдігінің балансына беру жоспарланып отырғанын айтты. 

Біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен еңбек инспекциясына байланысқа шығуға тырыстық, бірақ нәтиже болмады. Дегенмен, жарияланар алдында инспекциядан хабарласты. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілі Кемел ИМАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, мораторийге байланысты шағым бойынша тексеру жүргізілмеген, сондықтан жұмысшылардың хаты тиісті назарға алынбапты. «1 қаңтардан бастап мораторий алынады, егер жұмысшылар осындай хатпен қазір жүгінсе, міндетті түрде тексеру жүргізіледі», - деді ол. 

Ал ЖШС қызметкерлері шара қолдану үшін прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, тағы да еңбек инспекциясына шағымданбақшы.

Айта кету керек, былтыр еңбек даулары бойынша 1900-ден астам шағым түскен. Ал биылғы 9 айда олардың саны 1700-ден асқан. 

Айнұр САПАРОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

16 қараша 2023, 13:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.