...Ай толыса туып, айналаны жап-жарық қылған екен. Жым-жырт тыныштықты малдың күйісі бұзып тұр. Шөптер де ай жарығымен сорая көрінеді. Әдеттегідей, түн ортасы демей, үйден күртешесін желбегей жамылған Сатыбалды айналаны барлай көзімен шолып өтті. «Жаман ауыздар» айналсоқтап арасында маңайлатып жүретіні бар. Сақ болмаса болмайды, қасына келген төбет иті еріне жата кетті. Негізі өзі сақ, сәл бөгде сыбдыр естілсе, үріп тыным таппайды. Ай жарығына тамсана көз тастап, Сатыбалды ертеңгі шаруаны ой елегінен өткізе үйге енді. Түн ортасы ауса да өткен күндер еске түсіп, біразға дейін көз шырымын ала алмады.
Аудан түгілі облысқа кеңінен танымал мал шаруашылығының еңбеккері, марқұм Исламғали АМАНТУРЛИН мен Қапизаның отбасында алты ұл, екі қыз, барлығы 11 бала дүниеге келген еді. Шетінен еңбекқор, дегенмен әкесі Сатыбалдысын бөлек көретін.
- «Еңбекке ерте араластың, пайдаң тез тиді» деп айтып отыратыны есте. Айтса айтқандай, мектеп жасына жетпей, әкемнен бір елі ажырамайтынмын. Түн болса да бірге ере шығып, қол фонаригімен мал жақты шолып жүретінбіз. Негізі малшы ауылда науқандық жұмыстар жыл он екі айда қайталанып келіп тұрады. Қой төлдету, шағылыстыру науқаны күндері шала ұйқы болып жүреміз, - дейді Сатыбалды.
Қозы іздеймін деп далада қонып қалған кезі есіне түсті. Жасы 5-6 шамасында болу керек. Буаз қойларды бөлек бағу кішкентай Сатыбалдыға да жүктелген. Бірде бір қой туып, қозысы далада қалып қойыпты. Сатыбалды іздеуге шықты. Қозы көріне қоймады, демде қою қараңғылық орнады. Адасып үй жақты бағдарлаудан қалған оған зираттар кез болды. Әбден сілелеп шаршаған Сатыбалдыны әкесі сол зират маңынан ұйықтап жатқан жерінен тауып алыпты.
Сатыбалды 1986 жылы мектеп табалдырығын аттайды. Каникул болса бір күн тұрмайды, қырдан бір шығатын. Күні бойы тыным таппайтын әке-шешесіне жәрдем бергісі келеді. Көкірегінен аяушылық сезімі кетпей, ақыры 9-сыныпты бітірісімен әкесіне өзі көмекші болды. Басқа бауырлары да сабақтан босасымен қырға қарай бағыт алатын.
Әскери борышын өтеуге аттанар кезде Исламғали: «Балам, алаңдамай барып кел, сен келгенше қойды өзім бағамын ғой» деп шығарып салғаны бар. Әкесіне көрсетпей, жасын жұтып, қой бағудың оңай емесін сезіне, артына қарайлай кетіп еді.
- Ол кезде техника жоқ, ағаларым Қуаныш, Жанай, Қанат, інілерім Жәнібек, Кенжебай, бәріміз түйе шалғымен пішен дайындаймыз. Тырмауышқа ат жегеміз, дайындалған шөпті сауын інгенмен тасимыз. Ал шешем болса, келіндерін ертіп, құмаршық қағатын. Қыста қатынас мүлдем үзіледі. Талай рет қарды кешіп, ауылдан қырға жаяу шығатынбыз. Себебі, бәріміздің міндетті жұмысымыз бар, төрт түліктің жауапкершілігі мойнымызда болатын, - деп еске алады Сатыбалды.
Амантурлиндер 2000 жылы «Кенже» шаруа қожалығын құрады. Шаруашылыққа жалғыз Сатыбалды емес, Кенжебай басшылық жасаса, ал Қанат техника жағын өз міндетіне алған. Бірлесе еңбек еткен олар марқұм болған әке-шеше шаңырағын шайқалтпай, ұстап келеді. Бүгінде Амантурлиндер «Жыбырлақ» учаскесін төрт түлік малға толтырған.
Биыл ауыл шаруашылығы күнінде «Кенже» ШҚ басшысы Сатыбалды Амантурлин де үздіктер қатарынан көрініп, «Үздік фермер» номинациясымен марапатталған болатын. Сатыбалды үлгілі әке, жары Жайдарлымен бірге жеті баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені Ақболат Оралда Жәңгірхан атындағы аграрлық-техникалық университетте экология мамандығында білім алса, ал екі қызы өнерлі, қобыздан облыстық, республикалық жүлделерге ие болып жүр.
- Қысқа толық дайынбыз, мал азығы жетерлік. Малды өсіру оңай емес, зейнетінен бейнеті басым түсіп жатады. Бірақ біз малшы баласы ол қиындыққа үйренгенбіз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал мәнін жойған жоқ. Негізі бос кезімде кітап оқығанды жақсы көремін. Доп ойнап, ләңгі де тебем. Қолымыз боста атанымызды баптап, бәйгеге қосып жүрміз. Арманым жоқ демеймін, басты мақсатым - өзгелерге үлгі боларлық жақсы іс тындыру, - дейді Сатыбалды.
...«Жыбырлақтағы» таң арайлап атты. Сатыбалды таңғы асын ішіп, қойларды алдына салды. "Биыл шөп жақсы шықты, жайылысқа өкпе жоқ" деп қояды іштей. Сайын даланың сұлулығына тамсанған ол үнемі жанынан қалмайтын төбетіне жымия қарады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор