Интернетте «ҚазМұнайГазға инвестиция салып, жоғары табысқа кенел» деген желеумен оңай жолмен ақша табуға шақыратын алаяқ сайттар пайда болып тұрады, деп хабарлайды kmg.kz.
Мысалы, жақында kmzg.space (сайт атауы бірден күдік туғызады – алаяқтардың қармауына түсіп қалмау үшін, ең алдымен, сайт атауына мән беру керек) сайты анықталды. Онда желі қолданушыларынан байланыс орнату үшін арнайы кестені толтыруды сұрайды, осы арқылы олар электронды поштасы, аты-жөні және ұялы телефон нөмірін анықтайды. Жоғары табысты уәде еткен алаяқтар келесі әрекеттерді орындауды сұрайды: 1) сайтта тіркелу, 2) «ҚазМұнайГаз қаржы сарапшысынан» қоңырау күтуді және тіркеуді растау, 3) сол күні кешке дейін шотқа қажетті инвестиция сомасын құю.
Мұндай құрылымы қарапайым бір беттік сайттар сенімді болып көріну үшін ұлттық компаниялар мен қаржы ұйымдарының басшылары, белгілі адамдардың атын жамылып, жарнама жасайды. Жалған сайт жасаушылар ҚазМұнайГаздың бұрынырақ жариялаған ресми бейнероликтерін қолданып, түпнұсқадағы аудионы өз мәтіндерімен ауыстырады. Осылайша, сайтты ашқан қолданушы бірден кәсіби диктор дауыстаған, компания аталған, жоғары табысты уәде еткен жалған бейнероликке тап болады.
Алаяқтар іздеу жүйелерінде, сондай-ақ YouTube, Facebook-те жаппай жарнама таратады. Оны басқан қолданушы әлеуметтік желілерде жалған аккаунтарға, одан әрі жалған сайтқа немесе оның басқа доменмен тіркелген көшірмесіне өтеді.
Жалған ресурстар көбіне халықаралық зоналарда (.COM аймағында және басқаларында) тіркеледі. Бұл домендерді тексергенде, шетелдерде тіркелгенін байқауға болады. Айта кететіні, әлемде 1500-ден астам домен зонасы бар, оның ішінде 300-ге жуығы ұлттық (олардың көпшілігін жеке фирмалар мен корпорациялар тіркеп, жүргізіп отыр). Ал алаяқ ресурстардың иелері көбіне Қазақстан Республикасында тіркелмеген.
Дегенмен, ҚазМұнайГаз интернет алаяқтар анықталған бетте бұғаттау үшін құқық қорғау органдарына және уәкілетті органға жүгінеді. 2022 жылдан бастап ҚМГ атын заңсыз пайдаланған 100-ге жуық ресурс бұғатталды.
ҚазМұнайГаз бір ғана ресми сайты бар екенін мәлімдейді, ол — kmg.kz. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының атын жамылған басқа сайттар алаяқтарға тиесілі. Компанияның қызметі туралы сенімді ақпарат тек ресми сайтта, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жарияланады.