Атырау, 19 қараша 14:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Астанада газ тапшы: Әкімдік министрлікке, министрлік халыққа сілтейді

630 просмотра
kazgerm.kz

Еліміздің кей өңірлерінде сұйытылған газ тапшы. Жанармай станцияларында көгілдір отын тек талонмен сатылып жатыр. Бұл жағдай аймақтар былай тұрсын, енді елордаға да жетті. Елімізде өндірілетін отынға өзіміз жарымай отырмыз. Мұның себебі неде? inbusiness.kz тілшісі зерделеп көрді.

Елордалық жанармай құю бекеттерінде газ талон бойынша сатылады, себебі мегаполисте шикізат тапшы. Сондықтан жағдай қалыпқа келгенше шектеулер енгізілді, деп хабарлады бас қаланың әкімдігі.

Бұл ретте ведомство автогаз тапшылығын қазан айында Атырау зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысына және "ПМХЗ" ЖШС мен "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауыттарының жүктемесімен байланыстырды.

6 қарашадағы жағдай бойынша қалада газ қалдығы 900 тоннаны құрайды, жолда келе жатқаны – 1476,3 тонна.

"Оның ішінде 6 қараша 9 вагон (324 тонна) жеткізілді, 7 қарашада 16 вагон (576 тонна) жеткізіледі деп күтіліп отыр. 7 қарашадан бастап "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ зауыты 25 вагон (900 тонна) газ, 8 қарашада 15 вагон (540 тонна) сұйытылған газ көлемін жөнелтуді бастайды. Қазіргі уақытта мәселе тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында, шектеулерді кезең-кезеңімен бір апта ішінде алып тастау жоспарланып отыр", – деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Алайда "ҚазМұнайГаз" Астанадағы тапшылықты Атырау мұнай өңдеу зауытымен (АМӨЗ) байланыстырмайды. Компания аталған зауыттан елордаға газ бұрыннан жөнелтілмейтінін хабарлауға асықты. 

"ҚР Энергетика министрлігі бекіткен тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын (СМГ) жеткізу жоспарына сәйкес, биыл қазан айында Астана қаласының қажеттіліктерін өтеу үшін 7 452 тонна, оның ішінде Павлодар мұнай-химия зауытынан (ПМХЗ) 1 980 тонна және СНПС-Ақтөбемұнайгаз-дан (ҚазМұнайГаз тобына кірмейді) 5 472 тонна отын бөлінді. Аталған көлем Павлодар мұнай-химия зауытынан толық жеткізілді. Астана тұрғындарының қажеттілігі үшін СМГ Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) бұрыннан жөнелтілмейді", – деп хабарлады  "ҚазМұнайГаз" баспасөз қызметі.

Компания мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары Астана қаласының сұйытылған газ нарығына әсер етпейді, өйткені зауыт отынның осы түрімен бұрыннан тек Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұтынушыларын қамтамасыз етіп келеді.

Бұл тұста Астана әкімдігі мен "ҚазМұнайГаз" арасындағы даудың жай-жапсарын мұнай-газ саласы бойынша сарапшы, шолушы Олжас Байділдиновтен сұрадық.

"Астана әкімдігі мен "ҚазМұнайГаз" арасындағы дауда мен елорда әкімдігінің жағындамын. Еліміздің солтүстігіндегі сұйытылған газ тапшылығы бір жағынан Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарымен байланысты", – деп есептейді сарапшы.

Олжас Байділдиновтің пікірінше, Қазақстанның Батысында өндірілген және таралатын сұйытылған отынның бір бөлігі онда нақты тұтынылмай, солтүстікке және орталыққа жіберілді.

"Қазір газдың ең жоғары көтерме бағасы тоннасына 40 мың теңгені құрайды, қыркүйекте мен газ цистернасына құйып алу үшін тоннасына 130 мың теңгеден (3 есе қымбат) сатып алдым, бүгінде баға тоннасына 165 мың теңге, бірақ тамыз айынан бастап елордада сұйытылған газ жоқ. Яғни, тамыз айының басында тапсырыс бердім, бірақ отын қыркүйек айының ортасында ғана жеткізілді. Содан кейін мен көбірек тапсырыс бердім - бірақ астанада ешкім тапсырыс қабылдамайды", – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, қазір газдың қашан келетінін, құны қанша болатынын ешкім білмейді. Оның үстіне нарықта бір адамнан 2 тонна ғана тапсырыс қабылдау туралы айтылмайтын ереже қалыптасқан көрінеді.

"Маңғыстау облысында (қаңтар айына дейін) тексеру жүргізіліп, газды тасымалдау жоспарына қатысты алаяқтық фактілері әшкереленді. Шын мәнінде, тұтынылатын газ көлемінің бір бөлігі батыстық тұтынушыларға емес, солтүстік-шығысқа кетті, онда баға бірнеше есе жоғары және оны ешкім ешқашан реттеп отырған жоқ. Бір жарым жылға жуық уақыт ішінде 1,5 млрд теңгенің заңбұзушылықтары анықталды, бірақ ешбір адам сотқа тартылған жоқ", – дейді шолушы.

Айта кететіні, елімізде сұйытылған газ экспортына тыйым салынған. Ал ел ішінде сұйытылған газды тасымалдауға ешқандай тыйым жоқ. Онда елдегі тапшылықтың себебі неде?

"Бірінші мәселе, Энергетика министрлігінде үйлерді жылытуға арналған газ тұтыну көлемі туралы нақты ақпарат болмаған және жоқ, ал қазір елорданың өзінде тіпті ірі тұрғын үй кешендері автономды газбен жылытуға қосылған. Өйткені қала оларды жылу желілерімен қамтамасыз етпейді, оның үстіне Астанада жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл салада елдің жоғары саяси басшылығына объективті ақпарат пен өз болжамдарын жеткізетін мамандар жоқ", – деген Олжас Байділдинов ұсынысын ортаға салды.

Жалпы, Қазақстандағы газ тапшылығына оны тұтыну көлемінің артуы да себеп  болып отыр. Ал бұл тек Астанаға ғана емес, бүкіл ішкі нарыққа қатысты.

Сондықтан сарапшы Қазақстан Президенті жанындағы Мұнай және газ кеңесінің жұмысын жандандыру қажет екенін айтады. Оның пайымынша, бұл нарықтағы шынайы жағдайды дер кезінде бағамдап отыруға мүмкіндік береді. Алайда ол кеңес құрамын жаңарту керек деп есептейді.

Еске сала кетсек, мұнай-газ кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 наурыздағы Жарлығымен саланың орнықтылығы және оны тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру мақсатында құрылды.

Ол консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ұйымның негізгі міндеті – Республикасының мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстарды тұжырымдау.

Оның құрамына ҚР Премьер-Министрі, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары және Әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары немесе Президенттің көмекшісі кіреді. 

8 қараша 2023, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.