Атырау, 4 қазан 06:40
 ашықВ Атырау +17
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

«Мұндай қырандармен біз, әрине, Орёлды аламыз» (ФОТО)

2 062 просмотра

«Жыл сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады, - деді топ ішінен біреу күйіне. Қысыла-қымтырыла өтіп қарасам, бүгінгі Жеңіс бағындағы салтанатқа келген ардагерлер саны былтырғыға қарағанда шынымен де аз екен. Біреулері бұл өмірден кетсе, біреулері осы жерге, Мәңгі алауға келетін жағдайда емес... Кеуделеріне орден-медаль таққан Ұлы Отан соғысына қатысушылар балаларының, немерелері мен шөберелерінің сүйемелдеуімен гүл шоқтарын қойып, бұрылып өтіп жатыр.

…Ал бойын тіп тік ұстаған ол жалғыз өзі келеді. Фуражкасының астынан көгілдір көзімен байсалдылана қарайды. Күстенген саусақтарының арасына шылым қыстырып алған ол кімнен тұтатып алсам екен дегендей айналасына көз тастап қояды. Ардагерді мерекелік түскі асқа алып кеткенше, қолтығынан ақырындап сүйеп, отырғышқа отырғыздым. Ол: «Қызым, маған сіріңке тауып берші, темекі тартқым кеп тұрғаны...» деді.
Николай Григорьевич ПАНОВ 88 жаста екен. Шамасы, осы күндері оған соғыс туралы жиі әңгімелеуге тура келген болуы керек, дағдыланған мақаммен әңгімесін бастап кетті: «Теміржолшы ретінде броным болса да майданға өз еркіммен аттандым... Мен үшін соғыс Орёл үшін шайқаста басталды. Үрейден қалшылдағаным әлі есімде. Алғашқы шайқаста біздің жаяу батальоннан көп адам қаза болды. Бірақ біз алға қарай жылжи бердік. Бір офицердің жақындап келіп, иығымнан қағып: «Мұндай қырандармен біз, әрине, Орёлды аламыз» дегені өмір бойы есімде қалды. Сөйтіп, Орёлды да алдық. Қандай қиын-қыстау кезеңнен өтпедік дейсің. Брянск түбінде тікенекті сым қоршауға жақындап келген едік, кенет жер астынан шыққандай немістер жақтан күшті зеңбірек пен автоматтан оқ жауа бастады. Сөйтсек, бұл жерге фашист танктері жасырылыпты. Оқ жаудырған солар екен. Бізге гранаталар лақтыра бастады. Бірақ біздің жауынгерлер гранаталардың сабының ұзындығын пайдаланып, ұшып келе жатқанда қағып алып, оларды немістер жаққа кері лақтырып жатты. Ғажайыптың күшімен ымырт үйірілгенше шыдап бағып, содан кейін еңбектеп өтіп кеттік. Жаралы офицерді де құтқардық. Мен үнемі «берілмеу керек, әлсіздіктен қорқынышты ештеңе жоқ» деген принциппен өмір сүрдім...».

Гомель түбіндегі ұрыстардың бірінде ол неміс жауынгерімен бетпе бет келіп қалыпты. Әлгі өз окопынан қарғып шыққысы келген екен. «Мен мылтықтың дүмімен бар күшіммен басынан ұрып жібердім. Ал ол құлап бара жатып, аяғыма автоматынан оқ жаудырды. Серпухов түбіндегі госпитальда жеті ай жаттым, содан соң үйіме жіберді. Жол бойында етігімді ұрлатып алдым. Үйіме қардың үстінде жалғыз шұлғаумен әрі балдақпен келдім... Бірақ әңгіме мұнда емес қой, айналайын-ау! Қарашы, бүгінгі күн қандай жарқын! Жұпаргүлдің биыл қалай әдемі гүлдеп тұрғанын көрдің бе? Міне, солай... Осындай керемет күндер үшін бейбіт өмір сүріңдер, жарқындарым. Бар, сіріңкені кімнен алып едің, апарып бере ғой. Әне, мені түскі асқа шақырып жатыр. Бұйыртса, келесі жылы кездесерміз!».

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген автор және Қанат ЕЛЕУОВ

9 мамыр 2013, 23:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.