Атырау, 11 желтоқсан 13:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Көшеттерге де құжат керек

4 859 просмотра

Мамыр – саяжайшылар мен үй іргесіндегі телім қожайындары үшін «егіс науқаны» қызатын шақ. Топырақтың құнарлылығы, суару, тыңайтқыш – мұның бәрі өте маңызды, бірақ бастысы отырғызатын материалды дұрыс таңдау керек, деп есептейді Атырау қалалық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор Шолпан ЖҰМАХМЕТОВА (суретте).

ҚҰЖАТТАРЫ БАР МА?

– Өткен жылы бізге көп шағым түсті: базардан жеміс ағаштарының жақсы көшеттерін сатып алғандай болған. Лайықты күтім жасағанымен, ағаштар жерсінбепті. Сондықтан отырғызатын материалды сатып аларда мұқият болу керек. Көшеттердің сапасы туралы куәландыратын құжаттары болуы тиіс. Бұлар – егер отырғызу материалы шетелден әкелінген болса, фитосанитарлық сертификаты және Қазақстанда өндірілген өсімдік өнімінің карантиндік сертификаты. Сондықтан сатушыдан көшеттердің, тіпті өсімдік тұқымдарының құжаттарын сұраңыздар.

– Өсімдіктің өміршең болуына «қағаз» қалай кепілдік бере алады?

– Сертификаттар зертханалық зерттеудің толық спектрі қамтылған фитосанитарлық сараптамадан өткен өсімдіктерге ғана беріледі. Олардың өміршеңдігі сабақтың, жапырақ пен тамыр жүйесінің сыртқы түрі бойынша ғана зерттелмейді, олар сонымен қатар карантиндік зиянкестерден зақым алынуына қатысты да зерттеуден өтеді. Қазақстанда, мәселен, карантиндік зиянкестердің 15 түрі кең тараған, оның бесеуі ағаш көшеттерін зақымдауға қабілетті. Бұлар – шығыс жеміс жемірі, сыңар жібек құрты, калифорниялық сымыр, американдық ақ көбелек, арам шырмауық. Сатушының қолындағы сертификат сізге оның дені сау өсімдікті ұсынып отырғанына дәлел болады.

– Отырғызу материалын таңдау кезінде неге баса назар аудару керек?

– Көшеттерді таңдаған кезде қабығы бүлінбеген бе, өсімдік сабағына мұқият қарау керек. Өсімдіктердің барлығының таза болуына назар аудару керек. Гүлдердің тұқымдары мен баданасын таңдаған кезде, тұқым арасынан арам шөп қоспасының, қоқыстың, ал баданада шірік пен жұлдызқұрттың белгілері болмауын қараңыз.

 

ТАРТЫМДЫ КӨШЕТТЕР

- Неліктен сыртқы түрі сау өсімдікті сатып алған адамдар бірнеше айдан кейін оның өліп қалатынына шағымданады?

- Бүгінде Атырау базарында Өзбекстаннан әкелінген көшеттер өте көп. Оңтүстік ағаштарының көшеттері тартымды көрінеді, сатушылар да оларды мақтайды. Бірақ көп жағдайда өнімнің тауарлық түрін сақтау мақсатында оның өсуін тежеу үшін арнайы депрессанттармен өңдейді. Ал отырғызғаннан кейін ол көшеттің не болатынына сатушы бас ауыртпайды.

Атыраудың «жасыл базарында» құрма ағашынан басқаның бәрі бар. Алайда бұл ағашты сұраса, сатушылар оны да іздеп тауып беретін шығар. Осы жерде жеміс ағаштарының – алма, алмұрт, алхоры, шабдалы ағаштарының көшеттері (300-400 теңге), сонымен қатар үйеңкі, тал (400-500 теңге), долана мен қайың (бір көшеті 2 500 теңгеден), жас ағашы 25 000 теңгеден болатын шыршалар және т.б. бар. Алуан түрлі осы өсімдіктердің ішінен жапондық сакура (бір жас ағашы бар болғаны 400 теңгеден) да ерекшеленеді. Сатушының айтуынша, оның түпкі негізі өзбектікі екен. Осының бәрі, саудагерлердің растауынша, біздің жерімізге жерсінуі тиіс. Алайда сатушылардың ешқайсысы да өз өнімдерінің сертификаттарын көрсете алмады.

Бүгінде отырғызатын көп материалдар Атырауға Шымкент пен Жамбыл облыстарынан әкелінеді. Оның бір бөлігінің сертификаттары бар. Алайда сатушылар көшеттердің оңтүстіктен әкелінгенін жасыру мақсатында олардың (өсімдіктердің) жергілікті екенін, жерсінуге қатысты проблема болмайтынын айтады. Қазір «жасыл» базарда боз арша, шырша, қарағайлар көп сатылады, оларды коттедж қожайындары жақсы алады. Бұл көшеттердің барлығы жергілікті қара топырақ секілді жентегімен сатылады. Сатушылардың айтуынша, біздің өңіріміз үшін экзотикалық  өсімдіктер осы жерде немесе Батыс Қазақстан облысында өсірілген, ал тамырлары жасырылған жергілікті топырақ жентегі сатушының сөзіне дәлел болады. Көшеттер топырақ жентегінсіз арнайы жағдайда тасымалдануы тиіс. Егер өсімдік топырағымен бірге сатылатын болса, ол зертхана жағдайында тексеруден өтуі керек. Кез-келген қара топырақ құнарлы бола бермейді, ал кейде сапасыз топырақ тамыр жүйесінің шіруіне әкеп соғуы мүмкін.

Бозарша, шырша, қарағайға келер болсақ, сатушылар өздерінің экзотикалық тауарын қаншама жарнамаласа да, «отырғызу - суару» әдісімен шектелу жарамайды. Олар үшін топырақ құнарлылығын қалпына келтіріп, ерекше күтім жасау қажет. Біздің өңірімізде құрғақ жазға, аязды қысқа және тұзды топыраққа қарамастан жақсы жерсінетін жергілікті, «өзіміздің» сұрыптарымызды қолданған жөн.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.