Атырау, 25 қараша 18:16
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Теңіз көз жасына сенбейді-2

2 824 просмотра

Үш жыл бұрын біз 2005 жылғы 2 шілдеде Теңіз кенорнында болған апаттан зардап шеккен әйел туралы жазған едік («АЖ» 15.04.10 күнгі «Теңіз көз жасына сенбейді және бір улану оқиғасы» жарияланымын қараңыз). ТШО-ның сол кездегі бір мердігер компаниясының қызметкері Гүлбану АБДУЛЛАЕВА мүгедек болып қалды. Алайда мұны дәлелдеу үшін оған ұзақ сегіз жыл уақыт керек болды.

ГАЗДЫ ШАБУЫЛ

Оқиғаны еске түсірейік. 2005 жылғы 2 шілдеде Теңіз зауытында 30 мың текше метр қышқыл және шикі газ шығарындысы орын алды. Жеті мың адам эвакуацияланып, 200-ге жуық адам әр түрлі аурулармен ТШО емханасына жолықты, үшеуі «жедел жәрдеммен» жеткізілді. Алайда сот-медициналық сараптама күкіртсутегімен уланған төрт адамды ғана растады.

Апат фактісі бойынша екі қылмыстық іс көтерілді. Біріншісі – ҚР ҚК-нің 227-бабы бойынша («Шаруашылық және басқа да қызметтерінде экологиялық талаптарды бұзу») іс кейіннен жабылды.

Екіншісі – ҚР ҚК-нің 282-бабы бойынша («Адам денсаулығына зиян келтіре отырып, атмосфераны ластау») іс бірнеше рет жабылып, кері ашылып отырды. Зардап шегуші тек біреу болатын, ол – Гүлбану.

Сол күні күкіртсутегімен уланған басқа үш қызметкердің тағдыры бүгінде белгісіз.

Медицина ғылымдарының докторы С. Е. МҰХАМЕТЖАНОВА басқарған «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» РМК-нің арнайы комиссиясы алғаш қойылған диагнозды растады: «күткіртсутегімен өткір уланудың зардабы. Екінші дәрежедегі улану энцефалопатиясы. Алғашқы кәсіби ауру (белгілеген – автор)».

 

ДАУ БОЛҒАН АКТІ

Жұмыс берушіден өндірістегі бақытсыздық жағдайы туралы акті (Н-1 формасы) 2008 жылғы 25 қаңтарда алынды. Ол да сот шешімі арқылы орындалды. Алайда акті де «форма бойынша» ресімделмеген екен – онда жұмыс беруші мен жұмысшының кінәсі туралы пайыздық қатынастағы көрсеткіштер жолы толтырылмаған. Жалпы, жұмыс берушінің жағдайын түсінуге де болады: жас әйелдің денсаулығына зиян, негізінен, ТШО-ның негізгі өндірісінде болған апат кесірінен болған, ал оның орнына мердігер жауапты болып отыр.

Содан бері соттық дау-дамайлы бес жыл өтті, әр түрлі инстанцияларда сот ісін кейде бір тарап жеңсе, бірде келесі тарап ұтты.

2011 жылғы 17 қарашада Атырау облыстық сотының кассациялық алқасы Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Салауат ИШАЙДЫҢ Абдуллаева мүддесі үшін ТШО-ның мердігер компаниясының үстінен шағымы бойынша азаматтық істі қарап, Н-1 актісін толтыру туралы Жылыой аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды (ол шешімде жұмыс берушінің кінәсі - 100%, жұмысшының кінәлілік дәрежесі – 0% болып белгіленген).

Сот алқасының шешімі тек 2013 жылғы 23 сәуірде ғана орындалды. Бұрынғы жұмыс беруші 25.01.2008 күнгі Н-1 актісіне өзгерту енгізіп, өз кінәсін толықтай мойындады.

 

АДАМ ТАҒДЫРЫНАН БЕДЕЛІ АРТЫҚ

Енді, Абдуллаеваның сенімді тұлғасы Степан ФИЛИПТІҢ айтуынша, осы акті негізінде медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссия (МӘСК) Гүлбануға мүгедектік тобын белгілей алады (бұған дейін бұл осы Н-1 Формасының дұрыс толтырылмағаны себепті жасалмаған еді). Ал алға қарай осы құжаттың негізінде мемлекеттік зейнетақы ресімдеумен қатар, бұрынғы жұмыс берушісінен денсаулығына тигізілген зиян үшін өтемақы алу мүмкіндігі пайда болады.

- Гүлбанудың денсаулығына тікелей зиян Теңізшевройлдың қызметінен болған ғой. Неге бұл үшін мердігер компания жауап беруі керек? – деп сұрадым С. Филиптен.

- Гүлбану апат салдарынан зардап шеккеннен кейін мердігер компания бұл туралы ТШО-ға жазбаша хабарлауы керек болатын. Алайда олар өз имидждерін бұзғылары келмей, кейіннен тендерлерге түсуге кедергі болмас үшін мұны жасамаған. Егер жұмыс беруші бұл туралы ТШО-ға уақытында хабарлағанда, ол жақ оның денсаулығын қалпына келтіруге шаралар қабылдап, шығындарын өтейтін еді. Бұл жағдайда мердігер компания кінәні Теңізшевройлға «аудару» үшін сотқа шағымдана алады. Алайда жоғарыда айтылған себептермен олар мұны ешқашан жасамайды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.