Атырау, 4 қазан 06:29
 ашықВ Атырау +17
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Капитан Шахметовтың естелігі

2 797 просмотра

Ерте тұру, өзен жағасында ұзақ жаяу жүру, міне, бұл - Индер ауданы Есбол селосының 92 жастағы тұрғыны, соғыс ардагері Рахметжан ШАХМЕТОВТЫҢ (суретте) ұзақ жасауының сыры.

- Ә, таң қалып тұрсың ба?  - деді жадырай түсіп Рахметжан ата. -Капитанды төсекке таңылып қалған болар деп ойладың ғой? Бұйыртса, Жеңістің 68-ші тойын көрем бе деп отырмын.

Тарамыс денелі қарт майдангер тың қалпында екен, көп жасасын!

- «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық, ерте тұрған әйелдің мың ісі артық» демекші, ерте тұрамын. Даланың жаныңды сергітетін таңғы ауасына не жетсін?!... Мен әрбір таңымды осы ауаны жұтудан бастаймын. Өзен жағасында күніне 5-6 шақырым жаяу жүремін.

Округте үш ардагер қалған. Рахметжан ата арасында оларға барып тұрады.

- Көкем күнде ерте тұрып, аулада жаттығу жасайды. Және бұл әдетін бұзған емес, -дейді келіні Айнагүл хош иісті шайдан бізге құйып отырып.

1925 жылы  Рахметжанның әкесі Шахмет ҚАБДОЛОВ шиеттей балаларын асырау үшін Астрахан облысына барып жұмыс жасайды. Қай жұмысқа да қиынсынбай кірісе кететін еті тірі әкесі ашаршылық жылдарында балаларын осылайша аман сақтап қалады. Кейін елге оралып, «Передовик» колхозында жылқышы болып еңбек етеді. Еңбекқорлығының арқасында Ленин Орденімен марапатталған.

Рахметжан 1940 жылдары мектепте оқып жүрген ауылдастарынан қалыспау үшін солармен бірге Қызыл әскерде қызмет етуге аттанады. Сретенск қаласындағы әскери училищені қысқа уақытта бітіріп шығып, Моңғолияға қайта кетеді. Сол кезде взвод командирі болған Рахметжан Иркутск офицерлер құрамының резервінде тұрды.

- 1943 жылы біз майданға аттандық. Сібірден Москваға дейін 18 тәулік жүрдік. Қала сыртындағы айналма жолда эшелон тоқтап тұрған. «Гурьевтен кім бар?» деп ақ қалпақты, төртбақтау денелі қара кісі айқайлап тұр екен. «Мен бармын!» деп айқайладым. Сөйтсем, майданға азық-түлік әкеле жатқан Ожақ деген жерлесім болып шықты. Ожақ маған және жолдастарыма ауылдың дәмін таттырып, жол азық беріп жіберді, -деп еске алады Р. Шахметов. Волхов түбіндегі қалалардың біріндерезервтегі офицерлер полкінде болған ол кейін Новгородты жаудан тазартуға қатысады.

-Ұмытпасам, 1944 жылдың 17 наурызында полк командирі Романовский шақырып алып, оққа ұшқан взвод командирі Грещенконың орнына жұмсады. Және осы түнде «тіл» әкелуді тапсырды.

Жау шебі 200-300метршамасында. Түн қатқан жауынгерлер жау шебіне жетіп, қолдарына түскен немістің аузын тығындап, кері ала қашты. Алайда, онысын  сезіп қалған жау арттарынан оқ жаудырды. Үш жауынгерінен айрылып, өзі қолынан ауыр жарақат алған Рахметжан «тілді» аман-есен алып келеді. Бұл ерлігі үшін «Ерлік үшін» медалімен наградталған Рахметжан госпитальға жіберіледі. Госпитальда жүріп, КазЦИК төрағасы болған Жалау МЫҢБАЕВТЫҢ інісі, бас хирург Құрманай МЫҢБАЕВПЕН танысып, екеуі жақын дос болады. 

- Бірде Кеңес Одағының халық әртісі Тамара ханум келді. Бірнеше тілде ән шырқаған ол қазақтың «Бипыл», «Майра» деген әндерін орындады.

Ленинградтың Солтүстігіндегі Карель мойнағы мен Карелиядағы неміс-фин әскерлері әлі қауіпті еді. Финдер көп шығынға ұшырады. Жау әйгілі «Маннергейм» бекінісін Кеңес әскерлері ала алмайды деп ойлады, оңбай қателесті. Рахметжан ата шайқастардың бірінде ауыр жарақат алды. Госпитальдан шыққаннан кейін Киев әскери округінде Белая Церковь қаласында тұрған 34-ші офицерлер полкінде жүргенде Жеңіс хабарын естіді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.