"Тренинг" іш пыстырмайды.– Мен бұрын ашуланшақ едім, бәрін жүрегіме жақын алатынмын. Егер біреу ренжітсе, оған да солай жауап беруім керек, әйтпесе мен – мен емеспін дейтінмін. «Ашу» деген тақырыпты өткеннен кейін, нашар эмоцияның денсаулығымды құртатынын түсіндім. Өзімді бақылауға ала бастадым. Қазір түрлі ұсақ-түйектерге назар аудармаймын. Және неліктен екені белгісіз, психологиялық тренингтерден кейін химияны жақсы түсіне бастадым. Мен үшін ауыр пән болғандықтан, жаттап оқуға тура келетін. Ал енді мұғалімді түсініп, формулаларды ұғына бастадым. Мұның қалай болғанын өзім түсінбеймін, - деп түсінік береді «Психология 4 you» жобасына қатысқан №12 мектеп түлегі Эльназ ГУСЕЙНОВА.
КЕРЕМЕТ КЕЗДЕСУ
«Психология 4 you» жобасы өткен жылдың тамызында іске қосылған еді («АЖ» №38, 20.09.12 ж., «Сынақтардан қорықпа» жарияланымын қараңыз). Бұл жобаның аясында психологтар мектеп оқушыларына күйзеліс жағдайын жеңіп шығып, ҰБТ-ға дайындалуға көмектеседі. Оны «Бота» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен және Балалар құқығын қорғау департаментінің, облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен «Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы» ҚБ мен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» Жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырумен айналысады. Базалық ұйымдар ретінде №№12, 19, 27 мектептер мен медицина колледжі таңдалды.
Ал бастапқыда емханалар мен мектеп психологтарын бірге оқыту жүргізілді. Жобаның мақсаттарының бірі – олардың жұмыстарын жандандыру болып табылады. Өйткені бүгінде балалар мектепте психолог бар екенін біледі, ол арасында сауалнама жүргізуге келіп тұрады, бірақ сабақ оқыған ұзақ жылдар бойына олармен бірде-бір рет тілдеспейді. Демек, оның не адам екенін, оған сенуге бола ма, жоқ па, бұл жағын білмейді. Содан соң оған кеңес алуға бармайды да.
– Нәтижелі жұмыс жасау үшін психолог үнемі көз алдында жүруі, балалардың өзіне жақындап, сенім білдіруі үшін олармен тілдесіп тұруы тиіс, - дейді «ҚТҰ» жетекшісі Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ.
Мектеп психологтарын «ояту үшін» тренингтер өткізу әдістемесі, жеке адамдармен араласу, ҰБТ-ға дайындық кезінде ашуды, күйзелісті, стрессті жеңу секілді тақырыптар бойынша арнайы оқытылды.
Медицина психологтары мұндай жобаға алғаш рет қатысып отыр. Олар мектепке келген кезде директорлардың көпшілігі қатты таң қалды: олар емханадағы мамандардың оқу орындарымен өзара әрекет етулері тиіс екендігін білмеген де екен.
– Біздің мамандарымыз үшін бұл керемет тәжірибе, - дейді сеніммен «Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы» АФ директоры Мейірімхан НҰРМАНОВА. – Біріншіден, олар жасөспірімдермен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдыларын түйсінді; екіншіден, жоба оларға өз аумақтарындағы мектеп психологтарымен танысуға мүмкіндік берді; үшіншіден, олар қазір тәжірибелік нұсқау ретінде қолданып жүрген бірегей оқу құралын қолдарына тигізді, енді олардың жоба жалғасын тапса деген өтініштері бар.
«МЕН ҚАЗІР ДАЙЫНМЫН»
«Жобаның үздік жаттықтырушысы» конкурсын өткізу – жобаның логикалық қорытындысы болды. №12 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жансұлу САРБАЛИНА үздік жаттықтырушы деп танылды. Жаттықтырушылармен бірге олардың шәкірттері – 11 сынып оқушылары да қатысты.
– Бізге тренингтер туралы айтқан кезде, біз тек жай отырып, тыңдайтын шығармыз деп ойладық. Бірақ өзімізбен көп жұмыс істеуге тура келді. Қызықты болды, - деп әңгімелейді жобаға қатысушы балалар.
Көптеген стресстік жағдайлар рөлдік ойынмен көрсетілді. Оқушылар іс-әрекеттерінің неге апарып соғуы мүмкін екенін көрді, өздеріне сырт көзбен қарай алды, мұндай жағдайдан қалай шығып және қалай әрекет ету керектігі туралы қорытынды жасады.
- Мен Шмишек пен Айзенктің тестілерінен өтіп, өзімде беймазалықтың деңгейі жоғары екенін білдім. Мұның оқу жылының басында анықталғаны жақсы болды, алдағы ҰБТ-ға деген көзқарасымды өзгертуге уақытым болды. Қазір мен моральдық тұрғыда дайынмын, - дейді сеніммен жоғарғы сынып оқушысы Бекзада.
Балалардың айтуынша, олардың көпшілігі алған білімдерін күнделікті мектеп өміріне қолдана бастаған. Енді олар өз эмоцияларын қалай басқару керектігін біледі. Олардың пікірінше, бұл басқа жағдайлар секілді ҰБТ-да да көмек болмақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА