Атырау облыстық халыққа қызмет көрсетуорталығының директоры Қайрат ҚОНЫСПЕН (суретте) өткен онлайн-конференция.
ТӨЛҚҰЖАТ АЛУ
- Мен бұрын Қазақстанда тұрдым. Қазір Ресей Федерациясының азаматымын. Ресейдегі пәтерімді жекешелендіру үшін бұрынғы тұрғылықты мекенжайым бойынша жылжымайтын мүлкі бар (жоқ) анықтамасын сұратып отыр. Алайда ХҚКО қызметкерлері менің өтінішімді қабылдамай, себебін түсіндіруден бас тартты.
Алексей Т.
-Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2121 Қаулысымен бекітілген «Жылжымайтын мүлiктiң жоқ (бар) екендiгi туралы анықтама беру» мемлекеттiк қызмет стандартына сай мемлекеттiк қызмет жеке және заңды тұлғаларға көрсетiледi. Шетел азаматтарына, заңда белгіленген тәртіпке сай төлқұжатын ұсынған соң, құжатты қабылдау күні мен беру күнін қоспағанда бір жұмыс күннің ішінде қызмет көрсетіледі.
- Менің жасым 55-те. 1958 жылы туылдым. Қазір менде жеке куәлік те, төлқұжат та жоқ. 1992 жылы «қызыл паспортымды» жоғалтып алдым. Енді мен қазір жаңа төлқұжат немесе жеке куәлік ала аламын ба? Оларды ресімдеу үшін қандай анықтамаларды жинастыруым қажет?
-Жоғалған ескі үлгідегі құжатыңызды қайта ресімдеу ХҚКО құзыретіне кірмейді. Жаңа құжаттар Атырау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полиция бөлімінің бастығының атына арыз өтінішіңізді жазып, заңда белгіленген тәртіп бойынша рәсімделеді.
- Мен жеке тұрғын үйде тұрамын. Жер телімім де бар. Бірақ, үйдің де, жердің де құжаты жоқ. 2010 жылы жекеменшік мүліктерді заңдастыру кезінде құжаттарымызды ресімдеп үлгермедік. Енді қайтадан жер мен үйдің құжатын ресімдеу кезінде қандай проблемалар туындауы мүмкін?
- Жылжымайтын мүлкіңізді заңдастыру үшін: жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы орган, яғни әкім атына арыз-өтініш жазып, әкімнің жер телімін заңдастыру туралы шешімі шыққаннан кейін ХҚКО жеке басын куәландыратын құжат, жерге орналастыру жобасы мен техникалық есебіңізбен келіп жерге сәйкестендіру құжатына тапсырасыз. Кейін Атырау қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінен тұрғын үй салу үшін рұқсат қағазын алғаннан кейін Атырау облысы бойынша «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-де тұрғын үйдің техникалық төлқұжатын жасауға өтініш тапсырасыз. Техникалық құжатыңыз дайын болғаннан кейін ХҚКО мемлекеттік тіркеуге құжаттарыңызды тапсырасыз.
СТН, ӘИК БОЛМАЙДЫ
-Енді жер беру рәсімі жеңілдейді деп естідім. Жер алатын болсақ, өтінішімді Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып тапсырсам болды екен. Қалған жұмысты мемлекеттік органдар өздері атқарады дейді. Осы рас па?
- Қазіргі уақытта жер теліміне кезекке тұру, жер телімін бөлу ХҚКО құзыретіне кірмейді. Жер теліміне кезекке тұру және жер телімін бөлу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.
- СТН, СИК енді болмайды деп естідім. Сол рас па? Қазір олардың маңызы бар ма?
-Қазақсан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №223 Сәйкестендіру нөмерлерінің ұлттық тізілімдері туралы заңына сәйкес ЖСН және БСН енгізілуіне байланысты ӘИК мен СТН еш жерде талап етілмейді.
- Маған берілген жердің екі жылға арналған уақытша мемлекеттік актінің мерзімі биыл бітеді. Алайда мен ол жерге үй тұрғызған жоқпын. Себебі, онда қажетті инфрақұрылым жүйесі әзірге жүргізіле қойған жоқ. Мен мемлекеттік актіні соза аламын ба?
Ерсайын
-Жер телімін мерзімін ұзарту ХҚКО құзыретіне кірмейді. Жер телімін мерзімін ұзарту жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде.
- Жерді бергенде мемлекеттік актіде Сарықамыс-2 деп жазылған. Мекенжай анықтамасын алдық. Онда Сарықамыс ықшам ауданы деп жазылған. Бұл екі ықшам аудан екі түрлі. Ертең біздің басымыз дауға қалып жүрмей ме?
-Мекенжай анықтамасындағы берілген мәліметтерге жауап беру ХҚКО құзыретіне кірмейді. Аталған сұраққа жауап беру үшін жергілікті атқарушы органға, яғни қалалық әкімшілікке жүгінуіңіз қажет.
-Мен «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жас отбасы ретінде тұрғын үйге кезекке тұру үшін ХҚКО жүгінген кезде орталық қызметкерлері бұл бағдарламаның тоқтатылғандығына бір апта өтті деп кері қайтарып жіберді. Бағдарламаның қашан жалғасын табатыны туралы мәлімет берсеңіз?
-Бұл сұрақ жөнінде Сізге тікелей тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмдерiне, яғни ЖКХ-ға жүгінуіңіз қажет.
-Төлқұжатымның мерзімі аяқталуда. Мен шетелге шығу үшін төлқұжатымның мерзімін ұзарта аламын ба?
-Мерзімі аяқталуға жақын төлқұжаттың мерзімін ұзарту ХҚКО құзыретіне кірмейді. Халықты құжаттандыру заңына сай төлқұжатты бір жыл мерзімге ұзартуға болатынын, ол үшін көші-қон полиция бөліміне жүгінуіңіз қажет.
ЖОҒАЛҒАН АЙЫППҰЛ
-ХҚКО қызметкерлерінің кеңесі бойынша мен электронды үкімет порталына тіркелдім. Бұл өте ыңғайлы сайт. 2012 жылдың тамыз айында бұл сайт арқылы әкеме тиесілі автокөлік құралын жүргізіп келе жатып, жол жүру жылдамдығын бұзғанымды анықтап, сайт арқылы айыппұл төледім (түбіртегім бар). Бірақ бір апта бұрын ІІД сайтына кіріп тексерген кезде ІІД ақпараттық жүйесіне төленген сәттен бастап түсуге тиісті айыппұлдың менің мойнымда әлі күнге дейін ілулі тұрғандығы анықталды. Бір айдан кейін мен автокөлігіммен шетелге шығуды жоспарлап отырмын, сол кезде қандай қиыншылықтар туындауы мүмкін?
Нұркен
-Электронды үкімет порталы арқылы төленген айыппұл үнемі ІІД ақпараттық жүйесінде жаңартылып отырады. Мүмкін сіздің түбіртегіңіз сол уақытта жүйенің ақаулығына байланысты енгізілмей қалған шығар. Шетелге шығар алдында қиындық жағдай тумау үшін төленген айыппұл түбіртегімен бірге ІІД ЖПБ-ның әкімшілік бөліміне жолығуыңыз қажет.
- Баланың жасы 16-ға толып, жеке куәлік аларда оған ЖСН-ді Салық басқармасында тіркету керектігін ХҚКО-дағылар айту керек еді, енді міне, айыппұл төлеуден құтылу үшін қысқа мерзім ішінде салық басқармасына барып тіркету керек болып отыр.
-16 жасқа толып жеке куәлік алғаннан кейін азамат Салық басқармасында тіркелуге міндетті емес.
-Мен Сізден төмендегі жағдайға байланысты туындап тұрған мәселені шешіп беруіңізді сұраймын:
Менің ұлым Аманғалиев Бағдат Алибекович 05.09.1987 жылы Атырау облысы Мақат ауданында туылған. Жасы 16-ға толып, жеке куәлік алған кезде куәлігі қате, яғни туылған күні 07.09.1987 жылғы, тұрғылықты жері Маңғышлақ облысы, Мақат поселкесі деп толтырылып келді де, біз оны қате деп кері қайтардық. Содан қайта толтырылып келгенде ЖСН де қате туылған күнмен 870907302483 деп жазылған. Біз сол кезде ЖСН-нің туылған күнмен сәйкес толтырылатынын білмедік. Енді 1-қаңтардан бастап баламның зейнетақы қоры туылған күні мен ЖСН сәйкес келмегендіктен, жарналары аударылмай тұр. Атыраудағы ХҚКО-на жолыққан кезде «біз ештеңе жасай алмаймыз, ЖСН тек 1 рет беріледі» деп жауап берген. Осы мәселені шешіп беретініңізге сенім білдіреміз.
Айман Калжанова
-ЖСН бір-ақ рет беріледі, ол өзгермейді. ЖСН-нің алғашқы төрт саны туған күнімен сәйкес келмеген жағдайда көші-қон полициясы бөлімшелерінен ЖСН дұрыстығы жөнінде анықтама аласыз, сол анықтаманы талап еткен жерге көрсетесіз.
АЛУАН ТҮРЛІ ХҚКО
- Баймұқанов көшесінде орналасқан ХҚКО жұмысы нашар. Қызметкерлер өздерінің жұмыстарын білмейді. Оларды жұмыстарына қыспаққа алып отырғызғандай дұрыс жауап бермейді. Кейбір қызметкерлерге сұрақ қойған кезімде үстелдің үстінде жатқан арыз-өтініштер үлгісінде бәрі көрсетілген деп, теріс айналып кетіп қалады. Орталықта тұтынушылар өте көп, алайда оларға орындық жетіспейді. Осы мәселе қай уақытта шешіледі?
-Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының 2011 жылғы 28 сәуірдегі №48 бұйрығымен бекітілген «Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің корпоративтік мәдениті мен этикасының ережесімен» жұмыс жасауы үнемі қадағаланып отыр. Жаңадан қосылған қызмет түрлеріне оқыту жұмыстары жүргізілуде. Егер осындай ескертпелеріңіз болса, Саll Орталық 1414 номеріне хабарлап, сонымен қатар ХҚКО реттеу залының басшысына немесе бөлім басшысына жазбаша арыз-шағымдарыңызды қалдыра аласыз.
- Қала құрылысы және қалалық сәулет бөлімі, әкімдік, жер қатынастары бөлімі немесе БТИ-ға барғаннан гөрі Сәтпаевтағы ХҚКО-на барған әлдеқайда ыңғайлы. Өйткені, мұнда кезек электронды жүйе бойынша жүреді, қызметкерлердің басым бөлігі сәлемдесіп тұрады, тіпті өздері сондай көмек қажет болғанда арыз, бланктер т.б. толтырып береді. Және әрдайым отыратын жер де табыла кетеді.
Осы орайда бір-екі ұсынысымды айтайын деп едім:
1.ХҚКО-ға келіп, құжаттарды тапсырғанда байланыс телефоныңды жазып алады. Мәселен, қандай да бір құжатты толтыру үшін 5-10 күн қажет. Бірақ, кейбір тараптардан, айталық қала құрылысы және қалалық сәулет бөлімінен 3 күн ішінде бас тартады. Алайда, ХҚКО-нан бас тартылғандығы жайлы ешкім телефон соғып хабарламайды. Сөйтіп халық уақыт кетіреді, яғни, белгіленген күні келгенде қала құрылысы және қалалық сәулет бөліміне қосымша құжат тапсыру қажет болғандықтан бас тартылғанын білесің.
2.ХҚКО-да немесе Egov.kz сайтында келесі әрекеттердің картасын іліп қойса жақсы болар еді. Мәселен, мен бау-бақша учаскесін сатып алдым. Кейін мен мемлекеттік актіні ресімдеуім тиіс. Кейін БТИ-ға тіркеу үшін қайтадан құжаттар тапсыруым тиіс. Және осының бәрі 6 ай ішінде өтуге тиісті. Мен кеңесшіде тұтынушыдан мемлекеттік актіні ресімдеу үшін қандай құжаттардың қажет екенін қарайтын папка барын түсінемін. Бірақ, бәрі ылғи да қолыңда болмайды. Сондықтан, ХҚКО-на қайта келуге тура келеді. Ал мен бірінші сәттен-ақ сайттан қажетті құжаттар тізімін қарап, ресімдеуге бәрін тапсырап едім.
Жанарбек Жарылғасынов
-Ұсыныстарыңызға рахмет. Оларды біздің басшымызға және портал архитекторларына жолдаймыз. Қазіргі уақытта порталды дамыту әрі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Және сіздің ұсыныстарыңыз міндетті түрде ескерілетін болады.
-ХҚКО-ның электронды қызмет көрсету жүйесі туралы айтып беріңізші?
-Бізде 100-ден астам электрондық қызмет көрсету түрлері бар. Ол үшін тұтынушының электрондық сандық қолтаңбасы болса болды. Электронды қызмет көрсетудің барлық түрлері туралы Egov.kz порталынан білуге болады.
-Мобильді ХҚКО облысымызда жұмысын бастады деп естідім.
-Бізде қазір бес мобильді топ жұмысын бастап кетті. Алыс аудандарға шығатын машиналарымыз ноутбук, принтер, интернет байланысымен қамтамасыз етілген. Қызметкерлеріміздің жұмыс кестесі барлық селолық округ әкімдерінде бар. Солар арқылы тұтынушылар мобильді топтың қай күні жұмыс істейтінін біліп отырады.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ