Қаладағы қолқаны қапқан қоқыс орнын жоюды тағы да кейінге қалдырды. Оны жабуға болмайды, ал Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ кезінде бюджетке миллиардтан астам теңгеге шыққан қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) жаңа полигоны санитарлық талаптарға сай келмейді.
Өткен жылы қазан айында Атырауға Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Республикалық экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр ЕРЕНШІНОВ жергілікті экология департаментіне қоқыс орнын жабуға нұсқау берді. Департамент бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, ол қолданыстағы полигонның жұмысын тоқтату туралы әкімшілік сотқа екі мәрте талап-арыз берген.
- Қазіргі уақытта қоқыс орны өртенген кезде біздің мамандарымыз анықтаған сұмдық фактілер жазылған материалды сотқа үшінші рет жолдап отырмыз. Мәселен, сынап рұқсат етілген мөлшерден 10 есе асып кеткен, ал бұл - онкология деген сөз. Біз мұны күн сайын жұтып отырмыз. Егер судья айыппұлмен шектелсе, қоқыс орнының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдамайынша, төртінші-оныншы қайтара жолдай береміз,- дейді Қуанов.
Дегенмен, судьялар мен жергілікті биліктің ұстанымын түсінуге де болады. Қоқыс орнын жабу оңай. Ал сонда қаланың қоқысын қайда шығарады? Жағдай тығырыққа тіреліп тұр. Өйткені, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тергеу салдарынан «тоқтап тұрған» жаңа ҚТҚ полигонының (суреттерде) орналасқан жері Атырау халықаралық әуежайының санитарлық-қорғаныс аймағының талаптарына сай келмейді. Оған сәйкес, қоқыс полигонын әуежайлардан 15 шақырым радиус жерде орналастыруға рұқсат етілмейді (қоқыс орнында құстардың көп мөлшері қоректенеді, бұл әуе кемелері үшін қауіпті болуы мүмкін. Сол үшін де шектеу қойылған). Сонда бюджет ақшаларының тағы да желге ұшқаны ғой.
- Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? – деп сұрадық Е.Қуановтан.
- Жаңа полигон салатын боламыз, шамамен Элеваторный маңынан шығар. Қалай болғанда да қаладан 20-30 шақырым жерде болады. Бірақ, бастысы, қолданыстағы қоқыс орнын жауып, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру керек. Жергілікті билік осының қамын ойластыруда. Мұның аса қиындығы жоқ. Бәрін топырақпен жауып, қоқыс газын өртеу үшін тұрбалар шығару керек. Бірақ егер қоқысты қазір жабар болса, жаңа полигон салынғанша қоқысты қайда тастайды? Экологиялық кодексте уақытша алаңдарда қалдықтарды орналастыру қарастырылмаған.
-Таяудағы жемқорлық жанжалдарынан кейін тағы бір полигонды салуға бюджеттен ақша бөлінер ме екен? Күн сайын улы шығарындыларды жұтып жатқан Атырау тұрғындарының еш кінәсі жоқ қой.
- Бастысы, біз де, жергілікті билік те қол қусырып отырмауымыз керек. Кешікпей қоқыс орнын жабатынымызға сенемін. Бір кездері, 2006 жылы буландыру стансасын да жапты ғой. Оның жабылатынына ешкім де сенбеп еді, - деп оптимизммен сөзін түйіндеді Қуанов.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суреттерді түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА